Алматыда жерлесіміз Дана Алмасова «Ғалам Аруы 2025» халықаралық сұлулық байқауына қатысуы туралы баспасөз конференциясын өткізді
БАҚ өкілдерімен өткен кездесуде «Қазақстан Аруы» Ұлттық байқауының директоры Айжан Рузаева, «Ғалам Аруы Қазақстан 2024» атағының иегері Дана Алмасова және ұлттық байқаудың PR-менеджері Құралай Құрман сөз сөйледі.
Биылғы «Ғалам Аруы» байқауы Таиландта өтеді, оған 100-ден астам елдің арулары қатыспақ. Финалдық шоу 21 қарашаға жоспарланған.

«”Қазақстан Аруы” Ұлттық сұлулық байқауы әлемдегі үш беделді сұлулық байқауына лицензия төлейді. Солардың бірі – 1952 жылдан бері өткізіліп келе жатқан және 100-ден астам елдің қатысушысын бір сахнаға жинайтын “Ғалам Аруы” байқауы», – деді «Қазақстан Аруы» Ұлттық байқауының директоры Айжан Рузаева.
2024 жылы Дана Алмасова «Қазақстан Аруы» байқауында Қостанайдың атынан бақ сынады. Өзінің табиғи сұлулығы, харизмасы мен зеректігінің арқасында үздік бестікке еніп, елімізді әлемдік «Ғалам Аруы» сахнасында таныстыру мүмкіндігіне ие болды.

Алдағы байқауға дайындық кезінде Дана фототүсірілімдер мен дефиле сабақтарымен қатар, балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілеріне арналған шеберлік сабағын өткізді, қаладағы маңызды оқиғалардың бірі – жүгіру марафонына қатысты және «Табиғат күніне» арналған шарада қоршаған орта мәселелері жайлы ой-пікірін бөлісті. Балалық шағынан табиғатты қорғау тақырыбына жақын болғандықтан, ол байқауда экологиялық жауапкершілікке арналған әлеуметтік жобасын таныстырады.
Қоршаған ортаға деген қызығушылығы мектеп кезінен байқалған – сол уақытта ол қалдықтарды сұрыптау туралы ғылыми жұмыс жазған.
Бүгінде Дана жер шарын адамзат әрекетінің зардаптарынан «тыныс алдыру» идеясын насихаттап, экологиялық мәдениетті арттыруды мақсат етеді.
Төрт ай бойы жасалған ұлттық костюмнің негізінде де табиғат тақырыбы жатыр. Жібек пен киізден тігілген бұл ерекше киімді отандық «Shimai» бренді дайындаған. Костюмнің басты элементі – қазақ даласының символы саналатын қызғалдақ бейнесі.
«Мен бұл образ тек әсем көрініп қана қоймай, маңызды ой жеткізсе деймін. Францияның лаванда алқаптарын бәрі біледі, ал мен бүкіл әлем қазақ даласының қызғалдақтарын да танысын деп армандаймын», – дейді Дана Алмасова.
21 жасар Дана – Қостанайдың тумасы. Ол Түркияның Анадолу университетінде жоғары білім алған. Бос уақытында өзін дамыту курстарына қатысып, кітап оқуға көңіл бөледі – бұл оған өзіне сенімді болып, кез келген ортада еркін сөйлесуге көмектеседі.
Дана үшін әлемдік деңгейдегі байқауға қатысудың басты мақсаты – қазақ қыздарының сұлулығы мен қабілетін паш ету және еліміздің аруларына өзіне сенуге шабыт беру. Ол Қазақстанды лайықты таныстыруға және үздік елдердің қатарына кіруге бар күшін салатынын атап өтті.
2024 жылы «Ғалам Аруы» байқауында еліміздің атынан 24 жастағы Мадина Альмуханова қатысып, Салтанат Нукенованың оқиғасы арқылы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін көтерген еді.
