Арқалықта өткен «Жігіт сұлтаны» байқауында Ерасыл Бөрі жеңімпаз атанды

Арқалықта өткен «Жігіт сұлтаны» байқауында Ерасыл Бөрі жеңімпаз атанды

Арқалықта өткен «Жігіттің сұлтаны – 2025» сайысының жеңімпазы Ерасыл Бөрі – Родина ауылының тұрғыны.

Шәкіртінің бәйгенің басынан көрініп жатқанына Родина ауылының мәдени ұйымдастырушысы Мұратбек Әбдісалықовтың да мерейі өсіп қалды. Өзі сондай тыңғылықты, іскер, мәрт жігіт екенін айтып жатыр.

«Ерасыл жан – жақты дамып келе жатқан жастардың бірі. Халқымыздың «Сегіз қырлы бір сырлы» деген асыл теңеуін осындай азаматтарға қарата қолданса болады. «Жігіттің сұлтаны» – еліміздің ерекше қастерлі мерекесіне тамаша тарту болды. Көк байрағы желбіреген, ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің тәуелсіздігі баянды болсын», – дейді жеңімпаздың жетекшісі, танымал әнші Мұратбек Әбдісалықов.

16 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күніне арналған білекті жігіттердің сайысына 7 жігіт қатысып бақтарын сынады.

Сайыс бес кезеңнен тұрды. Атап айтқанда: «Мен Алаштың ұлымын…» (ұлттық киімде таныстыру бөлімі), «Білім сайысы» (Сұрақ-жауап), «Өнерлі өрге жүзер» — өнер сайысы (ән, би, көркем сөз т.б), «Біздің күшіміз бірлікте» спорт сайысы (өгіз тартыс), «Кешкі сән киім үлгісі» (қатысушылар кешкі сән киім үлгісін көрсетеді, сымбаттылығы, сахна мәдениеті т,б ескеруі қажет.

«Тәуелсіздік алған жылдар ішінде еліміз қол жеткізген жетістіктер мен елдігімізді танытып, еңсемізді көтерген ұлы оқиғаларды дәріптей отырып, жастарды елін, жерін қорғауға тәрбиелеу басты мұратымыз. Сондықтан, ер – азаматтардың, яғни жігіттеріміздің бойына ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізді дамытып насихаттау, кейінгі ұрпаққа үлгі болатындай өнерлерін халыққа паш етуді және қолдау көрсетуді мақсат еттік», – дейді сайысты ұйымдастырушы қалалық мәдениет сарайының көркемдік жетекшісі Миргүл Бектепбергенқызы.

Тартысты да қызықты өткен сайыстың қорытындысына тоқталар болсақ, «Тәуелсіздік қыраны» номинациясы Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінен Қапан Мұхаммедәли, «Көрермен көзайымы» аталымын Арқалық көпсалалы колледжінен Балахмет Бекбосын иеленді.

blank

Жүлделі үшінші орынды Арқалық политехникалық колледжінен Жәдігер Тасыбай, Аққошқар ауылынан Рүстем Төлепберген, екінші орынды Ашутасты ауылынан Думан Елубай, бірінші орынды Арқалық медициналық колледжінен Жасұлан Ақылбек еншіледі.

blankblankblank

Мұрат Жүнісұлы

Арқалық қаласы