Сананы тербейтін,  кеудені кернейтін сезім

Сананы тербейтін, кеудені кернейтін сезім

Рәміздер – тұтас ұлттың тарихынан сыр шертіп, елдік мүддені анық көрсететін белгі. Оны біз қалай бағалап жүрміз? Осы ретте жақсы істерімен көрініп, жетістікке жетіп жүрген бірқатар қостанайлықпен тілдескен едік. Олар әртүрлі саладаа елге танылған азаматтар.

Алмасбек  ӘБСАДЫҚ, филология ғылымдарының докторы, профессор:

– Рәміздердің негізгі мән-мақсаты – мемлекетшілдік сананы қалыптастыру, ол елдің іргесін бекітуге өзінің септігін тигізетін нәрсе. Мемлекеттік рәміздер күні бізде жыл сайын атап өтіледі. Бұл дұрыс дәстүр. Осы ретте көк тудың алар орны ерекше. Жалпы, «ту ұстау» деген ұғым ертеден қалыптасқан. Бұның түпкі мақсатында бағзыдағы тотемдік бабалардың бейнесі тұрды. Себебі тотемдік бабалар ұрыста ту көтергенде желеп-жебеп жүреді деп пайымдаған. Кейін ислам діні келген кезде мұсылманның жасыл туы қазақ арасына ене бастады. Абылайдың ақ туы деген болған. Ақ түсті де түркілер өте қатты қадірлейтін, ақ «нұр» дегенді білдіреді деп сенген. Сондықтан бұл жерде ертеден келе жатқан дәстүр бар. Алашорда үкіметі құрылғанда, оның өзінің туы, рәміздері болған, бұның барлығы – түптеп келгенде мемлекетті нығайту, халықты жұмылдыру.

Нұрсұлтан БАЙДІЛДИН, Жанкелдин ауданы, А.Байтұрсынұлы ауылының әкімі, “ҚР Үздік ауыл әкімі” төсбелгісінің иегері:

– Әр тәуелсіз мемлекеттің басқа елдерден айрықшалап тұратын өз таңбасы болады. Оны біз рәміздер деп атаймыз. Мемлекеттік рәміздер әрбір адамға елдің бірлігін сезінуге көмектеседі. Өз елінің мемлекеттік рәміздерін сыйламау – елін, халқын, тіпті, өзін-өзі құрметтемеу. Кабинетімде ту мен елтаңба бар. Ол маған мемлекетке қызмет ету қандай жауапты жұмыс екенін ескертіп тұратындай. Маңызды құжаттарға қол қойғанда, ауылдың ертеңіне қатысты шешімдер шығарарда, тіпті тұрғындарды қабылдағанда да мемлекеттің абыройы ойымда тұрады. Елге адал қызмет етемін деген әр азаматтың басында осы ой тұрады деп сенемін.

Елімізде тыныштық болып, көк туымыз биікте желбіреп, елтаңбамыз әлемге танылып, әнұранымыз шарықтап шырқалатын болса, біздің келешегіміз де ұзақ және жарқын болады. Қазақ елінің мәртебесі биік, өмірі ұзақ болып, Мемлекеттік рәміздерімізге деген құрмет арта берсін!

Данияр КУНКУБАЕВ, грек-рим күресінен ҚР 4 дүркін чемпионы, Әлем кубогінің қола жүлдегері:

– Ертеде батыр бабаларымыз шайқасып дала заңымен елін қорғады. Қазіргі таңда соларды еске алып, олардай бола алмасақ та, жолын жалғап келеміз. Спорт арқылы еліміздің еңсесін әлемнің алдында биіктету басты мақсатымыз. Ережеге сай, күрес алаңына шыққан сәтімде, өзімді емес, Отанымның намысын қорғауға шыққанымды түсінемін. Бұны ел аманаты деп білемін. Соған сай бар күш-жігерімді ортаға салып, жеңіске адал жолмен жетсем екен деп, әлемдік додада еліміздің туын биікке көтеріп, әнұранымыз шырқалса деймін. Алайда, жеңіс онайлықпен келмейді. Халықаралық жарыста жеңімпаздар тұғырында тұрғанымда жоғарыдан көк байрақты көрдім. Сол сәтте кеудемді кернеген тамаша сезімді айтып жеткізе алмаймын. Барша спортшы сезінуді армандайтын сәт.

Фариза БАЛҒАТАЙҚЫЗЫ, Халықаралық жарыстардың жүлдегері, Токиода өткен әлем чемпионатына қатысушы:

– Әлемдік додаларға түскенде көк туымызға қарап қазақ деген ұлы елдің атынан келгенімді мақтан тұтамын. Көк аспанда, ашық күннің астында еркін қалықтаған қыранның бейнесі, қазақы ою кімді де болсын ойландырары анық. Талай жарыстарда көк туды аспанға желбіреттім. Ендігі арманым – Олимпиада, чемпионат сияқты байрақты бәсекелерде әнұранымды шырқап, Қазақстанымды қуантсам деймін. Еліміздегі қайсыбір рәмізді алып қарасақ та өзіндік мазмұнға, мол мағынаға ие. Оны өзімнен кейінгі іні-сіңлілеріме айтып жүремін. Бәрі бірдей тудың, елтаңбаның мән-мағынасын біле бермейді. Сондықтан, үнемі айтып жүру керек.

 

Жаңалықтармен бөлісу