Арқалықта кәсіптік білім беру орындарымен меморандум жасалды

Арқалықта кәсіптік білім беру орындарымен меморандум жасалды

«Арқалық қаласы әкімінің аппараты мен қаланың білім беру орындары өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Қалада алғаш рет қолға алынған меморандум барысында жергілікті атқарушы орган мен оқу орындары алдағы 5 жылда көптеген бірлескен іс-шараларды жүзеге асырмақ.

Меморандумға қол қою рәсіміне қала әкімінің міндетін атқарушы Абзал Ташимов қатысып, бастаманың маңызылығына тоқталып өтті.

«Меморандум аясында Арқалық қаласы әкімінің аппараты мен оқу орындары арасында бірқатар бағыттар бойынша жұмыстар жасалатын болады. Біз оқу орындарымен тығыз қарым – қатынаста жұмыс жасап, өзін мемлекеттік қызметшілер қатарынан көргісі келетін студенттерге бағыт – бағдар беріп, қажетті ақпараттармен қамтамасыз етеміз. Түлектердің жауапты әрі абыройлы қызмет саналатын – мемлекеттік қызметке орналасып, еліміздің жарқын болашағы үшін еңбек етуіне тілектеспін», – деп атап өтті қала әкімінің міндетін атқарушы Абзал Ташимов.

Нәтижесінде: Арқалық қаласы әкімінің аппараты мен Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университеті, Қазтұтынуодағы Арқалық көпсалалы колледжі, Н. Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжі және Арқалық политехникалық колледжі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Меморандум аясында тараптар арасында мемлекеттік қызмет үшін кадр резервін қалыптастыру, сондай-ақ университет пен колледж түлектерін қала әкімдігінің мемлекеттік мекемелеріне, қала, ауыл және ауылдық округтері әкімдерінің аппараттарына жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу мәселелерінде ынтымақтастық орнату қарастырылған.

Еске сала кетсек, мемлекеттік қызметшілер тұрақты еңбекақы, екі айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі жыл сайынғы бонустық қаржылай төлемдер алып, отбасылық жағдайларға байланысты түрлі материалдық қолдауларға қол жеткізе алады.

Мұның сыртында баспанамен қамтылып, меритократия қағидаты негізінде мемлекеттік қызметтің төменгі сатысынан бастап, лауазымдық жоғарылау мүмкіндігіне ие.

  Мұрат Жүнісұлы

                                                                                                     Арқалық қаласы