Ыбырай мектептерінің педагогтері Торғайда бас қосты

Ыбырай мектептерінің педагогтері Торғайда бас қосты

Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің өзі негізін қалаған Торғайдағы тарихи білім ордасында Қостанай облысындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептердің педагогтерінің қатысуымен «Оқушылардың зерттеушілік дағдыларын дамытудағы мұғалімнің рөлі» атты облыстық семинар өтті.

Ауқымды іс-шараны Жангелдин аудандық білім бөлімінің басшысы Абай Қасымұлы жылы лебізімен ашып берді. Мектеп оқушылары Ыбырайдың мектеп ашқан кезеңін сахналады. Мектеп ұжымы хормен «Ыбырай маршын» орындады.

 

Семинар барысында қатысушылар түрлі пән мұғалімдерінің зерттеушілік қабілетті дамыту бағытындағы озық тәжірибелерімен танысты.  

Семинардың практикалық бөлімінен кейін қонақтар мектеп жанындағы обсерватория жұмысымен және Алаш арысы Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған көрмемен танысты. Сонымен қатар, Ыбырай ізімен қолөнерді дамыту бағытында жұмыс істеп жүрген оқушылардың туындылары, жергілікті шебер Елубай ұстаның және кілем тоқу шебері Қарлығаш Нүретденқызының еңбектері көпшіліктің ықыласына бөленді.

Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы білім алған мектепте тарихи дәстүр жалғасын тауып келеді. Замана көшінен қалмай, ғылыми-шығармашылық ізденіске басымдық беріп отырған мектептің жетістігі көпшілікке үлгі болды.

Сондай –ақ, облыстық, республикалық, халықаралық ғылыми жоба байқауларының жеңімпазы атанған оқушылар өз зерттеу жұмыстарын таныстырды. Мектеп өнерпаздары қонақтарға ән мен жырдан шашу шашып, Торғайдың ұлттық дәстүрге бай рухын көрсетті.

Айгүл Марқабайқызы,

Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін аудан мектебінің директоры, Жангелдин ауданы:

 «Мектебіміздегі семинар өте жоғары деңгейде өтті. Мұғалімдер бір-бірімен әдістемелік жаңалықтармен бөлісіп, озық педагогикалық тәжірибелерді ортаға салды. Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне ұйымдастырушылардың жүйелі жұмысы мен қатысушылардың белсенділігі зор әсер ететіні көрінді. Мұндай тәжірибе алмасу алаңы мұғалімдердің шығармашылығын дамытып, кәсіби шеберлігін арттыруда үлкен рөл атқаратыны анық».

Біржан Сағынғанқызы,

Ы. Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектебінің  әлеуметтік педагогы, Федоров ауданы:

«Тарихы терең, шығармашыл ұжым ұйымдастырған семинар жоғары деңгейде өтті. Терең мазмұнды мәліметтермен қатар, тәжірибелік бағыттағы нақты ұсыныстар мен әдістемелер ұсынылды. Ұжымның кәсібилігі, ұйымшылдығы мен шығармашылыққа толы атмосферасы ерекше әсер қалдырды. Қатысушыларға шабыт беріп, болашаққа бағыт көрсеткен семинар үшін үлкен алғысымызды білдіреміз».

Мұрат Зайнуллин,

Ы. Алтынсарин атындағы гимназияның директоры, Арқалық қаласы:

«Торғайдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп ұйымдастырған семинар мен үшін өте пайдалы әрі әсерлі өтті. Онда оқушылардың зерттеу жұмыстарына қызығушылығын арттыру, ғылыми ойлау қабілетін дамыту жолдары қарастырылды. Мұғалімдер өз тәжірибелерімен бөлісіп, зерттеушілік іс-әрекетті  сабақ  үрдісіне енгізудің тиімді әдіс-тәсілдерін көрсетті. Әсіресе, жобалық жұмыс, тәжірибелік тапсырмалар мен сыни ойлауға  бағытталған әдістердің маңыздылығын ерекше атап өтті.

Мұндай іс-шаралар мұғалімдердің кәсіби дамуына, білім сапасын арттыруға зор ықпал етеді. Шығармашылыққа, ізденіске және жаңа әдістемелерді меңгеруге ынталандырды».

Қостанай облысындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептер жыл бойы осындай мазмұнды, тағылымды семинарларды ұйымдастырып келеді. Бұл жолғы іс-шара да жоғары деңгейде көрініс берді. Торғайдағы тарихи мұраларды аралау кезінде аудандық музейлер кешенінің басшысы Гүлбану Құлетқызының әсерлі таныстыруы қатысушылардың ерекше ризашылығын тудырды.

Мұрат Жүнісұлы

                                                                                     Жанкелдин ауданы