Үш жүздің пірі болған Марал баба

Үш жүздің пірі болған Марал баба

Ишан – жоғары діни дәреже. Бір мақсымда қырық молданың ілімі болады, бір ахунда қырық мақсымның ілімі болады, ал бір ишанда қырық ахунның ілімі бар. Марал бабаның тәлімінен 33 ишан, 88 мақсым сусындаған.

Марал баба қорымының ішін фотосуретке, бейне таспаға түсіруге болмайды. Себебі, бұған дейін талай жазып жатқан таспалар мезетте өшіп, дубль жасаған кезде нәтиже болмапты. Тіпті, бір әріптесіміз суретке 16 рет тартқанда да кадр тап-таза шыққан. Бірде осы өңірге бір итальян әйел келеді. Түсіне Марал ишан кесенесі кірген екен де, арнайы зиярат етуге келген ғой. Әлгі келіншек мазардың ішінде отырып смартфонға түсіреді. «Менің тартқан суреттерім жоғалған жоқ» деп мәз болып сыртқа шығып, қорымның қақпасының алдына келгенде әлгі үш сурет те ғайып болған екен.

 Жуырда өңіріміздің бір топ ел ағалары Ұзынкөл ауданының Троетбрат стансасы маңындағы Марал ишан туған әрі әкесі Құрман әулие Кенжебайұлы жерленген орында болып, құран бағыштап, ас бергені жайында газетімізде жазып едік. Аймағымыздағы руханияттың қарашаңырағы, тарихи орда – Марал баба мешітінің 130 жылдығы қарсаңындағы бұл қасиетті сапар әрі қарай Қызылорда облысының Қармақшы елінде жалғасып жатыр. Бұл атырап – Марал Құрманұлы бастаған, Қалқай, Оспан, Қауыс, Әмит, Пірзада, Текзада, Бекіш, Елібай, Мұсайыпхан, Үндемес, Елеуіс, Сыздық, Орхан, Анапия, Қалыбай, Аралбай, Мамырбай, Сламхан, Есмұхаммед қатарлы 24 ишан мәңгілік тыныстаған киелі жер. Басты міндет – Құрман баба жерленген орыннан алған бір уыс топырақты ондағы Марал әулие жатқан мекенге апарып табыстау.

 Әр қадамың – тарих 

Сонымен, Қостанайдан Оралхан Таңжарықов, Ибраш Естаев, Серік Омаров, Тұрсынбай Садуақасов бастаған ел азаматтары отбасы-балаларымен және Марал бабаның тікелей ұрпағы Жүнісхан ишанның келіні – Темірхан Үндемесовтің жан жары Күлшира апайымыз, тілшілер қауымы мінген төрт көлік таң қылаң бере Сыр өңіріне аттандық. Тобыл бойы, Ақтөбе жері арқылы Арал, Қазалы аудандарынан өткен зияратшылар Қармақшы ауданының Қорқыт баба мемориалдық кешеніне тоқтадық. Сапаршыларды сол елдегі Марал баба ұрпақтары Қауыс ишанұлы Смағұл, Мұхамедхан Омаров, Жарқынбек Әлиасқарұлы, бабалар қорымының шырақшысы Бекболат Молдашұлы құшақ жая қарсы алды. Қобыздың атасы жатқан орынға тәу етіп, құран бағыштап, әрі қарай аудан орталығы Жосалыға жеттік. Әмит ишанұлы Әлиасқар ағамыздың қарашаңырағы үлкен ас дайындап, ел ақсақалдарын жинап күтіп отыр екен, келелі әңгіме құрылды, дүниеден озған марқұмдарға кәләм бағышталды. Осы шаңырақта ишандардан қалған сандық бар. Іші діни кітаптар, хаттар, құжаттарға толы жәдігерді кезінде бабалар Қостанай жерінен апарған көрінеді.

Сол күні кештетіп аудан орталығынан 11 шақырым қашықтықтағы ишандар қорымына жетіп, сондағы түнеуханаға барып қондық. Күн-түн аңызақ жел соғып тұратын, сексеуіл-жыңғылға толы, жусаны аңқыған қасиетті өлкенің ауасы да, аурасы да өзгеше. Бірер сағат тұяқ серіппей дамылдап алсаң бойың сергек оянатын тылсымы күшті жер екен. Бұл мекеннің шырақшысы Ерәлі тегі Бекболат ағамыз отбасымен қарсы алып, түн жарымына дейін дастархан басында кәрі тауарихтан сыр шертістік. Зиярат етушілерге арналған зәулім үйде намазхана, жатын бөлмелер, ас беретін үлкен зал мен шағын музейі бар.

Өңірімізде ең алғаш Марал бабаның құрметіне ауылды жерде ғибадат ордасын салған – Ибраш Естаев. Бестау кеңшарының бұрынғы директоры Ибраш аға 1988 жылы Стамбұлда болған кезінде сол жақтан мешіт жобасын алып, төрт мұнаралы, үлкен күмбезді, үш түрлі мәрмәрдан құлшылық ордасын көтерді. Гранит-керамикадан қоршау жасады. Ал Әулиекөл елін Социалистік Еңбек Ері Қабидолла Тұрғымбаев басқарған тұста Сұлукөл кеңшарына жетекшілік еткен Есмұхан Махметов сол өңірдегі ишандар қорымын қоршап, басына түнеухана салуға, аудандағы Әмит ишан мешітінің бой көтеруіне зор үлесін қосқан азамат. Міне, сол тарихтан сыр шертетін суреттер пантеон басындағы үйдің музейінде көзіңе оттай басылады екен. Мұнда Қазақстан бойынша Құрман атадан тараған ишандар атындағы алты құлшылық ордасының бейнесі ілініп тұр. Енді Алла сәтін салып, Ұзынкөл орталығындағы мешітке Құрман бабаның есімі жазылса, бұл қабырғаға жетінші болып қосылғалы тұр. Бұл науқанға ел ағасы, белгілі кәсіпкер, бабамыздың жұрағаты Тұрсынбай Садуақасовтың еңбегі зор болғанын ерекше атап өту керек.

Аруақ қонып, нар шөккен

Келесі күні таң ата сапаршыларға елдің ақсақалдары қосылып, бабалар қорымына дұға жасай бардық. Қабірстанда алыстан екі үлкен кесене менмұндалап тұр – Марал баба мен төменірек үлкен ұлы Қалқай ишанның үйтамдары. Қорым сырты қоршалған, бабалар басына барар жолға дейін тас төселген, айналасы тап-таза, жинақы. Қорымды толық қоршаған Жалағаш ауданының Иманзада есімді азаматы.

Сырдария мен Қараөзектің түйіскен жері «Аша» («Ашаның ақкешпесі», «Ашаның тасыры») деген кең алап. Ал Марал бабамыз жатқан қорым – Нұралық өңірі. Ел бұл төңіректі «Қырық мешіт» деп те атайды. 1780 жылы көктемде өмірге келген әулие 1841 жылы шілде айында дүниеден өткен. Заманында 21 мешіт ашып, Қазақ даласында мүфти лауазымын иеленген адам. Дәл Нұралықтың өзінде жеті-сегіз мешіттің орны бар екен. Ұлы даламызға шіркеулер салып, ата-бабамызды мұсылман дінінен айырамын деген орыс патшасына қарсы ғазауат соғысын жариялаған батыр. Кенесары бастаған майданда ханның бас ақылшысы, сарбаздардың рухани көсемі болған әзиз.

Марал баба өз мазарын тірі күнінде салдыртқан. Кесенесінің ауызғы бөлмесінде әулиені күзетіп жатқандай Құлжұмыр қалпесі, төргі бөлмесінде анасы Фатима (Бибіфатима) мен әулиенің өзі, Көз батыр, Есенбай қалпесі аруланыпты.

Марал – Жалаңаяқ (Ер Құлмұхаммед әздер) әулие оқытқан 101 шәкірттің ішіндегі ең таңдаулысы әрі ұстазының қасиетіне ие болған жан. Енді сол қасиет қалай дарыды, соған тоқталсақ. Жалаңаяқ әулиенің шәкірттері тәлімгерінің қасиетін алмаққа оның шапанын киіп, асатаяғын сипап, құманын ұстап, басқа да заттарына таласып-тармаса ды екен. Соны аңғарған ұстазы бірде балаларды жинап, «Арқама бір жара шықты, кім көріп береді?» деп шапанын түсіріп, жейдесін шешкен кезде жауырынының үстіңгі жағында жарадан сап-сары ірің ағып тұр екен. Басқа ізбасарлар аңтарылып тұрғанда, Марал барып әлгі іріңді сорып алады. Сонда Жалаңаяқ әулие «Бәрің қасиетке таласушы едіңдер, өзім беріп тұрған қасиетті алмадыңдар. Қасиет тек Марал балама дарыды. Ендігі әрі менен қасиет сұрамаңдар» депті.

Марал бабаның Құлжұмыр қалпесінен жеткен мынадай әңгімесі бар. Бірде Жалаңаяқ әулие барлық шәкірттерін жинап алып, қайнап жатқан қазанды көрсетіп, «Мынаның ішінен маған кім қандай жілік алып береді?» дейді. Құлболды ишан қолды салып жібергенде, қойдың басы шығыпты. Басқа шәкірттер қайнаған қазанның маңына жуықтай алмай тұрғанда, Марал бабамыз жүгіріп кетіп, дәрет алып келіп, қазанға қолын батырып, араластырып-араластырып тұрып, жамбас алып шыққан екен. Сонда ұстазы бас апарған Құлболды ишанға «Балам, Алла саған таршылық қылды. Қасиет те, ишандық та қара басыңда қалады, әрі қарай тарамайды», ал Маралдың қолындағы жамбасқа қарап «Саған Жаратушы кеңшілік қылды. Қасиет те, ишандық та өзіңнен бастап, үрім-бұтағыңа, сені пір тұтқан мұсылман баласына тарайды» деп асатаяғын ұстатқан екен. Сол асасы қазір бабаның ұрпақтарының қолында.

Жалаңаяқ әулие шәкіртіне «Балам, сенің мәңгілік мекенің – Сырдың бойы болады екен. Сол Сыр елінде «Әулиелердің ұлысы, үш жүздің пірі» деген атағың қалады. Ашадан өткеннен кейін бір ақ түйе көрінер, соның соңынан ер, қай жерге барып шөгеді – жайың сол орын болады» депті.

– Алланың қалауымен бабамызды жаугершілік заманда осы жерде Қамыр ананың тілегін Алла қабыл етіп, дүниеден өтейін деп жатқанда Жаратушыдан: «Иә, Алла, күйеуім мен балаларымның бәрі соғыста шейіт болып кетті. Мені жерлейтін адам қалмады. Осы себепті мені әулие қылшы, немесе басыма әулиені әкеліп жатқызшы» деп тілек тілеп отырып қайтыс болады. Кейін Марал баба осы белгісіз ананың мәйітін қазып алып, арулап қайта жерлейді. Сол жолы жерлеу асына өгіз сойып, сол малдың сүйегін қапқа салып, әлгі кейуананың қабірінің жанына көміп кетеді. Өзінің бел баласы Қалмұхаммед (Қалқай) ишанға: «Ертең мен өмірден өткенде, сүйек көмілген осы жер менің мәңгілік мекенім болады» деп өсиет қалдырыпты. Марал ишан Қостанай жерінде дүниеден өткен кезде баласы Қалмұхаммед әкесінің мәйітін алып осы өңірге жеті күн жүріп келіпті. Сыр бойына жеткенше жеті күн бойы әр түнде Марал бабаның денесін жеті рет көміп отырыпты. Бір қызығы, түнде көміп, таңертең мәйітті алған орыннан бұлақ ағып отырыпты. Осында жетіп, түйесі шөккен жерді қазса, баяғы өгіздің сүйегі көмілген орын екен, арулап жерлепті, – деді Қызылордадан тұрақты зиярат етуге келген Мұрат қажы Нұрсейіт.

Ұрпаққа жалғасқан қасиет

Қалқай ишан – Марал бабаның үлкен ұлы. Ұстазының құрметіне есімін азан шақырып Қалмұхаммед қойған. Қалқай әкесінен ілім алып, әкесінің тірі күнінде ишандық қылмаған. Бағдатта 25 жыл оқып, 12 пәннен шатырхат алған ғұлама. Бірде әкесі баласына «Біздің қазақ көшпелі болып қана жүрмеу керек, отырықшылықпен де айналысқан дұрыс. Отырықшы елде береке болады. Сол себепті сен халыққа егін егуді үгітте» дейді. Қалқай атамыз әке сөзін екі етпей, Сырдың бойына дәнді дақыл сеуіп, жұртшылықты да үйретеді. Арықтар қаздырып, бөгеттер салдырған шарапатты жан.

Марал баба қайтыс болғаннан кейін Қалқай ишан ұстаздық еткен, бір жағы елді отырықшылыққа тартып зор бедел жинаған адам. 63 жасқа келіп дүниеден өткен. Қалқай баба «Мен өмірден өткенде не істемексіңдер?» деп халықтан сұрайды ғой. Сонда біреуі «Сіздің кесенеңізді әкеңіздің кесенсінен де биік қылып тұрғызамыз», екіншісі «Сіздің мазарыңызды Иассауи бабамыздың кесенесін салған шебердің ұрпағын алдыртып салдырамыз» депті (расымен, Қалқай баба мазарының Қожа Ахмет мавзолейіне ұқсайтыны да содан). Сонда Қалқай баба «менің мазарымды анау ой жақта көтеріңдер» деп өсиет қалдырған екен. Құрылысшылар биіктігі әкесінің мазарынан жеті кесек бойы биік етіп салғанмен, 28 кесек бойы көтерілген кесене үш рет құлаған. Кейін аян түсіп барып мазар аласартылып салынған деседі. Тура өлшегенде Қалқай ишан кесенесі Марал баба мазарынан жеті кесек бойы төмен жатыр. Қалқай ишан қайтыс болғаннан үш жылдан кейін кесенесін Мамырбай ишан бастап ел адамдары көтеріп салған. Кесек құюға әріректегі Көкойық жерінен қымыз тасып жүріп илеген деседі.

Әбдірахман мақсымның ұлы Әмит (Абдулхамит – Осман империясының даңқты сұлтанының құрметіне қойылған есім) ишан. «Ілімнің бұлағы» атанған Әмит ишан тірі күнінде өзіне осы қорымның үсті жабық тұрған бір мазарынан орын алып қойыпты. Бұл қоршалған қабірде ағасы Тобағабыл ишан мен тағы екі адамның мәйіті жатыр. Кеңес үкіметі тұсында осы төңірекке шешен жұрты жер ауып келгенде, мұсылманның баласы баспанасыз қалмасын деп, Әмит атамыз қабірдің үстіне жабылған бөренелерді сыпырып алып, босып келген Кавказ бауырларға үй салдырған екен. Содан бастап мазардың төбесі ашық қалыпты.

Марал ұрпақтары Қазақстан ғана емес, көршілес елдерде де жатыр. Мәселен, Асан ишан кешегі қуғын-сүргінде Өзбек жерінде қалып, сонда дүние салады. Аманаттап жерленген бауырының мәйітін Сүлеймен, Әмит, Қауыс ишандар алып кетуге барғанда, ала шапанды ағайындар «бізге де тәу ететін бір қасиетті аруақ керек» деп Асан атаның мүрдесін бермей қойған екен. Сол Асан ишанның немересі Қауыс ұлы Смағұл ағамыз бүгінде Қармақшы елін мекендеп отыр.

