Торғайда төрт адам интернет-алаяқтық құрбаны болған 

Торғайда төрт адам интернет-алаяқтық құрбаны болған 

Ол жайында Жангелдин ауданы мұражайында ұйымдастырған құқық қорғау органдары қызметкерлерінің оқушылармен кездесу жиынында айтылды. Онда аудан прокуратурасының аға прокуроры – Мейрамгул Қозбақ пен Жангелдин ауданы полиция бөлімінің бірінші орынбасары, полиция копитаны – Азамат Мұстафа балғындармен кеңес құрған болатын.

Кездесу барысында алаяқтықтың алдын алу жолдары түсіндіріліп, оқушылар тарапынан түрлі сұрақтар қойылды.

«Торғайда 2024 жылдан бастап төрт адам интернет алаяқтарының құрбаны болса, 2025 жылы үш кісі осы түрдегі алаяқтыққа тап болған. Бұл адамдардың жас ерекшеліктері әртүрлі. Алайда көп жағдайда алаяқтықтың құрбаны қарапайым халық арасынан кездеседі. Көп жағдайда жергілікті тұрғындар ұялы телефондарына келетін SMS хабарламаларына сеніп, арзан бағада жиһаздар, ұялы телефондар, техникалық құралдар немесе автокөліктің дөңгелектерін алу кезінде алаяқтардың құрбанына айналады», – дейді аудандық аға прокурор.

Алаяқтыққа ұшыраған адамдардың біреуінің шығыны 1900 000 теңге көлемінде болса, бірінікі тіпті 5000 000 теңге көлемінде, тағы бiрi 300 000 теңгеге дейін алданған.

blank blank

Полиция капитаны алаяқтықтың алдын алу үшін ай сайын жергілікті тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтып отыр.

«Бұл жұмыстар барысында алаяқтыққа қарсы шаралар мен қауіпсіздік ережелері түсіндіріледі. Қазіргі заман талабына сай, әлеуметтік желілер мен WhatsApp статус арқылы тұрғындарды алаяқтыққа қатысты Қостанай облысының Киберқылмыстыққа қарсы күрес басқармасынан келіп түссе, біз оны әлеуметтік желі арқылы тұрғындарға жариялап, хабардар етеміз», – дейді бұл туралы аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Азамат Мұстафа.

Қашықтан тапсырыс бергенде немесе белгілі бір мүлікті сатуда, таныс емес нөмірлерге құпия сөздеріңізді айтпау маңызды. «Сіз ұттыңыз!» деген жалған хабарламаларға сеніп, қосымша ақша аударудан сақ болған жөн. Мұндай алаяқтық схемалардан қорғану үшін абай болу қажет екенін түсінген абзал.

Егер сіз алаяқтықтың құрбаны болсаңыз немесе алаяқтық әркетінің белгісін байқасаңыз, дереу тиісті органдарға хабарласыңыз. Ол тек сіздің өзіңіздің ғана емес, басқа адамдардың да алаяқтардан сақ болуына көмектеседі. Алаяқтықтың алдын алу үшін әр адам бірнеше қарапайым шараларды қабылдауы керек. Әрқашан ақпаратты тексеру өте маңызды. Кез келген күдікті қоңырау , хабарлама немесе электронды пошта жіберген кезде, оның рас екенін анықтаңыз. Шетелден немесе сенімсіз көздерден келген ұсыныстарды қабылдамаңыз.

«Қоғамның алаяқтықпен күресудегі рөлі зор. Мемлекеттік органдар, қаржы ұйымдары, полиция және құқық қорғаушы ұйымдар бірлесіп жұмыс істеп, азаматтарды алаяқтықтың барлық түрлерін қорғауға көмектесуі тиіс. Алаяқтық жолдардың жолын түбегейлі жаба алмаймыз, бірақ түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы алдын алып қарапайым халықты қорғай аламыз»,  – деді полиция капитаны.

Алаяқтық-қоғам үшін үлкен қауіп, бірақ әр адам өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әртүрлі шараларды қабылдай алады. Қаржылық сауаттылықты арттырып, жеке мәліметтерді сақтықпен пайдаланған жөн. Тек осындай шаралар арқылы ғана алаяқтықтың алдын алып, қоғамды бұл қылмыстың теріс салдарынан қорғауға болады. Алаяқтармен күрес тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың да міндеті.

Жангелдин ауданы