Қостанай облыстық балалар ауруханасында “Жаңа жол” бірлестігінің ұйымдастыруымен Балалардың қорғау күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Аталмыш бірлестік бір ай бұрын құрылған. Ұйым ауыр жағдайдағы балаларға қол ұшын созумен қоса әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысамыз деп отыр.
«Бірлестігіміздің құрылғанына көп болмаса да қатарымыз жүз шақты адаммен толықты. Осы уақытқа дейін зейнет жасын төмендету, әлеуметтік мәселелер туралы бастамаларды көтердік. Ал, бүгін 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай ұйым облыстық балалар ауруханасында ем алып жатқан балаларды қуанту үшін шағын мерекелік іс-шара өткіздік. Кешті ұйымдастыруға Қарабалық ауданының кәсіпкерлері мен Рудный қаласындағы “ССКӨБ” бірлестігі сыйлықтар мен мерекеге қажетті заттар алып берді», – дейді “Жаңа жол” бірлестігінің төрайымы Алмагүл Қайыбжанова.
Мерекелік бағдарламада балалар би билеп, өлең айтты. Бүлдіршіндерді қызықтыратын әлеуметтік желілердегі трендтер, спорттық ойындар ойнатылды. Сондай-ақ, арнайы киінген анимациялық кейіпкерлер де мерекелік кештің көркін кіргізе түсті.
Ақсақал Серікбай Жұмағұлұлының айтуынша, балаларға қуаныш сыйлаған бастама көпке үлгі істердің бірі.
«Мұндай іс-шараға алғаш қатысуым. Бүгінгі акция түрлі ұлттың балаларына қуаныш сыйлай білді. Іс-шараның қызықты өткенін балғындардың жадыраған жүздерінен байқауға болады», – дейді қария.
Қаракөз МАҚАТОВА, Гүлжан БӨЛЕГЕН
ҚӨУ студенттері