Жануарларды қорғау ұйымы қаңғыған иттерді қамқорлығына алады(ВИДЕО)

Жануарларды қорғау ұйымы қаңғыған иттерді қамқорлығына алады(ВИДЕО)

Лисаков қаласының 6-шағын ауданы №30 үйдің тұрғындары аула ішінде қаңғыбас иттердің көбейіп кеткенін айтып, редакцияға видео жолдады. Тұрғындардың айтуынша, иттер түнгі уақытта топтанып жүреді, балалар мен егде жастағы адамдардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық туындап отыр.
Мәселені анықтау үшін біз қалалық әкімдікке хабарластық. Белгілі болғандай, шағым назарға алынып, ветеринарлық қызметпен бірлесіп тиісті шаралар қолға алынған.

Қазір қалада қаңғыған жануарларды уақытша ұстауға арналған «Хатико», «Кошкин дом» және «Домик для друга» аталатын үш орталық жұмыс істейді. Бұл жерлерде 300-ге жуық ит пен 100-дей мысыққа күтім жасалады. Мұнда жануарлар ветеринарлық тексеруден өтіп, екпе мен зарарсыздандырудан кейін жаңа иелеріне беріледі немесе табиғи ортасына қайтарылады.
2023 жылдан бері Лисаковта АЗВБ (ОСВВ) аулау, зарарсыздандыру, вакцинация және босату бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бұл жүйе қаңғыбас жануарлар санын гумандық жолмен реттеуге бағытталған.

– Бұрын иесіз иттерді жою әдісі қолданылса, бүгінде стерилизация мен вакцинация тәсілі енгізілді. Бұл – тиімді әрі адамгершілікке сай жол, – дейді Лисаков қалалық ішкі саясат бөлімінің мамандары.

Биылдың өзінде 160 ит пен 10 мысық ауланып, екпе салынып, арнайы таңбаланып, қайта босатылған. Сонымен қатар еріктілер мен жануарларды қорғау ұйымдары қаңғыған иттерді қамқорлығына алып, жаңа қожайын табу бағытында жұмыс істеп жатыр. Қалалық әкімдік тұрғындарды сабыр сақтауға шақырып, иесіз жануарлар байқалған жағдайда 109 бірыңғай байланыс орталығына немесе ветеринарлық қызметке хабарласуды сұрайды.

– Қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен жануарларға деген жауапкершілік – баршамыздың ортақ міндетіміз. Әрбір иесі өз иті мен мысығын қараусыз қалдырмауы қажет, – делінген Лисаков қаласы әкімдігінің ресми хабарламасында.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