Мемлекеттік тілге жаңа бетбұрыс

Мемлекеттік тілге жаңа бетбұрыс

Еліміздегі үздік брендке айналған кәсіпорындардың мемлекеттік тілге оң көзқарасы көңіл қуантып отыр. Қоғамның өзекті мәселесі болып келе жатқан осы бір кедергілерді жоюға «Варваринское» АҚ да кірісіп кетті. Таяуда аталған өндіріс орны қазақ тілін оқыту курсын тәлімгерлердің сайысымен аяқтады.


Мекеме қызметкерлері мемлекеттік тілді білу деңгейін көтеруге шақырылып, Тілдерді оқыту орталығының мамандары қазақ әліпбиі мен грамматика негіздерінің арнайы жеке бағдарламасын әзірлеген болатын. Жан-тәнімен тілге машықтануға ұмтылған шаруашылық өкілдері бар-жоғы төрт айдың ішінде қазақ дыбыстарының айтылуы мен жазылуын қағып алғанға ұқсайды.
– Оқыту процесі кәсіпорын қызметкерлерінің арасынан мүлде тілден хабары жоқ тәлімгерлерден таңдалды. Соған қарамастан студенттер(қайта білім алушыларды осылай атауды жөн көрдік) арасында қазақ тілін қарапайым, тіпті орташа деңгейде меңгерген өзге ұлт өкілдері көп болды, – дейді курс оқытушысы Жәнібек Нағашыбай.

– Бұл жерде, әсіресе, әр берілген үй тапсырмасына да өте байыпты көзқарас болмаса күрделі сөйлемдерді ұғыну оңай болмас еді. «Мемлекеттік тіл – біздің байлығымыз» атты байқауға кәсіпорынның өндіріс орнында еңбек ететін 10 адам қатыстық. Ондағы тақырыптар бойынша тапсырмаларды орындап, ойымызды мемлекеттік тілде жеткізуге тырыстым. Әрине, оң нәтижелердің арқасында өзім үшін көп нәрсені үйрендім деп сенімді түрде айта аламын. Тіпті алған білімімді іс жүзінде қолдануға да дайынмын, – дейді байқауға қатысушы, «Варваринское» АҚ кадрлар бөлімінің басшысы Евгения Гейс.


Кәсіпорын басшылығы белсенділік танытқан әріптестер мен жұмыс орнында қазақ тілін үйренуге мүмкіндік берген Тілдерді оқыту орталығының мамандарына алғысын жаудырып жатыр.
Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды техникалық бөлімнің басшысы Роман Арашкевич, екінші орынды экологиялық бақылау және мониторинг бөлімінің басшысы Евгений Козулин, ал техникалық бөлімнің қызмет көрсету инженері Игорь Несмиянов үшінші орынды иеленген.

Барлық қатысушыларға естелік кәдесыйлар мен алғыс хаттар табысталған. Кәсіпорын тіл аясын кеңейтуде мұнымен ғана шектеліп қалмай, жазғы демалыстан кейін әріптестерімен бірге мемлекеттік тілді оқуды қайта жалғастырғалы отыр.

Жаңалықтармен бөлісу