Егіздің сыңарындай. Арқалықта Қайрат Нұртастан аунымайтын азамат тұрады

Егіздің сыңарындай. Арқалықта Қайрат Нұртастан аунымайтын азамат тұрады

Жуырда республикалық телеарналардың бірінен қазақ эстрадасының танымал әншісі Қайрат Нұртастан айнымайтын жігіт жайлы хабар тарады. Әлеуметтік желіде танылып, көпшілікті елең еткізген азамат Арқалық қаласына қарасты Восточный ауылының тұрғыны болып шықты. Жерлесіміздің үйіне хабарласып, аз-кем сөйлескен едік. 

Адам адамға ұқсай береді деген осы екен-ау. Олжас Ілиясовтың түр-келбеті шынымен әнші Қайрат Нұртастан айнымайды.

Бір қараған жан оны әншінің нақ өзі деп қалуы мүмкін. Бұл ұқсастық Олжастың әлеуметтік желідегі танымалдығын арттырыпты.

Кейіпкеріміз Арқалықтағы колледжге оқуға түскен 2008 жылы студенттік достары оны бірден әншіге ұқсатады. Кейде «Қайрат Нұртас келе жатыр» деп әзілдеп, таныстары тіпті бірге суретке түсуін сұраған сәттері де болыпты. Ал оқытушылары алғашында әншінің өзі екен деп қалған.

Сөйтіп жүріп Қайрат Нұртастың әндеріне шағын пародия түсіріп, оны TikTok желісіне жүктепті.

Бейнежазбалар күтпеген жерден тез тарап, мыңдаған қаралым жинайды. Оқырмандар пікір жазып, оның сырт-келбетімен қатар, іс-қимылына дейін ұқсайтынына көңіл аударған.

«Тик-токтағы парақшамда алғашында достарым мен туыстарым ғана тіркелген еді. Бірінші пародиялық бейнежазбаны қызық үшін ғана шығардым. Телеарналар эфирге шақырады деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Бірінші рет 2021 жылы желтоқсан айында КТК арнасындағы «Астарлы ақиқат» бағдарламасынан хабарласты. Телебағдарламаға қатысқан соң желідегі оқырмандар саны одан әрі көбейді», – дейді белгілі әншінің «егізі».

Олжас Ілиясов отбасында 2 ағайынды әрі үйдің тұңғышы. Ата-анасы мемлекеттік қызмет саласында еңбек етеді. Өзі ауылдағы «село Восточное» ЖШС-да электрші. Келіншегі Гүлдана мен інісі Елжас медицина саласының мамандары.

«Біз 2021 жылы таныстық. Ол кезде мен жоғары оқу орнын бітіріп, диплом алғанмын. Бізді жолдасымның бөлесі әрі менімен параллель топта оқыған группаласым таныстырды. Телефон арқылы сөйлесіп, әңгімеміз жарасқан соң достығымыз беки түсті. Мен Қостанайда, ол Арқалықта жұмыс істеді. Арқалық жаққа тұрмысқа шығамын деп ойламаппын. Бұйрық солай болып тұр екен. Арада 2 жыл өтіп, 2023 жылы отбасын құрдық.  Алғашқы бетпе-бет кездесуде Қайрат Нұртасқа ұқсаттым. Қазір сәл салмақ қосты. Аздап арықтап, шаш үлгісін өзгертсе белгілі әншіден ауымай қалады», – деді Олжастың жұбайы Гүлдана Тұрман.

Олжас Ілиясов бүгінде Восточный ауылындағы жергілікті серіктестікте еңбек етуде. Қарапайым жігіт әріптестері арасында да сыйлы.

«2012 жылы Олжас Арқалық қаласынан оқуын бітіріп, біздің ұжымға жұмысқа келді. Содан бері жұмыс істеп жатыр. Өз ісіне тиянақты. Жұмысын жақсы біледі», – дейді басшысы Ерлан Рахметов.

Біз кейіпкеріміздің жұбайы Гүлдана Азатқызына телефон соғып, ақпарат алғанбыз. Оның айтуынша, Олжас еңбекқор жан. Жанұясына адал, иманды, ақкөңіл, ата-анасын сыйлайтын нағыз азамат. Адамдарға жанашыр, кішіпейілдігімен кісінің көңілін таба білетін елгезек жігіт. Бос уақытында шахмат ойнағанды жақсы көреді. Спортқа жақын. Адамдардың даусын айнытпай салып, пародия жасайтын өнері бар екен.

Бір уақыттары тикток оқырмандарының сұранысы бойынша Қайрат Нұртастың даусына пародия жасап, туған күн иелерін құттықтап бейнеролик түсіріпті. Бейнежазба кең таралып, біраз қаралым жинаған. Оның тиктокта қазір 8012 оқырманы бар. Күннен-күнге саны көбеюде.

blank

Жақында Еуразия бірінші арнасына барып, «Көреміз» ток-шоуына қатысып келді.

«Жақында келіншегім екеуміз Еуразия бірінші арнасының «Көреміз» бағдарламасына қатысып келдік. Ұшу билеттері мен қонақ үй шығындарының бәрін телеарна толықтай өздері өтеді. Басшылыққа хабарласып, жұмысымнан да сұрап алды. Шынымды айтсам, бір күнге болса да өзімді «жұлдыз» сезініп көрдім. Қарапайым ауыл баласын көтермелеп, Алматыға дейін шақырғанына қуаныштымын. Әйтпесе, мен танымалдыққа ие болатындай әнші, биші немесе батыр емеспін. Күнделікті жұмысын атқарып, отбасына қарайлап жүрген қарапайым жігітпін. Көпшіліктің жылы лебізі көңілімді марқайтты. Жақсылыққа жақын жандардың арамызда көп екенін түсіндім, – дейді Олжас Ілиясов.

Айтпақшы, Олжас пен Гүлдананың тұңғыштарының есімі Нұртас екен. Бұл да бір сәйкестік пе? Әлде әнші Қайрат Нұртасқа деген құрметтің белгісі ме деп ойландық.

blank

«Бізде үйдегілердің есімдерінің соңғы буыны «ас» деп аяқталады. Жолдасым Таймас, ұлым Олжас, Елжас. Немерелерім Мирас, Жалғас, Нұртас. Олжасымның баласын Нұртас деп атасы қойды. Алдымен бәрінің есімдеріне ұқсас, ұйқас болсын деген ой еді. «Нұр» деген сөздің мән-мағынасы терең. Әрқашан «нұры тасып» жүрсін деген ізгі ниеттен туған. Менің баламның Қайрат Нұртаспен ұқсастығы көп. Олжастың сырт-келбетінен бөлек кейбір қылықтары дәл келеді. Әр адамның сыңары, егізі болады деп жатамыз. Сол сөздің жаны бар шығар. Көпшілік баламды танымал адамға, белгілі әншіге ұқсатып жатқанына қуанамыз», – деп өз ойын білдірген еді анасы Бақыткүл Ілиясова.

Жақсыдан үлгі алғанның және жақсыдай болуға талпынғанның айыбы жоқ. Күллі елді тәнті еткен кейіпкерімізге қазір мобилограф, блогерлерден көптеген ұсыныстар түсіп жатқан көрінеді. Сұхбат алу үшін хабарласқанымызда Олжастың ата-анасы да, жұбайы да жылы шырай танытып қуанып қалды. Арқалықтық азамат биік шыңдардан көріне берсін деп тілейміз.

Қымбат ДОСЖАНОВА