Шеген ауылының тұрғыны – жиһаз жасау шебері

Шеген ауылының тұрғыны – жиһаз жасау шебері

Мемлекет қолдауымен кәсіп бастап, шаруасын дөңгелентіп отырған жандар Жангелдин ауданында да баршылық. Солардың бірі – Шеген ауылының тумасы Фархат Ибраев.

1990 жылы дүниеге келген азаматтың мамандығы – газоэлектр дәнекерлеуші. 2010-2011 жылдары Отан алдындағы әскери борышын өтеп келді. 2011-2013 жылдары Қостанай қаласында жиһаз цехында жұмыс жасады. 2013 жылы үйленіп, туған ауылына көшіп келді. 2014 жылдан өз алдына кәсіп бастап, жиһаз жасай бастады.

«2017 жылы жеке кәсіпкер ретінде тіркелдім. Сол жылы “Zhas Project” жобасы аясында жиһаз кәсібін дамыту мақсатында жолдастарыммен 700 мың теңге грантты жеңіп алдым. Жиһаз жасайтын құралдарды сатып алып, ауыл жастарына оқу курсын оқытып, ауыл, аудан тұрғындарына қолжетімді бағада жиһаз жасай бастадық», – дейді Фархат Боранбайұлы.

Ол ауылда өткізілетін іс-шараларға демеушілік жасайды. Қазіргі таңда ауылдың 3 тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Фархат 2017 жылы ауыл шаруашылығын дамытуды көздеген «Игілік» бағдарламасы бойынша төмен пайызбен 800 мың теңге кредит иеленіп, ірі қара сатып алып, мал шаруашылығын дамытуда.

2024 жылы ауыл шаруашылығы бағдарламасы бойынша төмен пайызбен 5 миллион теңге кредит алып, жылқы шаруашылығын дамытуға кірісті.

«Алдыңғы жылы аудандық кәсіпкерлік бөліміне барып, бөлім басшысы Ботагөз Еркебайқызынан жеке кәсіпкерлікті қолдайтын мемлекеттік бағдарламалар жөнінде бағыт-бағдар, кеңес алып, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерліктерді дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант беру туралы бағдарламаның шарттарымен таныстым. Мемлекеттік грантқа құжат дайындап, тапсырып, комиссияның алдында жобамды қорғап, қазан айында 5 млн теңге грант ұтып алдым», – деп әңгімесін сабақтайды жеке кәсіп иесі.

Грант қаражатына жиһаз жасауға қажетті 2 үлкен станок сатып алған. Қараша айында Алматыдан станок алдыртып, цехына орнатып, іске қосып жатыр.

«Алдағы уақытта тапсырыстарым көбейіп жатса, тұтынушыларымды жаңа, сапалы, заманға сай жиһаз жасап қуантпақ ниеттемін. Сондай-ақ, тағы бір адамды жұмыспен қамту жоспарымда бар», – дейді іс тетігін тапқан азамат.

                                          Мұрат Жүнісұлы   

                                                                                    Жангелдин ауданы