Ұзынкөл ауданындағы «Үйлескен» ЖШС басшысы Тұрсынбай Бағытбайұлы Сәдуақасов ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін иеленді.
Мемлекеттік марапатты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің екінші форумы кезінде табыс етті.
Тұрсынбай Бағытбайұлы ауыл шаруашылығы саласында 22 жыл еңбек етіп келеді. 2003 жылы «Үйлескен» ЖШС жетекшілігін қолға алды. Сондай-ақ 2014 жылдан бері «Елсан-Агро» ЖШС-ін басқарып отыр. Ол иелік еткен шаруашылық бүгінде 9 мың гектарға дейін ұлғайған. Кәнігі кәсіпкер еңбегінің биік бағаланғанына дән риза.
«Ауыл шаруашылығы саласындағы азды-көпті еңбегімізді елеп-ескерген Мемлекет басшысына алғыс білдіремін. Бұл марапаттың қызметімізге серпін беріп, ісімізді алға бастыра түсуге шабыт берері сөзсіз. Мұны өзімнің ғана емес, астықты өлкенің қоржынына түскен олжа, шаруалардың еселі еңбегіне берілген баға, жерлестерінің ортақ жеңісі деп түсінемін», — дейді орден иесі.
Тұрсынбай ағамыздың қайырымдылықпен, меценаттықпен айналысатынын да ерекшелеп айта кету керек. Оның тұрмысы төмен отбасыларға, зейнеткерлерге, тыл ардагерлеріне көп жәрдемі тиді. Ауылды абаттандыру ісіне де белсенді атсалысады. Ұзынкөлге спорт мектебін тарту еткені, аудандық аурухана дәрігерлеріне пәтер сыйлағаны жерлестерінің есінде. Балабақша жөндеуге, мектепті жаңартуға қаржы құйды. Кәсіпкердің бастамасымен және жеке қаражат салуымен аудан инфрақұрылымы және әлеуметтік ахуалы жандана түсті.
Өңір дамуына өлшеусіз үлес қосқан кәсіпкерді, алғыс арқалаған атымтай азаматты біз де мәртебелі марапатымен құттықтаймыз!
Сондай-ақ тағы бір жерлесіміз — Қостанай ауданы «Абиль» шаруа қожалығының бас агрономы Александр Кисель де дәл осындай орденді өңіріне тақты.
