Бүлдіршіндердің айтар назы бар

Бүлдіршіндердің айтар назы бар

Тобыл кентіндегі «Алтын дән» мәдениет үйінің кіребірісінде қолөнер бұйымдарының көрмесі тұр. Қарап шыққан адамға өте қызық. Ішінде не жоқ дерсіз, бәрі бар. Барлығы да қолдан жасалған. Қуыршақтар, картиналар, кілемшелер, тіпті ұлттық киімдер мен қазақша бас киімдер де ілулі тұр. Аралап жүріп, ұлттық нақышта тігілген оюлы бас киімді алып, киіп көрдім. Шап-шақ екен.

Ішімнен «мұның бәрін кім жасады екен?» деп ойлап қоямын. Мені бақылаған вахташы апай бұл заттарды балалар істегенін айтты. Аудандық балалар шығармашылық үйінің тәрбиеленушілері қолмен істеп, көпшіліктің назарына ұсыныпты. Қызығушылығым оянып, дереу сонда тарттым.

Аудандық балалар шығармашылық үйі Н.Наушабаев атындағы мектептің бір бөлмесінде орналасқан. Ішке кірген бетте өзгеше әлемге тап болғандай болдым. Сан алуан заттар, кірген, шыққан бала. Қайнаған тірлік. Бұл жерде не жоқ дерсіз. Бәрі бар. Балалардың бірі асық ойнап жатса, бірі тігін тігіп, қолөнермен айналысуда. Бізді қарсы алған осы жердің директоры Клара Исмағұлова 11 жылдан бері еңбек етіп келеді.

        ­-Біздің аудан бойынша 28 бөлімшеміз бар. Оған 3 мыңға жуық бала барып, тәрбие алады. Ал осы жерге 350 бала келіп, жұмыс істейтін алты үйірмеге қатысады. Балалар қолда бар заттан неше түрлі зат жасап шығарады. Оның бәрі де баланың дамуына арналған. Сабақтан шыға сала бізге жүгіріп келіп, қиып, пішіп, кесіп әйтеуір қолөнермен айналысып жатады. Біздің арманымыз бөлек ғимаратқа көшу. Әйтпесе өзіңіз көріп тұрғандай бұл жер өте тар. Заттарды қайда қоярымызды білмей де жатамыз, – дейді Клара Саттарқызы.

Расымен де үбір-шүбір бала. Көздің жауын алар мына сәукелелерді бүлдіршін қыздарымыз қолдары майысып тігіп отырғанын көргенде жүрегіміз елжіреді. Моншақтарды қатар тізіп, жағалай көмкеріп, әсем дүниелер шығарған. Бұл баланың ұсақ моторикасын дамытуға көп әсерін береді екен.

Ұжымның өз алдына бөлек ғимарат сұрап жүргеніне көп жылдың жүзі болыпты. Әттең, аядай бөлмені қызу тірлікке айналдырып жатқан мына балаларға сол ғимарат бұйырмай тұр. Бұл жерде тек қолөнермен айналыспайды, ұлттық спорт түрлері де бар. Балалар асық атудан мықты. Үлкендері жақсы нәтиже көрсетіп, атақтары да шығып жүр. Араларында асық атудан чемпион қыздар да бар. Балалар шығармашылығы үйі жыл сайын «Ең үздік балалар ұйымы» атағын да жеңіп алады.

            -Жерге ешқандай зат тастамайыз. Әр нәрсеге жаңаша леп беріп, жан бітіруге болады. Қарасаңыз арнайы дүние сатып алмай-ақ күнделікті қағаз, жіп, моншақтардан түрлі заттар шығады, ­­- дейді Клара Саттарқызы.

Баланың болашағы болсын десек бос уақытын пайдалы өткізген жөн. Ал ол уақыт осы сияқты берекелі ортада өтсе қандай тамаша. Ұжымның тілегі орындалып, өз алдарына отау болып, әр үйірме әр бөлмеде өтіп, мына тамаша заттар орын-орнына ораналасса дейміз. Бұл ұжымның ғана емес, осы жерге күнде келетін бүлдіршіндердің де Қостанай ауданы білім бөліміне, басшыларына айтылған наз деп білерсіздер.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА.

Қостанай ауданы.

Суреттерді түсірген Б.Нұрмұханов.

Жаңалықтармен бөлісу