Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанда вейпке тыйым салу процесіне қатысты пікір айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатынан кейін тілшілер министрге вейпке қатысты сұрақ қойды. Бұл тұрғыда қоғамда вейпке тыйым салу мәселесінде Ұлттық экономика министрлігі тиісті шешім жасамай отырғаны айтылды. Өз кезегінде Ә. Қуантыров аталған тыйым салу тетігін енгізу әзірге Реттеушілік әсерді талдау қағидатына сәйкес келмей тұрғанын жеткізді.
«Әдеттегідей Экономика министрлігін кінәлап жатыр. Реттеушілік әсерді талдау деген бар. Бұл ретте, бизнестің мүддесіне нұқсан келтірмеу үшін тиісті заңнамалық реттеу тәртібі (жаңа заң жобасы, ережелер) осы процестен өтуі керек. Тиісті заң жобасын әзірлейтін әрбір уәкілетті орган Реттеушілік әсерді талдау процесінен өтуі керек. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі оны жарты жылдан бері өткізе алмай отыр. Біз оны қайта пысықтау үшін бірнеше рет қайтардық. Өйткені олар мұны аталған талдау процесі ережелеріне сәйкес жасамаған», – деп түсіндірді ведомство басшысы.
«Сонымен қатар, шағын және орта бизнесті де ойлауымыз керек. Аталған министрлік бәрін дұрыс жасағанда, біз тиісті қадамды жасауға дайынбыз. Өз басым вейптерге тыйым салуды қолдаймын», – деді Ә. Қуантыров.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл мамыр айында Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нұргүл Тау жасөспірімдер арасында вейптер кеңінен тарап кеткенін жеткізді.
Жақында Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник елімізде оқушылардың 10% электронды темекі немесе вейп тартып жүргенін айтты.