Жыл соңына дейін Шеген және Сужарған ауылдары орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етіледі. Оған барлығы 1,1 млрд теңге бөлінді. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Жанкелдин ауданына барғанда жол бойындағы Сужарған ауылына ат басын бұрып, құрылыс жұмыстарының қалай жүріп жатқанын көріп қайтты.
Аудандағы 22 ауылдың 12-сі орталықтандырылған су жүйесімен қамтылған. Жоғарыда аталған екі елді мекеннен бөлек, Шилі ауылын сумен жабдықтау жүйесінің құрылысына, Тәуіш су жүйесін қайта құрылымдауға және Торғай ауылында су жинау мұнарасын жаңғыртуға сырттан тартылған қаражатқа смета құжаттамасы әзірленген. Аудан әкімі Шота Оспанов осы жұмыстар жөнінде хабардар етті.
Сужарғанда су жүйесінің құрылысымен «Алюминстрой» ЖШС айналысып жатыр. Мердігер серіктестіктің бас директоры Абай Мұқанов жұмыс келісім-шартта берілген мерзімде, қазан айында аяқталатынын айтты. Бұдан кейін аймақ басшысы ауылдық клубта жергілікті тұрғындармен жүздесті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасындағы барлық жүйелі жоспарларды жүзеге асыру – атқарушы биліктің міндеті. Сіздердің ұсыныстарыңызды ескере отырып, ауыл экономикасын көтереміз. Себебі, қазір ауылдағы көші-қон мәселесі тоқтамай тұр. Халықтың азайғаны елдегі мектептің жабылуына әкеліп соғатынын ұмытпағанымыз жөн. Үкімет тарапынан Арқалық қаласына, Аманкелді мен Жанкелдин аудандарына қолдау жоқ емес. Соңғы бір жылда бюджет өсімі күрт жоғарылады. Инфрақұрылым жобалары кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Халықтың көп жылғы тілегі – спорт залы. Оның да құрылыс жұмсытары жуырда басталады. Мектеп асханасы салынады. Сіздер мал шаруашылығымен айналысып, жеке кәсіппен айналыссаңыздар, күнкөріс деңгейі көтеріледі. Жұмыссыздар саны азаяды. Ең бастысы, ерінбей еңбек ету керек, – деді облыс әкімі.
Сужарған ауылының әкімі Берік Әубәкіров халық алында есеп беріп, атқарылған істер мен алдағы жоспарларды баяндады. Ал аудан әкімі Шота Оспанов нақты жасалған жұмыстар мен алдағы инвестициялық жобалардың легімен таныстырды.
«Шұбалаң-Көкалат бағытында 39,2 км учаскесіне орташа жөндеу жүргізілуде. Жобаның жалпы құны – 1,8 млрд теңге, жұмыс биыл аяқталады. Көкалат-Көлқамыс автомобиль жолының құрылысына 1 млрд 14 млн теңге бөлініп, монтаждау жұмыстарына «Алюминстрой» ЖШС-мен келісім-шарт жасалды. Іске қосу мерзімі – 2023 жылдың қазан айы», – деп атап өтті Ш.Оспанов.
Торғай-Шеген-Ақшығанақ автомобиль жолының орташа жөндеуге 570 млн теңге жұмсалмақ. Оның ішінде 290 млн теңге осы жылы бөлінді. Сонымен қатар, Шұбалаң-Қарасу автомобиль жолының 50 шақырымын жөндеуге 712 млн теңге қаралып, қазір техникалық құжаты қайта пысықталып, сараптамадан өткізіліп жатыр. Сосын қайта мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіледі. Тоқанай-Саға-Бидайық жолының 49 шақырымына да техникалық құжаттар жасалуда. Ол 2024-2026 жылдары жасалады.
Кездесуде Сужарған ауылының сыйлы қариясы, ауданның құрметті азаматы Есенбай Ғабуахитов облыс әкіміне алғыс айтып, шалғай жатқан ауданға назар аударғанын жақсылыққа жорыды. Ал шаруа қожалығының басшысы Талап Елеутов қалай кәсіп бастағанын, бүгінде өрісі кеңіп, мал басының жыл санап өсіп келе жатқанын жеткізді. Ауыл жастарының атынан сөз алған Жасұлан Қами облыс әкіміне жазбаша және ауызша ұсынысын жеткізді.
«Заман талабына сай спорт залы мен мектеп асханасы салынады деп естідік. Бұл біздің ауыл үшін өте қуанышты жаңалық. Енді ауыл жастарының ұсынысы – заманауи мектеп салып берсеңіз жақсы болар еді. Елдің талап-тілегі осы болып тұр. Жастардың сізге айтқан ұсынысы ескерусіз қалмайды деген сенімдемін», – деді Жасұлан Қами.
Жиын соңында облыс әкімі айтылған ұсыныс-пікірлер назарға алынатынын, оның бәрі алдағы уақыт еншісінде екендігін айтты.
Жанкелдин ауданы