Елімізде жүргізіліп жатқан гендерлік саясаттың нәтижесінде әйелдер қауымының қоғамдағы белсенділігі айтарлықтай артып келеді. Бүгінде қыз-келіншектер қызмет етпейтін сала кемде-кем.
Білім, бизнес, медицина, басқару, басқа да бағыттарда нәзік жанды аруларымыздың өзіндік орны бар. Бұл тұрғыда атқарылған жұмыстармен шектелмей, алға нақты мақсат қоюдың да маңызы зор. «AMANAT» партиясының облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының кеңейтілген отырысында осы мәселе жан-жақты талқыланды.
Басқосуды «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов ашып, депутаттар мен қыз-келіншектердің бірлескен жұмысы өңір дамуы үшін аса маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, партия үшін әйелдердің саясаттағы және қоғамдық өмірдегі рөлін арттыру, кадрлық резерв қалыптастыру, отбасыларды қолдау және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді.

– Депутаттар мен әйелдер қанатының үйлесімді жұмысы халықтың өмір сапасын арттыруға және өңір үшін тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді, – деді ол.
Фракция отырысында «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының жетекшісі Гүлсара Жаманқұлова Тобыл-Торғай өңірі әйелдердің саяси көшбасшылығын дамытуда республика бойынша алдыңғы қатарда тұрғанын айтты.
Бүгінде партияның облыстағы 47 мың мүшесінің 27 мыңнан астамы әйелдер, бұл жалпы құрамның 60 пайызын құрайды.

Ал, барлық деңгейдегі мәслихаттардағы 161 депутаттың 64-і – қыз-келіншектер. Сондай-ақ, облыстық, қалалық және аудандық филиалдардың бюро мен саяси кеңестерінің 40 пайызын, ал 262 бастауыш партия ұйымы төрағаларының 68 пайызын әйелдер құрайды. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарында 28 әйел ауыл әкімі қызмет атқарса, атқарушы билік жүйесіндегі әйелдердің үлесі 25 пайыздан 65 пайызға дейін жеткен.

– Бүгінде әйелдердің қоғамдағы рөлі жыл сайын артып келеді. Гендерлік теңдік – тек әділдік қана емес, ол жақсы басқарудың, тұрақты дамудың кепілі. Әйелдердің дауысы естілген жерде әлеуметтік саясат тиімді жүреді, отбасы мәселелері дұрыс шешіледі, қоғамда тұрақтылық күшейеді. Сондықтан «AMANAT» партиясы әйелдердің бастамасын қолдауға үлкен мән беріп отыр. Біздің өңірлік Әйелдер қанаты да осы бағытта бастауыш партия ұйымдары, мәслихаттардағы депутаттық фракциялар, тәжірибелі партия мүшелері, беделді және белсенді қыз-келіншектерді тарту арқылы жүйелі жұмыс атқарып келеді. Әйелдердің саяси көшбасшылығын дамыту – партияның стратегиялық басымдығы. Біз кадрлық резерв қалыптастырып, әйелдердің шешім қабылдау процесіне барлық деңгейде қатысуын қамтамасыз етеміз, – деді Гүлсара Жаманқұлова.
Отырыста әлеуметтік салаға қатысты бірқатар маңызды бастамалар ұсынылды.
Әйелдер қанатының сарапшысы, «Отбасы Help» жобасының жетекшісі Несібелі Бәсенова отбасылық тұрақтылық пен балалардың әл-ауқаты мәселесіне тоқталды.
Оның айтуынша, ажырасулардың көбеюі балалардың психологиялық жағдайына және білім алуына кері әсерін тигізуде. Бұған көбіне қаржылық қиындықтар, тұрғын үй мәселелері, отбасылық коммуникацияның әлсіздігі және некеге психологиялық дайындықтың жеткіліксіздігі себеп болып отыр.
Осыған байланысты сарапшы жастарға арналған отбасылық өмірге дайындық мектебін құруды ұсынып, онда қарым-қатынас мәдениеті, жанжалдарды шешу, отбасы бюджетін басқару, ата-ана болу негіздері мен отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған білім берілуі тиіс екенін атап өтті.
«Үміт-Надежда» қоғамдық бірлестігінің өкілі, облыстық мәслихат депутаты, Аруна Жақсығұлова мүмкіндігі шектеулі әйелдердің құқықтары мен инклюзия мәселесін көтерді.

