«AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалы алаңында Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев азаматтарды жеке қабылдап, тұрғындардың өзекті мәселелерін тыңдады. Қабылдауға партияның облыстық филиал төрағасы Алмат Досмұхамедов пен мемлекеттік орган өкілдері қатысты.
Кездесу барысында Береке шағын ауданы тұрғындары мен №31 мектеп ата-аналары жол қауіпсіздігіне қатысты ұжымдық өтініш білдірді. Тұрғындардың айтуынша, қарбалас уақытта көлік ағыны артып, жолға шығу қиындаған.
Аталған мәселе бойынша қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі полиция қызметімен бірлесіп жол қозғалысына талдау жүргізді. Нәтижесінде көшенің жол бөлігін кеңейту, сондай-ақ бағдаршам орнату немесе айналма қозғалыс ұйымдастыру жөнінде шешім қабылданды.

«Аталған учаскеде жол қозғалысын ұйымдастыру мәселесі Полиция басқармасының жол-техникалық инспекциясы қызметкерлерімен бірлесіп жан-жақты талданды. Жүргізілген сараптама нәтижесінде көшенің жол бөлігін кеңейту туралы шешім қабылданды. Нақтырақ айтқанда, К. Дөненбаева көшесінің белгілі бір бөлігі кеңейтіледі. Сонымен қатар аталған аумақта бағдаршам орнату немесе айналма қозғалысы бар жолайрық салу қарастырылуда. Бұл шешім көлік ағынын реттеп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған», – деп атап өтті қала басшысы.
Сонымен қатар қабылдау барысында Әуежай шағын ауданы тұрғындарының ұжымдық өтініші қаралды. Тұрғындар қоғамдық көлік бағыттарының жеткіліксіздігі мен аялдамалардың жай-күйіне қатысты мәселелер көтерді. Талдау нәтижесінде Әуежай, Береке және облыстық медициналық нысандар бағытын қамтитын жаңа екі автобус маршрутын ашу мүмкіндігі қарастырылып, оларды іске қосу жоспарланғаны айтылды.
Сондай-ақ шағын ауданда аялдамаларды кезең-кезеңімен жаңарту көзделген. Бұдан бөлек су айдыны аумағын абаттандыру мәселесі қозғалды. Қала әкімінің айтуынша, аталған аумақта көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі, жасыл желек отырғызу және аумақты ретке келтіру шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Қабылдау барысында жер телімі кезегі, тұрғын үй, газдандыру және әлеуметтік қолдау мәселелері көтерілді. Барлық сұрақтар бойынша тиісті түсіндірмелер беріліп, мәселелердің орындалуы қала әкімдігінің бақылауына алынды.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді ұсынған – «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі
