Бүгін Қостанайда 9-11-сынып оқушылары арасында республикалық пән олимпиадасының облыстық кезеңі басталды. Білім бәйгесінің салтанатты түрде ашылуына аймақ басшысының орынбасары Бақытжан Нарымбетов қатысып, шәкірттерге сәттілік тіледі.
Пән олимпиадасының облыстық кезеңі 6-7-қаңтарда Қостанай қаласындағы №2 мектеп-лицейі мен №22 мектептің базасында өтеді. Оған қатысуға облыстың барлық ауыл, аудан, қалаларынан іріктеліп келген 468 оқушы ниет білдірген. Балалардың әр қайсысы өз өлкесінде үздік атанып, олимпиаданың алғашқы кезеңінде жеңіске жеткен таңдаулылар. Шәкірттер 9-11-сыныптарда оқиды. Үміткерлер 15 пәннен бақ сынамақ. Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бәйгесі №2 мектеп-лицейінде, ал жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер сайысы №22 мектепте өтіп жатыр. Білім жарысының ресми ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов арнайы барып, жас буынға ақ жол тіледі.

«Сіздер аудандық, қалалық іріктеуден өтіп, бүгін республикалық олимпиаданың облыстық кезеңіне келіп отырсыздар. Әр қайсыңыз өз мектебіңіздің, өз отбасыңыздың мақтанышысыздар. Осы іс-шараға қатысудың өзі сіздердің жеңімпаз екендеріңіздің дәлелі. Баршаңызға сәттілік тілеймін. Қатты толқудың қажеті жоқ. Қорықпаңыздар. Мен де оқушы кезімде облыстық, республикалық пән олимпиадасына қатысқанмын. Сондықтан, қобалжу сезімі таңсық емес. Білім бәсекесінде жоғары нәтиже көрсетуге тілекшімін»,-деген Бақытжан Хаберұлы қостанайлық шәкірттерге зор сенім білдірді.
Қостанай өлкесінің жастары республикалық, халықаралық білім жарыстарында жоғары жетістікке жетіп жүргені жасырын емес. Былтыр 23 бала республикалық олимпиаданың жүлдегері атанып, 10 бала халықаралық бәйгеде тамаша нәтиже көрсеткен-ді. Әсіресе, Қостанай, Рудный, Лисаков, Әулиекөл, Сарыкөл аудандарының және Қостанай қаласындағы «Білім-Инновация» лицей-интернатының, «Озат» мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей-интернатының шәкірттері биіктен көрінгені есте. «Білім-Инновация» лицей-интернатының озат оқушылары Әбдіқадір Таир, Өжентай Абзал физика пәнінен республикалық жарыста ІІ орынға ие болып, облыс атын шығарған еді. Биылғы бәсекеде кімнің бағы жанып, кімнің бабы шабары әзірге белгісіз. Үміткерлердің деңгейі жылма жыл жоғарылап жатқаны да қуантарлық жағдай.

«Олимпиадашы балалар мықты дайындықпен келгені дұрыс. Бастауыш сынып, орта буынның базасын қайталауы керек. Әсіресе, эссе жағынан шыңдалғаны жөн. Бұл талапты мұғалімдерге, шәкірт тәрбиелеуші ұстаздарға жиі айтып, ескертіп отырамыз. Өйткені, қазіргі балалар кітапты аз оқиды. Эссе жазғанда бір-екі аргумент керек. Айтар ойды сұлу сөзбен көркемдеп, мазмұнын байытуы тиіс. Ал кітап оқымаған оқушының сөздік қоры жұтаң, айтар ойы мардымсыз болып шығады. Каллиграфия жағына да көңіл бөлінсе. Эсселерді тексеру кезінде әріптердің анық жазылғанына мән береміз»,- деді олимпиада қазылары алқасының мүшесі Сара Арсаева.
Сара Болтайқызы он жылдан бері пән олимпиадасына төрелік жасап келеді. Осы уақыт аралығында қостанайлық дарындардың зейіні ашылып, зердесі толысқанын байқапты.
«Мен қазақ мектептеріндегі орыс тілі мен әдебиеті пәнінің тапсырмаларына төрелік жасаймын. Бұл бағытта Қостанайдың оқушылары сауатты. Сырбай Мәуленов атындағы гимназияның, Ыбырай Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының, «Озат» мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей-интернатының оқушылары өз білімдерін нақты көрсете алады. Әділ қазы ретінде мені соңғы жылдары Жанкелдин ауданының балалары таңқалдыруда. Сонымен қатар Арқалық қаласының оқушылары да алға шығып келе жатыр. Әулиекөл ауданы да жаман емес»,-деді Сара Арсаева.
9-11-сынып оқушылары арасындағы республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Ең жоғары нәтиже көрсеткен қатысушылардан Қостанайдың олимпиадалық құрама командасы жасақталады. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан үздіктер республикалық сайыста облыстың намысын қорғамақ. Екі күндік жарыстың соңында қатысушылардың 45 %-і дипломдар және медальдармен марапатталады деген болжам бар.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген – Каербек Гилимжанов
