Қостанай облысында 3,4 мың адам еңбекке қабілеттілігінен айырылған, сондай-ақ 3 мың отбасы асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша есепте тұр. Аталған санаттағы азаматтар мен отбасыларға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) арқылы ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемдер тағайындалады. Сонымен қатар 2025 жылдың қаңтар айынан бастап әлеуметтік төлемдер 10%-ға артты.
Атап айтқанда, 11 ай ішінде өңірде, 4,5 мың адамға еңбекке қабілеттілігінен айырылғаны үшін 1,8 млрд теңге, 3,4 мың отбасыға асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 1,4 млрд теңге көлемінде әлеуметтік төлем төленді.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры 2005 жылдан бастап ҚР Әлеуметтік кодексінде көзделген әлеуметтік қатерлер туындаған кезде жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғаудың қосымша деңгейін іске асырып келеді. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржы ресурстары жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын тұлғалар төлейтін әлеуметтік аударымдар есебінен қалыптастырылады.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесі 5% болып белгіленді. Сондай-ақ осы жылдан бастап азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтін тұлғалар да жүйеге қосылды. Ал 2026 жылдан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы салық режимін (АСР) қолданатын азаматтар да міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болады. Бұл санат үшін әлеуметтік аударым мөлшерлемесі табыстың 1%-ын құрайды.
МӘСҚ Қостанай облыстық филиалының директоры Наталья Юдинаның айтуынша, әлеуметтік аударымдарды есептеу кезінде алынатын табыс республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі жалақының 7 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс. Республика бойынша бүгінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне 6,9 млн-ға жуық жұмыс істейтін азамат қатысады, ал 1,3 млн-нан астам адам жыл сайын МӘСҚ-тан әлеуметтік төлем алады. Жүйе екі негізгі ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемді көздейді. Еңбекке қабілеттілігінен айырылу жағдайына және асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты төлемдер.
Бұл төлемдер мүгедектік пен асыраушысынан айырылу бойынша бюджет есебінен төленетін базалық мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша ретінде жүзеге асырылады және Үкімет шешімімен жыл сайын индексацияланады. 2025 жылдың 11 айында Қостанай облысында 4,8 мың болашақ ана жүктілікке және босануға байланысты 5,6 млрд теңге, 15,4 мың адам бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша 8,4 млрд теңге көлемінде әлеуметтік төлем алды.
Жұмыстан айырылу жағдайына байланысты төлем де маңызды қолдау тетігі. Мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар жұмыстан шығу себебіне қарамастан бұл төлемді ала алады. Өңірде 11 айда 12,9 мың адамға осы мақсатта 5,0 млрд теңге төленді.
Әлеуметтік төлемдердің мөлшері әр азаматқа жеке есептеледі және МӘСҚ-қа аударылған әлеуметтік аударымдардың уақтылы әрі толық төленуіне тікелей байланысты. Осыған орай, азаматтар өз аударымдарын egov.kz порталы, екінші деңгейлі банктердің мобильдік қосымшалары, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» бөлімшелері арқылы тексере алады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша МӘСҚ көрсеткен мемлекеттік қызметтердің 70%-дан астамы электрондық форматта ұсынылды. Ал 15 қазаннан бастап әлеуметтік төлемдерді автоматты түрде тағайындауға арналған пилоттық жоба іске қосылды. Бұл жоба қызмет көрсету мерзімін бір жұмыс күніне дейін қысқартуға және рәсімдердің ашықтығын арттыруға бағытталған.
Екі айдың ішінде жүйе Қостанай облысы бойынша 1608 өтінішті қаралса, оның 766-сы бойынша шешім автоматты түрде оң қабылданған. Жалпы, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының басты мақсаты – әлеуметтік қатерлер туындаған жағдайда азаматтардың әділ әлеуметтік төлем алуына жағдай жасау, халықты ресми жұмыспен қамтуға ынталандыру және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суретті түсірген – Василий Васильев
