Қазақтың көрнекті ақыны, филолог ғалым, ұстаз, ұлт руханиятының жанашыры, даңқты жерлесіміз Серікбай Оспанұлының марапат қоржыны тағы бір елеулі наградамен толыға түсті.
Қастерлі қаламгерге әлемдік «Ұлы қазақ» бірлестігі «Ана тілі» орденін табыс етті. Серікбай ағамыз бұл марапатты Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда ана тіліміздің абыройын асқақтатып, оның дамуына, жас ұрпаққа насихатталуына зор үлес қосқаны үшін иеленіп отыр.
Бұдан бөлек, ақын былтыр 80 жас мерейтойына орай «Парасат» орденінің, «Қазақстанның құрметті жазушысы» медалінің, «Farabi» алтын медалінің иегері атанды. Ал 2024 жылы «Қостанай облысының құрметті азаматы» атағын иеленген еді. Қолынан қаламы түспеген ізденімпаз жазушының өткен жылы өңіріміздің ғана емес, қазақ елінің рухани мұрасына қосқан құнды, құнарлы еңбектері де аз болған жоқ. Атап айтсақ, 2025 жылы өмірдің мәні туралы толғаныстан туған мазмұны терең «Ақ пен қара» экзистенциалистік еңбегі, «Өмірбаян», «Ақынның жаны» жыр-өлең жинақтары, «Домбыра» аталатын автордың өлеңіне жазылған әндер жинағы, «Ыбырай жолы» монографиясы жарық көрді. Қазір де жаңа еңбектер жазу үстінде.
«Менің соңғы жазып жүрген дүниелеріме ортақ мазмұн – адамгершілікті қайтару мұраты. Біз ізгіліктен, мейірімнен алыстап кеттік. Жақсы әдебиеттанушы Амангелді Кеңшілікұлының «Мен сені сағындым, адамгершілік!» деген керемет сөзі бар еді. Расымен де бұл іздеуіміз, жоғалтып алмауымыз керек басты құндылығымызы, өміріміздің ауадай қажет болатын мәні. «Ақ пен қараны» және өзге де өлең жинақтарын жазуыма түрткі болған ой осыдан туындады. Енді қазір «Бесік» деп аталатын кітап жазып жатырмын. Бұл да ұлттық руханият, салт-сана, қазақы дүниетаным, тәлім-тәрибе мәселесін қозғайтын бағалы еңбек болады деп ойлаймын», – дейді ағамыз шығармашылығы туралы сұрағанымызда.
Айтқандай, таяуда ғана Алматыдағы «АТА Creative Hub» баспасы «Балалар әдебиетінің бағбандары» сериясымен «Серікбай» аталатын лебіз-ілтипат кітабын шығарып, ағамызға айрықша тосынсый жасады. Мұнда Серікбай Оспанұлының қайраткер-қаламгерлік, тұлғалық болмысы туралы мақалалар мен естерілктер жинақталған.
Жалпы, ақынның 70-ке жуық авторлық кітабы, 60-тан астам құрастырған және ұжымдық жинағы бар, баспа беттерінде жарық көрген зерттелім мақалалары, тарихи-танымдық жазбалары өз алдына бір бөлек әлем. Көрнекті жазушының қаламынан әлі талай құнды еңбектер туындап, ұлт руханиятына орасан олжа болып қосылады деп сенеміз.
