Аймақта туристер үшін қандай қызықты маршруттар ұсынуға болады? Жалпы Қостанай өңірінің туризмін дамыту үшін қандай жұмыстар қолға алынып жатыр? Бұл туралы Қостанай облысының кәсіпкерлік және индустиралық-инновациялық даму басқармасының туризм бөлімінің жетекшісі Ажаркүл Әлсүповамен тілдескен едік.
– Ажаркүл Айдарбекқызы, Қостанай облысының туризмі дегенде Науырзым мемлекеттік табиғи қорығы бірден ойға оралады. Жалпы, келушілерге қанша бағыт бойынша қызмет көрсетіледі? Туристік маршрут құрылған ба?
– Облыста жергілікті тұрғындардың да, облыс қонақтарының да қызығушылығын тудыратын нысандар бар. Туризм саласын бірнеше бағытқа бөліп қарастыруға болады. Оның ішінде түрлі бағыттағы 30-дан астам туристік маршрут әзірленген. Олар облыс орталығына экскурсиялар, демалыс күні турлары, оқиғалы, мәдени-танымдық және киелі орындарға бару тур-маршруттары. Қазақстанның солтүстік өңірлері арасында теңдесі жоқ «Therma park» бірегей СПА-кешенін аралай отырып, жаңа тур-маршрутты іске қосты, сондай-ақ сол арқылы облыс орталығының көрікті жерлеріне баруға мүмкіндік бар. Иә, Науырзым қорығын экологиялық туризмнің орталығы деп айтуға болады. Қазіргі уақытта тыйым салынған аймақтың жалпы ауданы 191 381 га. Қорғау аймағының жалпы ауданы 116.7 га. Қорық аумағына бірегей аралша тәріздес қарағайлы ормандар кіреді. Ботаникалық қызығушылық пен эстетикалық маңыздылықтан басқа, жыртқыш құстардың сирек кездесетін түрлерінің популяциясын сақтау өте маңызды. Олардың ішінде қорымды бүркіттің ең үлкен популяциясы (30-дан астам ұя салатын жұп), балобан, ақ құйрықты бүркіт және бүркіттің тұрақты популяциясы бар. Қорық аумағында орнитофаунаның аса сирек кездесетін және жаһандық қауіп төнген түрлерінің көптеп шоғырлануы байқалады. 33 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына және 20 түрі Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл кітабына енгізілген. Туристерге ыңғайлы болу үшін оның аумағында 6 бағыт әзірленген, қазір жұмыс істейді, олар самалжай, ақпараттық стендтер, қоқыс жәшіктері, дәретханалар, орындықтармен жабдықталған. Сондай-ақ, қорық аумағында абаттандырылған қонақ үй бар. Одан басқа, «Сосновый бор» шипажайын атап өтуге болады. Онда республика тұрғындары да, басқа елдердің азаматтары да жиі демалады және емдік процедуралар алады. Шипажай аумағында минералды су және сульфатты балшық бар көл, қарағайлы орман алқабында орналасқан және емдік, диагностикалық, профилактикалық қызметтердің, су және балшықпен емдеудің, климаттық терапияның үлкен тізімін ұсынады. Тағы облыс аумағында 60-қа жуық геоглиф анықталды, барлығы Торғай өңірінде орналасқан, олар тек биіктен жақсы көрінеді.
– Мәдени-танымдық туризмнен де қалыс қалмаймыз. Бізде тарихи ескерткіш көп. Ал соларға қызығып барушылар бар ма?