Шөлдегенге – сусын, ауырғанға – шипа

1820 жылы Марал баба өз қолымен құдық қазған екен. 2018 жылы қайта жаңғыртылған. Ескерткіш мемлекет қорғауында. Кезінде сексеуілмен шегенделіпті. Кеңес үкіметі құдықты жауып тастаған. Кейін бір метрдей ізі ғана қалған екен, оны шырақшы бастаған азаматтар қайта қазыпты. Суы ішкен адамға зор дәру. Келешекте құдықтың үстін жауып, айналасын қоршап, келушілерге отыратын орын жасалмақ.

 

Айтпақшы, Мұрат қажы Нұрсейіт бастаған азаматтар қорым маңына Марал мен Қалқай бабаларға арнап құдықтар қазған екен. Екеуі бір аумақта болса да, Марал ишан құдығы 11 метр, ал Қалқай баласына арнағаны 17 метрге жетеді. Бірақ екеуінде де су жоқ. Жігіттер баба басына барып, «халықтың игілігіне қазып жатқан құдығымыздан су шығаруға жәрдемші бола гөр» деп дұға қылады. Құдіретті қараңыз, Қалқай құдығының топырағы құлап, тереңдігі 9 метр болып қалады, екі құдықтан да су ағыл-тегіл далаға аққан екен. Бұл дегеніңіз, баласының құдығының тереңдігі әкесінің құдығының тереңдігінен аспай тұр.

Әулиенің кереметі

Құрман баба өмірден өткенде, Марал жастай қалады. Анасы ұлдарын ертіп Сыр бойына барған. Сол жерде Құланбай ишан бала Маралдың тегін адам емесін аңғарады – ұйықтап жатқанда үстінен нұр төгіліп тұрады екен. Осы себепті Құланбай ишан өзінің қызы Меңлібикені Маралға ұзатады. Ишанның тірі заманында төгілген сәуле әлі күнге үйтамының төбесінен жан-жаққа шашырап тұрады екен. Әсіресе, жұма күндері құптан намазы уақытында бабаның кесенесінің сыртқы радиусы 30 метр жерге дейін төгіліп тұрған нұр екі шақырым жерге дейін түседі екен. Нұр түскен жерде періште көп болады да, ол араға жын-шайтан кіре алмайды деп Марал баба тірі күнінде айтып кеткен екен.

Қостанайлық ағайындар Қармақшыға арнайы мал сойып, дастархан әзірлеп апарған болатын. Бабалар басына зиярат етіп келген соң сол төңіректегі туыстардың басын қосып, ас беріп, құран оқытып қайтты.

 Оралхан Таңжарықов, ел ағасы, Марал бабаның жұрағаты:

Марал бабадан өрбіген Елібай ишан, одан Үндемес ишан осы орында жатса, Үндеместен туған Жүнісхан ишан өзіміздің Қамысты ауданының Бестау елінде жерленген. Өз басым Жүнісхан атамыздың талай қолына су құйып, батасын алып едім әрі ол кісінің ұлы Темірханмен бірге өсіп, ойнап-күліп жүрген замандас едік. Сол себепті, үндемей отырмайық деп, осы науқанды қолға алдық. Осында жерленген Марал бабамыз бен ұрпақтарына тәу етіп келушілер аз емес екен. Соны көріп марқайып қалдық.

 Тұрсынбай Садуақасов, ел ағасы, Марал бабаның жұрағаты:

Қашаннан аруаққа құрмет жасаған бабалар ұрпағымыз. Қостанайда Марал ишан мешіті қайта ашылғаннан кейін әрі биыл сол рухани ордамыздың мерейтойы қарсаңында баба ұрпақтары қарап қала алмадық. Обаған бойындағы Нұрымбет қонысынан Марал атамыз дүниеге келген әрі әкесі Құрман Кенжебайұлы жерленген орыннан алған топырақты Сыр өңіріндегі Марал баба бастаған ишандар қорымына табыстап, үлкен міндет атқарып отырмыз. Бұл сапарымыздың маңызы өте зор, кейінгі буынға берері мол.

Қостанай – Қармақшы – Қостанай.

Жаңалықтармен бөлісу