Қазақстан халқы Ассамлеясының 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған бұл жоба 2016 жылдан қарқынды жұмыс жасап келеді.
Сол уақыттан бері игі дәстүрді жалғастырып, қайырымдылық еңбегі меценаттар үшін марапатталып жүр.

Соңғы рет мұндай салтанатты іс- шара 2023 жылы өткен екен. Биыл қайтадан жалғасын тауып, жасалған игі істерге алғыс білдіріп, жүрегінің жылуын аямай бөлісіп жүрген жандарға құрмет көрсетілді.

Кешті Қостанай облысы әкімінің орынбасары, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Бақытжан Нарымбетов құттықтап, 25 меценатты марапаттады.

«Бұл – жүрегі жомарт жандардың еңбегін бағалап, оны көпке үлгі ететін керемет мүмкіндік деп айта аламын. Өйткені жақсылық жасауды өмір салтына айналдырған азаматтардың еңбегі – қоғам үшін де, бүкіл еліміз үшін де аса қымбат. Сіздер атқарып жүрген игі істер қоғамның дамуына қызмет етіп, басқаларды да жақсылық жасауға, қайырымдылыққа шабыттандырсын. Қоғамымыздың дамуына қосқан үлестеріңіз үшін шексіз алғыс айтамыз!», – деді Бақытжан Нарымбетов.

Марапат алғандардың қатарында ақпараттық кеңістіктің алдыңғы шебінде еңбек ететін бұқаралық ақпарат құралдарының бірі – «Қостанай таңы» газетінің директор-бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы да бар. Бұл сәлемдеме орынбасары Аслан Қанғожинге тапсырылды.

«Кеңес кезеңінен бастап еңбек етіп келемін. Еліміз егемендік алған жылдары ел болуға өз шама-шарқымызша ат салыстық. Қолдан келгенше жан-жағымызға қол ұшын созуға тырысып келемін. Көмек беру ол игі іс, оны адами парызым деп санаймын. Бүгін сол азғандай еңбегімді елеп, марапаттап жатыр, алғысым шексіз. Бұндай шаралар шабыттандырады, сондықтан барша азаматтарды ізгілікке, жанашырлыққа шақырамын», – дейді марапат иесі Наурызым ауданы, Шолақсай ауылындағы «Шолақсай-1» ЖШС-нің директоры Өмірзақ Ихтиляпов.
Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармониясының әншісі Зарина Жиентаева, Жанұя» балалар үйінің тәрбиеленушісі Диана Абдухаликова әуелете ән шырқап, кештің сәнін келтірді.


Кеш соңында қатсушылар ұйымдастырушылар әзірлеген фуршеттен дәм татып, өзара пікірлесті.
Бота Манет
