Қостанайда қысқы спортты дәріптеген мерекелік шаңғы жарысы өтті

Қостанайда қысқы спортты дәріптеген мерекелік шаңғы жарысы өтті

Ашық аспан астында өткен спорттық іс-шараға өңір тұрғындарымен қатар облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов те қатысып, спортсүйер қауымға қолдау көрсетті.

Аталған жарыс қысқы спортты кеңінен дәріптеу, салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту және ХХV қысқы Олимпиада ойындарының қатысушыларын қолдау мақсатында өткізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама – спортты тек кәсіби деңгейде ғана емес, қарапайым халық арасында да танымал етуге бағытталған.

– Мұндай бұқаралық спорттық шаралар халықты белсенді өмір салтына баулиды. Бүгінгі жарыстың басты ерекшелігі – жасына, кәсіби дайындығына қарамастан, кез келген адамның қатыса алуы. Бұл – спорттың баршаға ортақ екенін көрсетеді, – деді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

Жарысқа тек «№3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің» тәрбиеленушілері ғана емес, жеке шаңғысы мен қажетті спорттық құрал-жабдығы бар барлық ниет білдіруші қатысты. Қатысушылар бар болғаны 700 метрлік қашықтықты бағындырды.

blank blank blank

Дегенмен, жарыс мәреге жетумен шектелмей, көпшілігі трассада сырғанауды жалғастырып, қысқы демалыстың ләззатын сезінді.

blank blank blank blank

Шаңғы жарысына Олимпиада ойындарына іріктеуден өткен қостанайлық спортшылар Виталий Пухкало мен Наиль Башмаков та қатысып, көпшілікке үлгі көрсетті. Танымал спортшылардың қатардағы тұрғындармен бірге жарыс жолына шығуы шараның маңызын арттыра түсті.

– Осындай жарыстар жас спортшыларға үлкен мотивация береді. Біз үшін халықтың қолдауын сезіну маңызды. Қарапайым тұрғындардың спортқа қызығушылығы артса, болашақ чемпиондар да көбейеді, – деді шаңғышы Виталий Пухкало.

Іс-шараның мерекелік көңіл-күйін арттыра түскен тағы бір ерекшелік – шаңғы трассасына Аяз ата мен Ақшақардың қосылуы болды. Олар қатысушыларды көтеріңкі көңіл күйге бөлеп, жарысқа ерекше сән берді.

Айта кету керек, бұл спорттық шарада жүлделі орындар қарастырылмады. Ұйымдастырушылардың басты мақсаты – бәсекелестік емес, тұрғындарды спортқа тарту және қысқы спорт түрлеріне деген қызығушылықты арттыру.