– Бұл бағыт бойынша көрікті жерлерге, мұражайларға, тарихи және сәулет ескерткіштеріне баруға болады. Айталық, облыста 725 тарихи және мәдениет ескерткіштер, оның ішінде 29 киелі орын (19 өңірлік, 10 жалпыұлттық маңызы бар) бар. Облыстың аудандары мен қалаларында туристерді қызықтыратын нысандар қатарына Кейкі батыр кесенесі, Аманкелді ауданында Құтан әулие мазары, Қостанай ауданында Ыбырай Алтынсарин кесенесі, Сарыкөл ауданында Барақ батыр кесенесі, Арқалық қаласында Екідің I, Екідің II; Меңдіқара ауданында Косьма және Дамиана шіркеуі, Ұзынкөл ауданында Әулие Николь шіркеуі, Жанкелдин ауданындағы мұражайлар кешенін жатқызуға болады. Облыстың оңтүстік аудандары (Аманкелді, Жанкелдин, Науырзым және Арқалық қ.) мәдени-танымдық туризмді дамыту үшін үлкен әлеуетке ие, онда қазақ халқының тұрмысы мен әдет-ғұрпының көптеген элементтері сақталып қалған. Бұл аудандарда өлке тарихы мен қазақ этносының ескерткіштері көп. Сондай-ақ, ежелгі қазақ қолөнері (киіз үйлер, ұлттық аспаптар және т.б. дайындау) сақталған, бұл басқа халықтардың тұрмысы мен әдет-ғұрпын зерттеуге келетін туристер үшін құндылық екені сөзсіз.
Соңғы үш жылдың көрсеткішіне көз жүгіртсек… Шетелдік туристерді қоса алғанда демалыс орындарының қызметін қанша мың адам пайдаланды? Көрсетілген қызметтің жалпы құны қанша?
– Өзіңіз білесіз, коронавирус індетінен көптеген іс тұралап қалды. Оның салдары осы саланы да айналып өтпеді. 2020 жылы қабылданған шектеу және карантин шаралары туристік салаға да кері әсерін тигізді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша туристер ағыны айтарлықтай төмендеді. Сол жылы біздің облысқа Қазақстанның 135 мың азаматы, ал шетелден 7 мың турист келді. 2021 жылы өңірде 202 мың ҚР азаматы мен 13,5 мың шетелдік аралаған, ал 2022 жылы сапарлап келген азаматтар ағыны 150 мыңнан асса, шетелдіктер саны 28,6 мың адам. Статистикалық деректер орналастыру объектілерінің, дәлірек айтсақ, қонақ үйлер, балалар лагерлері, кемпингтер және өзге де қызметтің көрсеткіштері негізінде қалыптасатынын атап өткім келеді. Яғни, статистика органдары орналастыру орындарында ресми тіркелген азаматтарды ғана ескереді. Бірақ облысқа келіп, туыстары, достарында тоқтайтын, уақытша тұру үшін пәтер жалдайтын адамдардың санатында ескерген жөн. Мен келтірген статистика туристік ағымның толық көрінісін көрсетпейді. Қызметтің құнына тоқталар болсам, 2019 жылы орналастыру орындарында көрсетілген қызметтер көлемі 1 млрд 837,8 млн теңге, ал 2020 жылы – 980,2 млн теңге, төмендеуіне пандемия себеп. 2021 жылы біртіндеп өсім байқалады және жыл қорытындысы бойынша орналастыру орындарында көрсетілген қызметтер көлемі 1 млрд 841,1 млн теңгеге, ал 2022 жылдың 9 айында – 1 млрд 824,9 млн теңгеге жетті. Бұл сандар да нақты көрсеткіш емес екенін білген жөн. Тек қонақ үйлер, демалыс базалары мен кемпингтер ұсынған деректер. Туристер бұл нысандардан бөлек, театрларға, қоғамдық тамақтану орындарына, сауда объектілеріне, аквапарктер мен термопаркке барады. Осылайша, жалпы туризм саласы аймақтың экономикалық дамуына мультипликативті әсер ететінін атап өтуге болады.
– Биыл жүзеге асырылатын қандай ірі жобалар бар?
