Торғай өңірін дамыту 51 іс-шарадан тұрады – облыс әкімі

Торғай өңірін дамыту 51 іс-шарадан тұрады – облыс әкімі

Баспасөз мәслихатында Құмар Ақсақалов облыстың оңтүстік аймақтарын дамытуға бағытталған шаралардан да ақпарат бере өтті.

Биыл Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында Торғай өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы Үкіметтің назарында болуы тиіс екенін ерекше атап өткен еді. Осыған байланысты қазіргі уақытта Арқалық қаласын, Амангелді және Жангелдин аудандарын алдағы үш жылдық кезеңге әлеуметтік-экономикалық  дамыту жөніндегі жоспар бекітілген.

«Ол жалпы сомасы 165,5 млрд теңге болатын 51 іс-шарадан тұрады. Құжат өңірді дамытудың басым салалық міндеттерін жедел шешуге бағытталған шаралар кешенін қамтиды, – деді Құмар Іргебайұлы. – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Арқалық қаласында маңызды инфрақұрылымдық жоба – әуежай құрылысы жүріп жатыр. Бүгінде терминал ғимараты салынуда, инженерлік коммуникациялар жүргізілді. Жобаны 2026 жылғы шілдеде айында аяқтау жоспарланып отыр».

Сондай-ақ биыл маусым айында «Орталық – Батыс» бағыты бойынша өтетін маңызы жоғары көлік дәлізінің құрылысына ресми старт берілді. Жаңа бағыт жолды 549 шақырымға қысқартады.

«Тағы бір маңызды жол Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне тікелей шығуды қамтамасыз ететін «Жезқазған – Арқалық – Петропавл» автожолын жөндеу жұмыстары келесі жылы аяқталады», – деді облыс әкімі.