Жеке кәсіпкерсіз бе немесе шағын бизнес иесісіз бе? Бухгалтерлік есеп пен салықтық есептілік сізге қиындық тудыра ма? Онда сіз үшін жақсы жаңалық бар!
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі кәсіпкерлерді қолдау мақсатында «Халық бухгалтері» атты кең ауқымды акцияны іске қосады. Бұл бастама салық төлеушілерге нақты көмек көрсетуге, түсінуге жеңіл кеңес беруге және бизнесті сенімді жүргізуге бағытталған.
Акция 2026 жылдың 5 қаңтарынан 30 маусымына дейін өтеді және жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес субъектілеріне арналған.
Акция барысында қатысушылар бухгалтерлік есеп жүргізу, салықтық есептілікті дұрыс тапсыру, сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық жүйелерде жұмыс істеу бойынша тегін, практикалық және түсінікті кеңестер ала алады. Барлық кеңестер өмірлік жағдайларға негізделіп, қарапайым тілмен түсіндіріледі.
Кеңес беру негізінен қалалар мен облыс орталықтарындағы мемлекеттік кірістер басқармаларының ғимараттарында офлайн форматта өткізіледі. Қабылдау орындары «Халық бухгалтері» деген арнайы ақпараттық тақтайшалармен белгіленеді.
2026 жылғы қаңтар–ақпан айларында кеңестер аптасына үш рет — дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері, сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін жүргізіледі. Наурыз айынан бастап қабылдау аптасына екі рет ұйымдастырылады.
Кәсіпкерлерге кәсіби бухгалтерлер, аудиторлар, бухгалтерлік қауымдастық өкілдері және мемлекеттік кірістер органдарының тәжірибелі мамандары кеңес береді. Олар заңнама талаптарын түсіндіріп қана қоймай, нақты мәселелерді шешуге көмектеседі.
Акция еліміздің барлық өңірін қамтиды. Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жеке кеңес беру алаңдары жұмыс істейді. Ал өңірлерде аудандық деңгейде қабылдаулар өткізіліп, қажет болған жағдайда көшпелі кеңес беру ұйымдастырылады.
Сонымен қатар кәсіпкерлер үшін бейне және телефон арқылы кеңес беру, ресми ресурстар арқылы онлайн консультациялар, онлайн және офлайн вебинарлар, есептілік кезеңдерінде арнайы тақырыптық сессиялар қарастырылған.
Кәсіпкерлерге ыңғайлы болу үшін заңнама талаптары қарапайым тілде түсіндірілген ақпараттық буклеттер дайындалып, Call-орталық материалдары жаңартылады. Сондай-ақ SalykBot Telegram-арнасы пайдалы әрі өзекті ақпаратпен толықтырылады.
«Халық бухгалтері» акциясы — бұл салық төлеушілермен қарым-қатынасты бақылаудан қолдауға, тексеруден кеңес беруге көшірудің нақты көрінісі. Басты мақсат — қателіктердің алдын алу, кәсіпкерлердің сауаттылығын арттыру және бизнесті сенімді дамытуға жағдай жасау.
Қостанай қаласының кәсіпкерлері үшін кеңес беру шаралары Мәуленов көшесі, 21 мекенжайындағы Мемлекеттік кірістер басқармасының ғимаратында өтеді.
Уақытыңызды үнемдеңіз, кәсіби кеңес алыңыз, бизнесіңізді сенімді жүргізіңіз!
«Халық бухгалтері» – әр кәсіпкерге қолдау!
