«AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі өңірлік қоғамдық кеңес мүшелері «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында кезекті мониторингтік рейдке шықты.
Мобильді топ құрамында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Несібелі Басенова бастаған кеңес мүшелері, медицина мамандары, полиция өкілдері мен партия қызметкерлері болды. Жұмыс тобы бір күн ішінде қала аумағындағы бірнеше мекенжайды аралап, ауыр өмірлік жағдайда қалған отбасылардың тыныс-тіршілігімен танысты.

Мониторинг барысында әр отбасының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жіті тексеріліп, өзекті проблемалық сұрақтар анықталды. Барлық анықталған деректер хаттамаға енгізіліп, алдағы уақытта оларды шешу бойынша кешенді жұмыс жоспары құрылды.

Жоба жетекшісі, Қостанай облысындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Несібелі Басенова мониторинг нәтижесі бойынша:

«Бүгінгі рейд барысында біз нақты 4 отбасының жағдайын көрдік. Әр үйдің өз тағдыры, өзіндік қиындықтары бар. Біз барлық түйткілді мәселелерді тізіп алдық. Ендігі кезекте «Бақытты отбасы» жобасын іске асыру мақсатында біздің Кеңес осы проблемаларды шешуге күш салады. Біз әр отбасына нақты көмек көрсету үшін басқа да мемлекеттік органдарды тартамыз. Біздің басты міндетіміз – әрбір отбасының мәселесін соңына дейін жеткізіп, оң шешілуіне ықпал ету», – деді.
Мобильді топ анықталған мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға тиісті ұсыныстар жолдайды.
«AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясындағы бұл мониторингтік жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, әрбір дағдарысқа ұшыраған отбасының қалыпты өмірге оралуына жағдай жасамақ.
Сандуғаш БЕКМҰРАТ,
ҚӨУ студенті
Суреттерді тұсынған – «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі
