Арқалықта зиялы қауым ел жадынан өшпейтін ерен тұлғаны еске алды 

Арқалықта зиялы қауым ел жадынан өшпейтін ерен тұлғаны еске алды 

Арқалықта белгілі сазгер, ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Қайыржан Мақановтың 85 жылдығына арналған «Ұлт өнерінің жанашыры» атты еске алу кеші өткізілді.

Қайыржан Байпақұлының авторлық әндері орындалып, жан-жақтан арнайы келген қонақтар, туыс-туғандары мен ұрпақтары өнер саңлағының өмір жолы мен шығармашылығы туралы естіліктерімен бөлісті.

«Қайыржан Мақанов қазақтың тұңғыш этнографиялық – фольклорлы «Шертер» ұлт-аспаптар ансамблін ұйымдастырушылардың бірі ретінде ел есінде қалған өнер қайраткері. Ол «Шертер» ансамблінің көркемдік жетекшісі бола жүріп, алыс-жақын шет елдерге қазақ мәдениеті мен өнерін танытқан ұлтжанды азамат болды», – дейді тағлымды кештің ұйымдастырушысы Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық музейінің ғылыми қызметкері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Батырлан Сағынтаев.

Дарынды тұлға өнер зерттеушісі ретінде өңіріміздегі музыка мәдениетінің зерттелуіне де айрықша үлес қосты. М.Өтелбаев, А.Затаевич, Н. Құлжанова, А. Янушкевич, Р. Елебаев, Ә. Еспаев т.б. қайраткерлер туралы тың деректі зерттеулер республикалық мерзімді баспа беттерінде қазақ және орыс тілдерінде жарық көріп, елдің қызығушылығын тудырды. «Өнерлі әулет» секілді құнарлы, құнды еңбектері шықты.

Сазгерлікпен де айналасып, бірталай тамаша әндер мен күйлер шығарған өнер қайраткерінің Абайға арнап шығарған «Көңілімнің санасы» күйі республикалық байқаудың бас жүлдесін жеңіп алған.

Қайыржан Байпақұлының «Алтын бесік», «Туған жерім сағыныш», «Жоғалтпа жастығыңды», «Қос жүрек», «Ән Астана», «Мәриямның соңғы әні», «Тіл туралы толғау», «Дәм-тұз бұйырса» сияқты лирикалық әндері, «Амангелді сарбаздары» деп аталатын күй поэмасы, «Алаш арыстарына тағзым» (Сағыныш) күй реквиемі, «Өзбекәлі – әз-аға», «Бапас күйі», «Ақорданың ақ жолы», «Мамыржай» сияқты күйлері бар.

Мұрат Жүнісұлы

                                                                                                                      Арқалық қаласы