Биылғы “Қазақстан барысына” палуандарды Іріктеу бәсекесінде былтыр финалда бақ сынаған қос жүйрік тағы жолықты. Алайда осы жолы арқалықтық Аслан Сағитбек жерлесі Алмас Жұмағалидан басымырақ түсті. Осылайша Аслан Сағитбек осы жолы сәтті өнер көрсетіп, “Қостанай қыраны” атанды.
Аслан Торғайдың тумасы. Жаркөл-Қарасу бойында жауырыны жер иіскемеген Таңатқан палуан шыққан ауылдан. Кейін Арқалық қаласынан білімін жалғастырып, бүгінде облыс құрамын баптап жүрген Данияр Қарпықовтың төл шәкіртіне айналды. Былтырғы өткен “Қостанай қыраны” арландар бәсекесінің күміс жүлдегері. Аслан жартылай финалда Бақтілеу Сабыровты таза жеңген болатын. Оның финалдағы қарсыласы Алмас Жұмағали Қостанайдың арда атлеті Талғат Жиентаевтан айласын асырды. Бұл жекпе-жекті екі палуанның теке-тіресімен өтті деуге болады. Алайда Талғаттың Алмасқа қарағанда мысы басым еді. Байқаусызда өзі жасаған әдіске өзі қарсыласының қарсы әдісімен икемге келгендей болды. Жекпе-жектің соңғы жағында Алмас қарсыласының психологиялық тығырыққа тірелгенін сәтті пайдаланды. Абдырап қалған сәтінде бірден бірінші номермен боз кілемде айқасқа көшті. Бірден жамбасқа салып екінші рет жартылай ұпайды еншіледі.
Үшінші орын үшін Бақтілеумен бағын сынаған Талғат әлі де ашуы тарқамағанын байқатты. Шыға сала Бақтілеу Сабыровты қарсы әдіс жасатпай алып ұрды. Финалдық кездесу Алмас пен Асланның арасында тартысты өтеді деп ешкім ойламаған еді. Аслан ширақтық танытып аяққа іліп шалу айласына көшті. Ол әдіс екі мәрте жартылай ұпай алуға Асланға өз нәтижесін берді де. Осылайша, жеңімпаз Аслан Сағитбек 500 мың теңге, финалға шыққан Алмас Жұмағали 300 мың теңге, жарыстың қола жүлдегері Талғат Жиентаев 200 мың теңгенің сертификатын еншіледі.
“Аслан мен Алмас былтыр да финалға шыққан еді. Осы жолы да бұл нәтижені өзім де күткен болатынмын. Екеуі де шәкірттерім болғандықтан бөле жарғым келмейді. Бап шаба ма, бақ шаба ма дейді ғой бабаларымыз. Қай мықтысы жеңімпаз атанып жатыр. Бір қуанатыным, “Қазақстан барысына” берілетін жолдаманың екеуі де бізде қалғаны. Әрине, басқа да әріптестеріме алдағы уақытта сәттілік тілеймін. Енді алда болатын ел ордада өтетен аламан додаға тыңғылықты дайындығымызды жалғастырамыз”, – дейді екі арыстың бапкері Данияр Қарпықов.
Асланның да ұйымдастырушылар мен бапкерлер қауымына айтар алғысы бар.
“Бұл жарыста анау осал, мынау мықты деп айта алмаймын. Білектің күші, айланың ісі ештеңе шешпейтініне сенімім кәміл. Бәрі баптың келісуіне тығыз байланысты. Осы жерге келіп отырған палуандар да тас жұмылып, тақымынданып тұрған сен тұр мен атайындар. Алла Тағаланың арқасында, екінші бапкерлеріміздің табандылығының арқасында барыс атанып отырмын. Алда сол кісілердің бізге артқан зор сенімін ақтауға тырысу керек”, – дейді жарыс жеңімпазы.
Олай болса алда болатын”Қазақстан барысында” жерлестерімізге сәттілік жолдас болғай!