Судың да сұрауы бар

Судың да сұрауы бар

Жыл өткен сайын жер бетінде ауыз су тапшылығы айқын сезілуде. Біріккен Ұлттар ұйымының сарапшылары дүниежүзінде таза суға мұқтаж тұрғындардың көбейгенін айтуда. Бұл жағдай біздің елімізді де айналып өтпейтіні анық.

Негізінде, Үкімет тұрғындардың тұщы су ішуіне қажетті жағдайды жасауда. Әсіресе, 2000 жылдан бастап ауыл мен қаланың ауыз су жағдайын түзеуге белсене кірісті. Өткен жиырма жылда «Ауыз су», «Ақ бұлақ», «Өңірлерді дамыту», «Нұрлы жол», “Ауыл – ел бесігі” сияқты бағдарламалар бойынша көптеген елді мекендерде жаңадан сумен жабдықтау жүйелері салынды. Бірақ, ауыз суға жарымай отырған ауылдардың әлі де азаймағанын жоққа шығаруға болмас. Қазірдің өзінде еліміздегі ірі қалалардың іргесіндегі ауылдар тұщы суды тасып ішеді. Мысалы, Қостанай қаласынан 35 шақырым жердегі Айсары ауылының халқы әлі күнге ауыз суға мұқтаж. Олар таза суды қаладан тасып ішуде.
Біздің елімізде қазіргі пайдаланылатын жерасты су қоры Балқаш-Алакөл, Ертіс, Шу–Талас, Арал–Сырдария және Жайық–Каспий, Тобыл–Торғай, Есіл, Нұра–Сарысу су шаруашылығы бассейндерінде шоғырланған. Демографиялық өсімге байланысты және су тұтыну көздерінің көбеюінен бұл сулардың қоры жылдан-жылға азаюда. “Судың да сұрауы бар” деген сөзді қазақ халқы бекер айтпаса керек. Сондықтан, қолдағы бар суды ысырап етпей, үнемдеп пайдаланғанымыз жөн болар. Бұл туралы ел Президенті Қ.Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында айтып жүр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” деп аталатын Жолдауында су тапшылығы ел экономикасын тұрақты дамытуға кедергі болып отырғанын айтқан еді. Президент өз сөзінде: “Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтыруда. Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ, автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек” деген болатын. Су – тіршілік нәрі, табиғаттың баға жетпес байлығы. Сол байлықтың сарқылмауына жағдай жасап, қадірін білейік дегім келеді.

Нұрбол БАЙЗИРОВ,
Қостанай облыстық мәслихатының депутаты

Жаңалықтармен бөлісу