Қостанайға ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара академиясының мұғалімдері келіп, шекара қызметкерлеріне арналған іскерлік қазақ тілі курсын өткізіп жатыр. Екі апталық курсқа ҚР ҰҚК шекара қызметінің Қостанай облысы департаментінің қызметкерлерімен қоса, Солтүстік Қазақстан облысының әскери қызметкерлері де қатысуда.
Тәлімгерлер тыңдаушыларға әскери салада қолданылатын терминдердің қазақша аудармасын тереңдетіп оқытады.
– Білімімізді толықтырып жатқанымызға екі аптадай болды. Осы уақыт ішінде әскери салада қолданылатын терминдердің қазақша аудармасын үйрендік. Дәл мұндай курс бұрын болған емес. Мысалы, Калашников автоматы, Макаров тапаншасы бөлшектерінің қазақша атауын бұрын білмеген екенбіз. Соның бәрін үйрендік. Құжаттарды толтыру, сауатты жазудың бәрі де бізге қажет, – дейді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің Қостанай облысы бойынша департаментінің қызметкері Мадияр Ертілеуов.
Ал, Солтүстік Қазақстан облысы департаментінің өкілі Сәкен Ормантаев қазіргі аударманың өзі түсініксіз тілге айналып бара жатқанын айтады.
– Қостанайға курсқа қатысу үшін 7 адам келдік. Әріптестерімнің бәрі де құжаттармен жұмыс істейді. Бұл бізге мол тәжірибе болмақ. Қаншама құжат қолымыздан өтеді. Олардың сауатты рәсімделуі үшін білім керек. Курстан терминдердің дұрыс аталуын біліп жатырмыз. Әсіресе, қару-жарақтардың қазақшасын бұрын білмеген екенбіз. Аудармасы ғана емес, ол сөз қайдан шыққан, түбір сөзін, жалғау, жұрнақтары дегендей, түгелімен талдап, үйренудеміз. Құжаттар әзірлегенде қазақша жазамыз, бірақ сол аудармамыз кейде түсініксіз болып жатады. Ол ана тілімізді білмегендіктен емес, оның дұрыс аталуын, қолданысын білмегендіктен. Сол себепті де осындай курстардың берері мол, – дейді ол.
Гүлжан Мамаева – Алматыдан ҚР Қауіпсіздік комитеті шекара академиясынан келген ұстаз, профессор. Ол кісі қазіргі кезде қазақ тілінен бұрын аударма тілдің дамып келе жатқанын айтады.
– Кәсіби тілдер курсы ел көлемінде алғашқы рет ашылып отыр. Бұған дейін мұндай курс болмаған. Біздің әскери қызметшілер тілдер курсынан өтсе де кәсіби тілді қалыптастыру және әскери қызметшілердің сөздік қорын кәсіби терминдермен байыту жөнінде білім алмаған еді, – дейді Г.Мамаева.
Академия ұстазының айтуынша, қазір тек шекара саласында ғана емес, барлық салада ғылыми тіл әлі дамып, қалыптаспаған. Мамандар өз жұмысында кәсіби тілде дұрыс қарым-қатынас жасай алмайды. Оның бір шешімі – ғылыми терминологияны жөнге келтіру.
– Қазақ тіліндегі ғылыми терминология дамымай, бір жүйеге келмей, біздің ісіміз алға баспайды. Менің мақсатым – шекара саласында осы кәсіби тілді қалыптастыру. Қазақ тілін барлығы біледі. Ал кәсіби тілді екінің бірі біле бермейді. Мәселен, бүгін атыс дайындығы тақырыбын өттік. Тапаншаны бөлшектеу, жинау тәртібін қазақша да сауатты жеткізуге болады. Тыңдармандар сабақ өткен соң бұл тақырыпта да емін-еркін сөйлеуге болатынын түсінді. Әрбір бөлшектің қазақша атауы бар. Қызметтік құжаттарды біз бүгінде тура аударып, калька тәсілімен толтырып жүрміз. Осы құжаттардың қазақша нұсқасын оқимыз да көбіне өзіміз де түсінбейміз. Бұл тек шекара саласындағы проблема емес, бұл барлық салада бар. Қазіргі таңда қазақ тілі емес, аударма тілі дамып жатыр. Сондықтан менің басты мақсатым – әскери қызметкерлерге қазақ тілінде құжат толтыруды, орыс тілінен сауатты аударуды үйрету, жазбаша сауаттылықты дұрыстау. Грамматикалық, пунктуациялық қателерге жол бермеу. Біз әзірге шекара саласында ғана курстар өткізудеміз. Егер басқа әскери құрылымдар шақырып жатса баруға әзірміз. Екі апталық курстың берері мол. Сабаққа қазақ мектебін бітірген, тілдік деңгейі ортадан жоғары, қазақ тілді азаматтар қатыссын деген талабымыз бар, – деп ой бөлісті профессор.