– Бұлай бөліп-жарып қарау әйелдер жынысына және денсаулық жағдайына байланысты екі есе дискриминацияға ұшырайды. Сондықтан олардың білімге, жұмысқа, медицинаға және қоғамдық өмірге толыққанды қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін инфрақұрылымдық, заңнамалық және кадрлық өзгерістер қажет. Дегенмен шешілмеген мәселелер де бар. Әлі күнге дейін көптеген ғимараттарда пандустар стандартқа сай емес, емханаларды бейімделген құрал-жабдықтармен қамту, әйелдерге арналған гранттар бөлу, қысқа мерзімді оқыту бағдарламалары мен икемді жұмыс кестелерін енгізу қажет. Бұл – ерекше жандардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін ауыр мәселе, – деп ұсыныс тастады.
Отырыста облыстық мәслихат депутаты Татьяна Булгацевич әйелдердің сапалы медициналық көмекке қолжетімділігі жөнінде баяндама жасап, денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістер мен әлі де шешімін күткен мәселелерге тоқталды.
Өңірде медицина саласындағы кадр тапшылығын азайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қостанай облыстық мәслихатының шешімімен медицина қызметкерлері үшін көтерме жәрдемақы көлемі белгіленген. Қалаларда – 3 млн теңге, ауылдық жерлерде – 5–7 млн теңге, ал шалғай аудандарда сұранысқа ие мамандықтар бойынша 8,5 млн теңгеге дейін жетеді. Бұл шаралар дәрігерлер тапшылығын екі есеге азайтуға мүмкіндік берді, — дейді Татьяна Булгацевич.
Қазіргі таңда орта және кіші буын медицина қызметкерлеріне деген тапшылық сақталып отыр. Осыған байланысты, Татьяна Булгацевич мейіргерлік іс мамандарына арналған арнайы бағдарлама әзірлеу қажеттігін атап өтті.
Депутаттың сөзінше, қабылданған шаралардың нәтижесінде өңірде оң көрсеткіштерге қол жеткізілген. Атап айтқанда, жалпы өлім-жітім 6 пайызға, нәресте өлімі 37,6 пайызға, туберкулезден болатын өлім 58,3 пайызға, ал қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім 35 пайызға төмендеген. Сонымен қатар, ол бірқатар шешімін күткен мәселелердің де бар екенін жасырмады. Атап айтқанда, облыстық балалар ауруханасының ғимаратын жөндеу, қалалық перзентхана салу, дәрігерлер мен мейірбикелер тапшылығын жою, ауылдық жерде еңбек ететін медицина қызметкерлерінің коммуналдық шығындарын өтеу және қалаға келген жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері әлі өзекті болып отыр.

Сонымен қатар, басқосуда гендерлік теңдікті нығайту, отбасы-демографиялық саясат және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселелері де сөз болды.
Отырысты қорытындылаған Алмат Досмұхамедов соңғы екі жылда Әйелдер қанатының жұмысы жоғары бағаланғанын, «Таңшолпан» жобасы аясында әйелдерден кадрлық резерв қалыптасып, бүгінде басшылық қызметтердің шамамен 40 пайызын әйелдер атқарып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ әлеуметтік қолдау, отбасы және инклюзия бағыттарында нақты шешімдер қабылданып жатқанын жеткізді.
Жиын соңында белсенді партия мүшелері «Белсенді қызметі үшін» медальдарымен марапатталып, партия қатарына жаңадан қабылданған мүшелерге партиялық билеттер табысталды.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалының
баспасөз қызметі ұсынды
