Қаладағы облыстық әмбебап — ғылыми кітапхананың құрылғанына – 55 жыл. Мерейлі мерейтой алғашқы қатарда Дала өлкесі тарихы музейінде томағасын сыпырды.
Арнайы көрме қойылып, мекеме туралы мәліметтер, архив суреттер көрермен назарына ұсынылды.

Әмбебап кітапхана тарихы қала тарихымен тығыз байланысты. Арқалық қаласының іргетасы ресми түрде 1956 жылы мамыр айында қаланды.

Мерейлі мереке қарсаңында музей шаңырағында көрініс тапқан кешке көп жылдар бойы кітапхананың Өнер бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған, «Кітапхана ісінің үздігі», «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» Әлия Әубәкірова, Балалар бөлімінің меңгерушісі, «Кітапхана ісінің үздігі», «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» Сандуғаш Есмағамбетова, Өнер бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы, жас маман Сымбат Сейтмағамбетова құрметті қонақ болып, төрден орын алды. Қонақтармен сұрақ – жауап өрбіп, озық тәжірибе иелерінің өнегелі өмір жолдары үлгі етілді. Сондай — ақ, кітапхана басшысы Сәуле Алматова, ардагер кітапханашы Зайра Сансызбайқызы сынды майталман кітапханашылар да қатысып, кітапхана ісінің маңыздылығына тоқталды.

Бұрын ел болмаған жапан далада қала салынуына осы өлкеде қазынаның мол қорының көзі ашылуы себеп болды. Қазақ КСР Жоғары Кеңес Президиумының Жарлығына сәйкес 1970 жылғы 23 қарашада орталығы Арқалық қаласы болып Торғай облысы құрылды. Қазақ КСР-нің Министрлер кеңесінің қаулысымен 1971 жылы 27 қаңтарда облыстық кітапхана ашылды.

«Кітапхана мен музей – ел тарихы мен мәдениетінің, руханиқазынасының алтын қоры. Екеуінің де басты мақсаты – халықтың танымын кеңейтіп, ұлттық мұра мен білімді келер ұрпаққа жеткізу. Кітапханада адам өз ой-өрісін кеңейтіп, білімін арттырса, музейде ол сол білімнің нақты көрінісін, тарихи жәдігерлер арқылы өткеннің ізі мен елдің мәдени мұрасын таниды. Сондықтан да кітапхана мен музейдің бірлескен жұмысы – мәдени-ағартушылық іс-шаралардың, көрмелер мен кездесулердің тиімді өткізілуіне мүмкіндік береді. Бұл екі мекеме – халықтың санасын тәрбиелейтін, рухани байлыққа жетелейтін қос қанат іспетті», – дейді музей басшысы Рауан Терек.
Тағылымды кеште кітапты өз өмірлеріне мәңгілік серік еткен жандарға Алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
