Қостанайда жаңа Конституция жобасы талқыланды

Қостанайда жаңа Конституция жобасы талқыланды

Бүгін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған кездесу өтті. Іс-шараға қаланың педагогикалық қауымдастығы, мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдардың директорлары, сондай-ақ Қостанай қаласы білім бөлімінің қызметкерлері қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар Конституция жобасының негізгі ережелерімен танысып, ұсынылып отырған өзгерістерді жан-жақты талқылады. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайту және азаматтық қоғамды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің ректоры Сейітбек Қуанышбаевтың айтуынша, жаңа Ата Заң – «Жаңа Қазақстанды» қалыптастыру жолындағы стратегиялық құжат.

– Бұл құжат жай ғана заңдар жиынтығы емес, ол – жасанды интеллект дәуіріне қадам басқан еліміздің жаңа саяси және қоғамдық бейнесі. Жаңа Конституция жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында айтылған бастамалар негізінде әзірленіп, халықтың тікелей қатысуымен дайындалды. Алты ай ішінде e-Otinish және eGov порталдары арқылы 2000-нан астам ұсыныс түсті, – деді ректор.

Жаңа Конституцияда білім мен ғылымға, мәдениет пен инновацияға ерекше басымдық берілген. «Мемлекеттің болашағы табиғи байлықпен емес, адами капиталмен анықталады» деген қағида конституциялық деңгейде бекітілмек. Бұл білім беру жүйесінің, мұғалім мәртебесінің және мектептің рөлін күшейтуді көздейді.

blank blank Сондай-ақ құжатта бірқатар саяси және құқықтық жаңашылдықтар ұсынылған. Атап айтқанда, бір палаталы Парламент – Құрылтай құру, вице-президент институтын енгізу, Қазақстанның Халық Кеңесін қалыптастыру және азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау нормаларын бекіту қарастырылған.

blank

Отбасылық құндылықтарға қатысты неке ер адам мен әйел адамның ерікті одағы екендігі нақты айқындалып, заң алдындағы жауапкершілік пен адам құқықтарын қорғау тетіктері күшейтіледі.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, Конституция жобасын жетілдіруге бағытталған ұсыныстарын ортаға салды. Мұндай талқылаулар азаматтардың құқықтық мәдениетін арттырып, мемлекеттік маңызы бар үдерістерге белсенді қатысуына мүмкіндік береді.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген Константин Вишниченко