Әр баланың өмірі мен психологиялық саулығы – қоғам үшін аса маңызды. Осыған орай Қостанайда прокуратура мен облыс әкімдігінің бастамасымен мектептер мен колледж педагогтеріне арналған ведомствоаралық жоба іске қосылады.
Жоба балалар арасында буллинг пен аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған педагогтердің біліктілігін арттыру курстарын қамтиды.

Жобаны жүзеге асыруға облыс прокуратурасы, ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы, білім және денсаулық сақтау басқармалары, сондай-ақ өзге де мүдделі мекемелер атсалысуда.

Басты мақсат – мектеп пен колледж білім алушыларының аутодеструктивті мінез-құлқын ерте анықтау, алдын алу және түзету мәселелері бойынша мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру.

Бұл педагогтерге балаларға дер кезінде қажетті психологиялық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Жоба ұзақ мерзімге жоспарланған. Бір оқу жылы ішінде 21 легпен шамамен 500 педагог оқудан өтеді.

Олардың қатарында мектеп психологтары, әлеуметтік педагогтер, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар және колледж топтарының кураторлары бар.
Курстарда аутодеструкция мен мазасыздықты ерте анықтау, буллингке қарсы әрекет ету стратегиялары және балалармен жұмыс істеу алгоритмдері үйретіледі. Бұл жұмыс 2026–2027 оқу жылында да жалғасады.
Дәрістер мен практикалық сабақтарды Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының психолог мамандарды даярлау және әлеуметтік зерттеулер орталығының, А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің, сондай-ақ Психологиялық қолдау мен тәрбие жұмысының өңірлік оқу-әдістемелік орталығының білікті мамандары жүргізеді.
Біліктілікті арттыру курстарының алғашқы легінде Қостанай қаласы, Қарасу және Денисов аудандарының педагогтары қамтылды.
Солардың бірі – Денисов ауданы Красноармейский ауылдық округіндегі Фрунзе жалпы білім беретін мектебінің тарих пәні мұғалімі Гүлбану Қапышева.

Оның айтуынша, ұстаз үшін әр баланың психологиялық саулығы, бақытты балалық шағы мен ішкі жан дүниесінің тыныштығы – басты құндылық.
«Қазіргі таңда жасөспірімдер арасында алаңдаушылық пен өзіне деген сенімсіздік жиі байқалады. Сондықтан мұғалім үшін оқушының тек білімін емес, психологиялық жағдайын да дер кезінде аңғарып, қолдау көрсете білу маңызды. Бұл курстар маған жасөспірім психологиясын терең түсінуге және психологиялық қиындықтардың алғашқы белгілерін анықтауға көмектеседі», – дейді ол.
Әр баланың өмірі мен психологиялық саулығы өте маңызды.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
