Қалалық прокуратура білім беру мекемелерімен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп келеді. Бұл жұмыс тек жоғары оқу орындарымен ғана шектелмейді. Балабақшаларды да қамтиды. Себебі құқықтық тәрбиені ерте жастан бастау өте маңызды.

Ол туралы Қостанай қаласы прокуратурасының аға прокуроры Диас Теңізбаев облыстық әмбебап кітапханасында өткен дөңгелек үстелде түсіндіріп берді.

«Мектептерде біз күнделікті профилактикалық жұмыс жүргіземіз. Арнайы есепте тұрған білім беру ұйымдары бар. Ол жерлерде оң да, теріс жағдайлар кездеседі. Өкінішке қарай, соңғы уақытта жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өсуі жиіледі. Әсіресе, интернет арқылы жасалатын құқық бұзушылықтар көбейіп отыр», – дейді Диас Теңізбаев.
Қоғамды колледждер мен мектептерде орын алған суицид жағдайлары да алаңдатады. Осыған байланысты прокуратура, білім басқармасы және полиция органдарымен бірлесіп бақылау мен алдын алу шаралары күшейтілді.
«Бұрын тек тексеру жүргізсек, қазір жасырын қалып отырған мәселелерді анықтауға басымдық беріп отырмыз. Кейбір балалар өз мәселесін ата-анасына да, достарына да айта алмайды. Біз соларға көмектесуді мақсат етеміз», – дейді орган өкілі.
Осы тұста кездесуге келген қалалық прокуратураның аға прокуроры Дәулет Төлегенов жуырда «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында бірқатар жобалар іске қосылғанын жіпке тізіп берді.

Соның бірі – «Болашақ прокурорлар клубы». Бұл жоба мектеп оқушыларына арналған. Құқық саласына қызығушылығы бар оқушылар іріктеліп, болашақта заң университеттеріне түсуге және прокуратура органдарында қызмет етуге мүмкіндік алады.
Прокуратурада «Бала қорғау» атты Telegram-бот жұмыс істейді. Бұл бот арқылы буллинг, кибербуллинг, отбасындағы зорлық-зомбылық сияқты мәселелер бойынша хабарлауға болады. Кейде бала өз отбасындағы қиын жағдайды айтуға қорқады, ал бұл платформа соларға көмектеседі.
«Апта сайын сейсенбі және бейсенбі күндері есепте тұрған отбасыларға рейдтік іс-шаралар өткіземіз. Басты мақсат – жазалау емес, алдын алу, тәрбиелеу. Қайталанатын құқық бұзушылықтың алдын алу – негізгі бағытымыз», – дейді аға прокурор.
Бұл жердегі басты мәселе – көп жастар өз әрекетінің жауапкершілігін толық түсінбейді. Әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік бар екенін білмей жатады. Әлеуметтік желілерде бір-бірін қорлау, балағаттау, жалған ақпарат тарату жиілеп кетті. Мұның бәрі заңмен жазаланатынын көпшілігі ескере бермейді.
Қазір цифрландыру дамыған заманда камералар, бақылау жүйелері бар, кез келген құқық бұзушылық тіркеліп қалады. «Жазадан құтыламын» деген ой – қате түсінік екенін ескере бермейді.
«Соңғы жылдары статистика әртүрлі. Бір кезеңде азайса, келесі жылы өсім байқалады. Дегенмен, біз 2026 жылы бұл көрсеткішті төмендетеміз деп сенеміз. Қазір жыныстық сипаттағы қылмыстардың да артуы байқалады. Кейбір жастар заңды біле тұра, кәмелет жасына толмағандармен қарым-қатынасқа барады. Бұл – ауыр қылмыс екенін естен шығармау керек. Жастарға айтарым әр әрекетің үшін өзің жауаптысың. «Бұл маған әсер етпейді» деген ой – үлкен қателік. Заң бәріне бірдей. Қандай да бір күмәнді жағдай болса, ресми ақпарат көздерінен заңды қарап, жауапкершілікті алдын ала білген дұрыс», – дейді заң өкілі.
Түнгі уақытта ойын-сауық орындарында жүру, төбелеске араласу – соның соңы қылмыстық іске ұласуы мүмкін.
Құқық қорғау органдары жазалау үшін емес, сіздердің болашағыңыз үшін жұмыс істейді. Әр ата-ана баласынан үміт күтеді, сондықтан сол үмітті ақтау – жастардың өз қолында. Прокуратура органдарының басты мақсаты – тәрбиелеу және алдын алу. Жастардың қауіпсіздігі мен болашағы – баршамызға ортақ жауапкершілік.
Айбек ЖҮЗБАЙ
