Цифрландыру жай ұран емес, күнделікті өмірдің нақты құралына айналып келеді. Егін алқабына, емханаға, өндіріс цехына, ауылдағы байланыс мұнарасына енгізіліп жатқан жаңа технологиялар өңір тұрғындарының тұрмыс сапасын өзгертуде. Осы бағыттағы жұмыстар Мәжіліс депутаттарының Қостанай облысына жасаған жұмыс сапары барысында жан-жақты талқыланды.
Бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі Парламент Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері қатысқан«Цифрлық мемлекет: аймақтық аспект» тақырыбындағы дөңгелек үстел басында да кеңінен айтылды.
Мәжіліс төрағасының орынбасары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Альберт Рау жиында Қазақстан цифрландыру деңгейі бойынша әлемде көшбасшы орынға ие екенін мәлімдеді.
«Бүгінде цифрландыру тәжірибе де, ведомстволық жоба да емес, бұл – мемлекеттің стратегиялық бағыты. Былтыр Мәжіліс жасанды интеллект туралы заң қабылдап, аталған құжат ЖИ технологияларын жауапкершілікпен әрі қауіпсіз пайдаланудың негізін қалады. Сонымен қатар деректер, цифрлық платформалар, сервистер және «ақылды өңірлер» саласындағы нормаларды жүйелейтін Цифрлық кодекстіәзірлеу жұмысы аяқталуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бағдарламалық сұхбатында атап өткендей, Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек, себебі бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы. Сондықтан Президент 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылыдеп жариялады», – деді Мәжілістің вице-спикері.

Қостанай облысында цифрлық трансформация қазірдің өзінде нақты нәтиже беріп отыр. Өңірдегі агроөнеркәсіп кешенінде өсімдік шаруашылығы бағытында 238 цифрлық фермажұмыс істейді. Онда дәлме-дәл егіншілік пен мониторинг элементтері кеңінен қолданылуда. Ал өндіріс саласында 49 өнеркәсіптік роботпайдаланылуда.
Бұл шешімдер шығындарды азайтып, еңбек өнімділігін арттырып, өңір экономикасының жаңа технологиялық базасын қалыптастыруда.

Денсаулық сақтау саласын цифрландыруға ерекше назар аударылды. Облыста жасанды интеллект қолданылатын PACSжүйесініңтолық ауқымды жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жүйе облыстық және қалалық деңгейдегі 18 медициналық ұйымдықамтиды. Жоба онкологиялық ауруларды, туберкулез бен пневмонияны ерте кезеңде цифрлық тұрғыда анықтауға мүмкіндік береді. Өңірдегі медициналық ұйымдарға 100 пайыз кешенді медициналық ақпараттық жүйе енгізілген. Сонымен қатар тіркелген барлық тұрғынның электрондық денсаулық паспортыбар.
Жұмыс сапары кезінде депутаттар Қостанайдағы қалалық емханаға барып, цифрлық құралдардың жұмысымен іс жүзінде танысты. Мұнда дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге арналған әлеуметтік әмиянжүйесі қолданылуда. Яғни, қағаз рецептісіз электрон ваучерлер арқылы дәрі алуға болады. Сондай-ақ биометриялық сәйкестендіру (Face-ID) жүйесі енгізілген. Бұл азаматтарды қабылдау процесін жеделдетіп, жалған тіркеулер мен деректерді бұрмалауға қарсы тиімді тетік ретінде қызмет етеді.
Сонымен қатар медицинадағы ақпараттық жүйеде «Alima» интеллектуал көмекшісі– дәрігердің цифрлық ассистенті рөлін атқаратын жасанды интеллект модулі пайдаланылады. Ол пациенттің алдағы әрекетін жоспарлауға, дәрігердің күнделікті жүктемесін азайтуға және медициналық шешімдердің сапасын арттыруға ықпал етеді.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляевамемлекеттің басты міндеттерінің бірі барлық саланы жаппай цифрландыру екенін сөз етті.
«Біз саналы түрде қарапайым қалалық емханалар мен шағын моноқалаларды назарға аламыз. Дәл осы жерлерде цифрлық шешімдердің нақты қалай жұмыс істейтіні, олардың дәрігерлер мен пациенттердің өмірін қалай жеңілдететіні немесе қай жерде қосымша реттеуді қажет ететіні айқын көрінеді. Цифрлық кодексте «ақылды өңірлер» моделін енгізіп отырмыз. Мұнда бірыңғай әмбебап үлгілер күштеп таңылмайды – әр қала тұрғындар қажеттілігіне қарай өз цифрлық экожүйесін өзі қалыптастырады», – деді депутат.
Цифрлық трансформацияның маңызды бағытының бірі – байланыс пен интернет инфрақұрылымын дамыту. «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында облыста ауылдық елді мекендерді байланыспен қамту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 44 елді мекенде антенна-діңгек құрылыстары пайдалануға берілген. Биыл тағы 51 ауылда антенна-діңгек құрылысы басталады деп жоспарлануда. Егер осы жұмыс толық орындалса барлық ауылдар 4G мобильді интернетімен қамтылатын болады.
Сонымен қатар өңірге қарасты 300 ауылда талшықты-оптикалық байланыс желілерін тартужөнінде келісімге қол жеткізілді.