– Облыста туризм саласындағы нысандарды салу бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру жүргізілуде. Мәселен, 2022 жылы Бейімбет Майлин ауданындағы «Параллель» турбазасында тұрғын үйлердің, Әулиекөл және Қостанай аудандарындағы жол бойындағы сервис объектілерінің, Әулиекөл ауданы мен Лисаков қаласындағы ойын-сауық кешендерінің құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, Рудный қаласында қалалық жағажай аумағын абаттандыру, спорттық жабдықтар, балалар спорттық-ойын алаңдары орнатылды. Бұдан басқа, Жітіқара, Ұзынкөл, Меңдіқара ауданында және Арқалық қ. орналасқан бірқатар объектілерді қайта жаңарту және күрделі жөндеу жүргізілді. Тағы туристік нысандардың құрылысы жүргізілуде, оларды аяқтау 2023-2025 жылдарға жоспарланған. Туризм саласындағы аса маңызды жобалардың бірі Аманкелді ауданында көпфункциялы туристік кешен салу. Жобаны іске асыру 2020 жылдан бастап жүргізілуде. Бастамашы – «Тілеп» жеке қайырымдылық қорының президенті Сапар Ысқақұлы. Туристік кешен мұражай, қоғамдық тамақтандыру объектілері, қонақ үй, сақ саунасы, субұрқағы бар бассейн, ойын алаңдары, сәулет ескерткіштерінің көшірмелері: Тәж-Махал, Мысыр пирамидалары, Амфитеатр, Торғай геоглифтері орналасқан сәулет саябағы ретінде салынады. Осы жылы Арқалық тігін цехының бұрынғы ғимаратын қонақ үй кешеніне (кафе, кофехана, СПА-салон, қонақ үй) қайта жаңартуды аяқтау жоспарлануда. Қостанай ауданында «TOBYL BEACH» демалыс базасының, сондай-ақ Алтынсарин ауданында туристер тұруға арналған коттедж үлгісіндегі 5 үйдің құрылысы жүргізілуде.
– Туризм саласын дамытам деген кәсіпкерлер үшін қандай қолдау тетіктері қарастырылған?
– Қазір республикада туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама жұмыс істейді. Кәсіпкерлер үшін 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылған мемлекеттік қолдау шаралары бор. Қолданыстағы ережелерге сәйкес жергілікті атқарушы органдар, яғни Кәсіпкерлік басқармасы арқылы туристік объектілерді (қонақ үйлер, демалыс үйлері, демалыс базалары және т.б.) және жол бойындағы сервис объектілерін (мотельдер, кемпингтер, тамақтану және сауда пункттері бар ТҚҚ және ЖҚС және т.б.) салуға, реконструкциялауға жұмсалған шығындардың 10% өтеледі. Осылайша, өз қызметін туризм саласында жүзеге асыратын бизнес субъектілерін қолдау, сондай-ақ туристік объектілер мен жол бойындағы сервис объектілерінің санын ұлғайту жоспарлануда. Сыйымдылығы сегіз орыннан асатын автокөлік құралдарын сатып алуға жұмсалған шығындардың автокөлік құнынан 25% өтеледі. Бұл бағдарламаның мақсаты – елімізде жеке кәсіпкерлер ретінде, туроператорлар мен турагенттер үшін қызметін жүзеге асыратын гидтер, экскурсия жүргізушілер, туризм нұсқаушылары үшін автомобиль көліктерінің қолжетімділігін арттыру. Бұл шара турбизнеске өз көлігін алуға мүмкіндік береді, сондай-ақ туристердің қауіпсіздігі мен жайлылығын арттырады. Бұдан басқа, осы жылдан бастап туристер үшін тартымды аумақтарда орналасқан санитариялық-гигиеналық тораптарды және оларға баратын жолдарды күтіп-ұстауға ай сайын 83 мың теңге мөлшерінде шығындар өтеледі. Бизнес субъектілерінің жеке тұрған санитариялық-гигиеналық тораптарды субсидиялауға жұмсалатын шығындардың бір бөлігін өтеуге өтінім беру мүмкіндігі бар.
– Өзіңіз демалысыңызды қайда өткізесіз?
– Қазақстанда демалуға баруға болатын жерлер өте көп. Ең қынжылтатыны – біздегі инфрақұрылымның нашарлығы. Жол мәселесі көп жерлерде қиындық тудырады. Тұзды көл жағасында жағдай жасалмаған. Осы жылы Жанкелдин ауданының тұрғындары жазғы лагердьі ұйымдастыруды қола алғалы жатыр. Жоба сәтті жүзеге асар болса келушілер табылары сөзсіз. Ең бастысы, қолайлы жасалған кезде, келушілер де арта түседі. Өз басым отбасыммен кейінгі демалысымды Алматыда өткіздім.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген Әсел ҚИБАШ