Бүгін Қостанайдағы «Жастар сарайы» ғимаратында ХІІІ «АгроҚостанай –2026» көрмесі өтті. Дәстүрлі жиында ауыл шаруашылығы саласына қатысы бар қауым бас қосты.
«АгроҚостанай» – өндірушілерді, тапсырыс жеткізушілер мен дилерлерді, фермерлік шаруашылықтарды, сервистік және қаржылық компания өкілдерін бір арнаға тоғыстыратын, елдің солтүстік аймағындағы маңызы зор салалық алаң.

Кең ауқымды көрмеге ауыл шаруашылығы техинкасының түр-түрі, әр алуан компанияның өнімдері, инновациялық технологиялары қойылған. Сондай-ақ бұл жерден құрылғы-құралдар, қосалқы бөлшектер, тұқым сұрыптары және агрохимия өнімдерін табуға болады. Қатысушылар үшін әріптестікті дамытуға және компаниялар мен кәсіпкерлер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты ынталандыруға бағытталған «АгроЖұма« акциясы да ұйымдастырылды.




«Көрме жұмысында әдеттегідей саланың жаңа жетістіктері көрсетіледі. Ауыл шаруашылығының бүгінгі өзекті мәселелері талқыға түседі. Мемлекет басшысы осы жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялағанын білесіздер. Сондықтан қазір аграрлық секторды цифрландыруға ерекше ден қойылып отыр. Технологиялық шешімдер енгізу, техниканы қашықтан басқару, өндірісті толық автоматтандыру, роботтандыру осы күннің басты қажеттілігіне айналды. Биылғы көрменің артықшылығы да осыған бағдарлануында», – дейді облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхамедов.
Оның айтуынша, биыл облыста 5,1 млн гектар жерге егін егіледі. АӨК саласын субсидиялауға өңірімізге 85 млрд теңге бөлінген. Бұл – өткен жылдан екі есе көп сома. Төлем осы айда басталды. Қазір арзандатылған дизельдік отын жеткізіле бастаған. Техника жаппай жөнделіп жатыр. Алдағы егіс жұмыстарын қаржыландыру да белсенді жүргізілу үстінде.
Көрме аясында өткен «Солтүстік альянс« аграрлық форумында бұл тақырып кеңірек қозғалды. Онда көктемгі егіске дайындық мәселесі, субсидиялау ережелеріне енгізілген өзерістер талқыланды. 


Оның соңы іскерлік кездесулерге ұласты. Ауыл шаруашылығы техникасы мен цифрлық шешімдер көпшілікке таныстырылды. Облыстың әр өңірінен келген диқан-шаруалар толғандырған сұрақтарына жауап алды.

Толығырақ – газеттің алдағы санында.
Суреттерді түсірген – Василий Васильев
