Тұтынушы өзінің құқығын толық біле ме? Көбіне қай салаға шағым көп? Адамдар алданып қалмауы үшін не істеуі қажет? Қостанай облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Мырзахан Ерқанов облыс әкімдігінде өткен жиында кеңінен баяндап берді.
Өткен жылы тұрғындардан келіп түскен шағым көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 3 есе артқан. Департамент басшысының айтуынша, түсіндіру жұмыстары оң нәтиже беріп, халық белсенділік танытқан.
– Тұтынушылардың көбі бөлшек сауда, тұрмыстық қызметтер, электронды сауда, қоғамдық тамақтану, ТКШ, қаржылық қызметтер сынды салалар бойынша жүгінеді. Тарқатып айтатын болса, тұрмыстық қызмет яғни, шаштараз және косметологиялық салондардың қызметі, жиһаз жасау мен жөндеу, химиялық тазалауда бұзушылық көптеп кездеседі, – деді Мырзахан Ерқанов.
Сондай-ақ, тұтынушылардың көбі онлайн сауда жасауда алданып қалып жатады екен. Әсіресе Instagram әлеуметтік желісі арқылы сан соқтырып кететіндердің қарасы көбейген.
– Мысалы, бір қыз Instagram арқылы көйлекке тапсырыс берген, тауарды қолына алған соң оның өлшемі келмеген. Заңның 14-бабына сәйкес, ол 14 күнтізбелік күн ішінде Заңда белгіленген шарттарды сақтай отырып, тауарды қайтаруға құқылы. Алайда, сатушы ақшаны қайтарудан бас тартқан, артынша парақшасын бұғаттап тастаған. Зерттеу кезінде тұтынушыда сатушы туралы ешқандай дерек болмай шықты. Яғни, аты-жөні, мекенжайы, телефон нөмірі, салық органдарына тіркелгені туралы деректер анықталмады, – дейді департамент басшысы.
Департамент өкілдері жоспардан тыс тексерулер жүргізеді. Нәтижесінде 2021 жылы 4 тексеріс жүргізіліп, 72,9 мың теңге әкімшілік айыппұл салынған. Былтыр 8 тексеріс болып, 428,8 мың теңгеге әкімшілік айыппұл салған. Кәсіпкерлер көбіне тұтынушылардың жазбаша талаптарына, тауарды айырбастауға немесе қайтарып алудан бас тартқан. Бұдан бөлек, өткен жылы тұтынушылардың 27,9 млн теңге қаржысы қайтарылған.
– Қөбіне қарт кісілер жүгінеді. Алаяқтар егде адамдардың атынан 300 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін несие рәсімдеген. Алдап соғарлардың тұрғылықты кеңселері жоқ. Олар көбіне ірі қалаларда қонақүйлер мен мейрамханаларда үй-жайларды жалға алып отырады. Осылайша тұтынушыға қоңырау шалып, өзінің қызметін ұсынады. Қандай да бір тауарды жеткіземіз деп ақшасын алып алады немесе тауар сапасы сын көретмейтін болып шығады, – дейді Мырзахан Ерқанов.
Өңір басшысы Құмар Ақсақалов халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту керектігін тапсырды.
– Елімізде құқық нарығы белсенді жұмыс істейді. Өкінішке қарай, тұтынушылардың басым бөлігі өз құқығын білмейді. Олқылықтың орнын толтыру үшін құқықтық сауаттылықты арттыру шаралары қолға алынсын. Бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желі арқылы ақпараттық жұмысты күшейту қажет. Сондай-ақ, “e-tutynushy.kz” платформасын халық арасында насихаттау қажет, – деді облыс әкімі.
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