Бағдат Сардарбеков Азия кубогінде 2 алтын, 1 күміс медальды қоржынға салды

Бағдат Сардарбеков Азия кубогінде 2 алтын, 1 күміс медальды қоржынға салды

Жаңа жыл қарсаңында Қарағанды қаласында өткен жарыс спорттың үш түрін яғни, дзюдо, самбо және қазақша күресті қамтыған.

Онда Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғыстан, Ресей, Грузия, Монғолия спортшылары бақ сынасқан.

Жалпы, Бағдат Шортанбайұлы спортпен мектеп қабырғасында айналысқан. 1968 жылы Жангелдин ауданы, Ақкөл кеңшары, қазіргі Ахмет Байтұрсынов ауылында дүниеге келді. Әкесі Шортанбай совхоздың жылқысын баққан өте қарулы кісі болды.

blank

1985 жылы Қарасу орта мектебінен он жылдықты аяқтап, «суретші болсам» деген асқақ арманмен Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының «көркем сурет» факультетіне оқуға түсті.

Институтта оқи жүріп «Динамо» спорт кешенінде Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бейсен Әубәкіровтің қол астында самбодан жаттығу жасады.

 

1990 жылы Қарағанды қаласында өткен аймақтық жарыста чемпион атанды. Бірнеше рет республикалық жарыстарда жүлдегер болды.

blank

 

«Спорт денсаулық кепілі» дегендей 2023-2024 жылдары спорттан ардагер — шеберлер арасында Азия чемпионатында қола медаль иеленді. 2025 жылы қазан айында Өзбекстан республикасының Ташкент қаласында өткен самбодан Азия чемпионатында және Бұхара қаласында ардагер — шеберлер арасында өткен Әлем Чемпионатында екі бірдей күміс жүлдегер болды.

«Жеңіс деген – төгілген термен кеткен уақыттың қайтымы», – дейді жерлесіміз.

Бір қызығы, Ташкент қаласындағы орталық стадионның кіреберісіне ілінген банерден суреттегі адам өзі екенін танымай қалған.

«Менің фотом Ташкенте Азия Чемпионатында банерге шығады деп кім ойлаған?», – дейді ардагер спортшы.

Жерлесіміз Бағдат Шортанбайұлын халқымыздың даналығында айтылғандай «сегіз қырлы бір сырлы» азамат десе болады. Өрт сөндіру мекемесінде ұзақ жылдар қызмет етіп, талай жанның өмірін сақтап қалуға септігін тигізді. Майор шенінде зейнеткерлікке шықты. Спортты мәңгілік жанына серік еткен азамат жазу сызудан да құралақан емес. Суретші-карикатурашылық өнері де бар. «Карикатура» атты кітабы жарық көрген.

Алпысқа аяқ басқан ардагер спортшы:

«Жаңа жыл – табалдырғымыздан аттаған «Жылқы жылы» елімізге тыныштық пен береке әкелсін. Қастерлі еліміз бейбіт күнде дами берсін. Жас ұрпақ тек өз отаны Қазақсанды көркейтуге өнер — біліммен қажырлы еңбегін жұмсасын», – деген шынайы тілегін жеткізеді.

Бағдат Сардарбеков 55 — 59 жас аралығында «м 5» категориясында 88 келі салмақта күреседі.

Құдай қосқан қосағымен бірге екі ұл тәрбиелеп өсірді. Екі баласынан ата ерлігін мақтан тұтқан Айзере, Ислам, Аружан, Әлімхан атты 4 немере сүйіп отыр.

 

                                          Мұрат Жүнісұлы                                            Арқалық қаласы