Жобаның жалпы инвестиция көлемі 22,9 млрд теңге. Бұл интернеттің жылдамдығы мен тұрақтылығын айтарлықтай арттыруға жол ашады.
Депутаттар сондай-ақ «AMANAT» партиясы фракциясының бастамасымен мемлекеттік қызметтерді бюрократиядан арылтужұмысы жүйелі түрде жүргізіліп жатқанына тоқталды. Бүгінде жеке куәлік пен өзге де құжаттарды мобильді қосымшалар арқылы цифрлық форматта ұсынуға болады. Мемлекеттік органдарға жеке бару қажеттілігі мен талап етілетін анықтамалар саны азайып келеді. «Бір терезе» қағидатыныңауқымы кеңейіп, азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимыл жеңіл әрі ашық бола түсуде.
Кездесулер барысында өңір тұрғындары интернет сапасы, ауылдық аумақтардағы цифрлық сервистер, IT-кадрларды даярлау, телемедицинаны және «ақылды қала»технологияларын енгізу мәселелерін көтерді. Барлық ұсыныстар тіркеліп, алдағы уақытта жан-жақты пысықталатын болады.
Мәжіліс депутаттары аудандарды да аралаған еді. «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еркін Әбіл Қостанай облысының Сарыкөл ауданына жұмыс сапарымен барды.Сапар аясында депутат алдымен Сорочин ауылдық округіне қарасты Крылов ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктте болып, емдеу нысанының жұмысымен танысты. Мұнда ауыл тұрғындарына көрсетіліп жатқан алғашқы көмектің қолжетімділігі мен сапасына назар аударылып, медицина қызметкерлерінің ұсыныстары тыңдалды.Бұдан кейін Еркін Әбіл Сарыкөл аудандық ауруханасында денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесті.
Онда медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы, кадр мәселесі және емханада болған жаңашыл жөндеу жұмыстары талқыланды.
«Жұмыс сапарының мақсат – «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының өңірлерде қалай жүзеге асырылып жатқанын көзбен көріп, нақты бағалау. Елді мекендерді аралап, атқарылған жұмыстармен таныстық. Аудан бойынша денсаулық сақтау саласына қатысты бірқатар нысандардыкөрдік. Крылов ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункткебарып, оның материалдық-техникалық жабдықталуын және тұрғындарға көрсетіп отырған қызметін бағаладық. Сапар барысында жергілікті халықпен, партияның аудандық және ауылдық деңгейдегі ұйымдарының өкілдерімен кездесулер өткіздік. Кездесулер ашық әрі мазмұнды өтті. Тұрғындар сайлауалды бағдарлама аясында атқарылған жұмыстарды айтты, сонымен қатар әлі де шешімін күтіп тұрған мәселелерді көтерді. Ауыл және аудан тұрғындары ұсыныстарын ортаға салып, проблемаларды шешудің нақты жолдарын ұсынды. Бұл мәселелердің барлығы назарға алынып, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықталатын болады», – деді Мәжіліс депутаты.
Бастысы, халық пікірі мен ұсынысына басымдылық беріліп отыр. Алдағы уақытта дадіттеген міндеттерді жүйелі түрде орындау жұмысы жалғасын таппақ.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді ұсынған – «AMANAT» партиясының
Қостанай облыстық филиалының баспасөз қызметі
