Қостанай облысында жаңа өндіріс орындары пайда болады

Қостанай облысында жаңа өндіріс орындары пайда болады

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов елордадағы брифинг барысында Тобыл аймағында жаңа зауыттар, орталық салынып, өндіріс орындары пайда болатынын айтты.

Олардың қатарында жүк техникасына арналған жетекші көпірлер шығаратын зауыттар бар. Мұнда 400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, арнайы шынжыртабанды техника шығаратын зауыт құрылысын бастау жоспарлануда. Өндірісті іске қосу өңір аумағында машина жасау кластерін дамытуға қосымша серпін береді.

“Осы жобалар бойынша бюджетке салық аударымдары жыл сайын 3 млрд теңгеден асады. Шығарылатын өнімді тұтынушылар агроөнеркәсіптік, тау-кен металлургиялық және мұнай-газ секторларының субъектілері, сондай-ақ коммуналдық кәсіпорындар болады”, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, Қостанайда екі бірдей көлік-логистика орталығы пайда болады. Атап айтқанда, «Құрғақ порт» («TEHNOPARK KZ» ЖШС,«Qostanay» ТЛК) салуға 37 млрд теңге жұмсалмақ. Осының арқасында 350 жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Мұнымен қоса, қытайлық Xianaiju (Сианьайзю) компаниясымен бірлескен логистикалық орталық құрылады. Жоба құны – 4,5 млрд теңге. Бұл 100 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Өңір басшысының айтуынша, облыста ірімшік өндіретін жаңа кешен пайда болмақ.

Президенттің тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге барынша көңіл бөлінеді. Қайта өңдеу бағытында 12 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оларға 80 млрд теңгеден астам инвестиция салу жоспарлануда. Солардың бірі – Deutsches Milchkontor GmbH технологиясын тарта отырып, ассортименті бай барлық түрдегі ірімшіктер өндіретін жаңа кешен салу («Милх» ЖШС). Бұл жоба ірімшік өндірісінің қуатын арттыруға, импортқа тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді. Жобаның құны – 7,2 млрд теңге. Жылына 2 мың тонна өнім өндіріледі деп болжанып отыр”, – деді Қ.Ақсақалов.

Өндіріске шамамен 35 қызметкер тартылып, желілер толығымен автоматтандырылады. Бұл жағдайда еңбек өнімділігі айтарлықтай ұлғаяды. Жаңа зауыт іске қосылса, өңделген сүттің үлесі 60% – ға дейін көбеймек.

Жаңалықтармен бөлісу