Костанайда үшінші рет өртке қарсы күрес қызметкерлері жүгіріске қатысты

Костанайда үшінші рет өртке қарсы күрес қызметкерлері жүгіріске қатысты

Костанай қаласының триатлон-саябағында өртке қарсы күрес қызметкерлері III дәстүрлі жүгіріс  ұйымдастырды. Жылу беру маусымының қарсаңында ұйымдастырылған бұл іс-шара халықтың назарын тұрмыстағы өрт қауіпсіздігіне аударуға бағытталды.

130-дан астам адам қатысқан жүгіріске 45 қатысушы онлайн түрде Қазақстанның басқа өңірлерінен қосылды. Жарысқа құтқарушылар, спорт әуесқойлары, сондай-ақ балаларымен келген отбасылар белсене қатысты.

Қатысушылар 5 000 және 10 000 метрлік қашықтықтарда және скандинавиялық жүріс санатында өз күштерін сынады.

Қостанай облысы ТЖД  ұйымдастырған арнайы көрмеде өрт кезінде зақымданған тұрмыстық заттар, заманауи өрт сөндіруші киімі мен жылу шағылыстыратын костюм көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Андрей Паскарь ТЖД қызметкері. Ол 10 000 метр қашықтық жеңімпазы атанды.

«Мұндай іс-шаралар кәсіби міндетімізден тыс, қоғамға қауіпсіздік мәдениетін сіңірудің тамаша тәсілі. Жүгіріс – тек спорт емес, бұл азаматтық ұстаным», – дейді ол.

Наталья Сокол 10 000 метр әйелдер санатында бірінші келді.

«Бүгінгі атмосфера ерекше. Спорт пен әлеуметтік жауапкершілік осылай ұштасқанда, оның әсері әлдеқайда үлкен болады», – деген оның қуанышында шек жоқ.

Денсаулықты нығайту мен қауіпсіздік мәдениетін насихаттауға бағытталған спорттық іс-шара аясында бірнеше бағыт бойынша абсолютті чемпиондар анықталды. 5 000 метр қашықтықта Влад Ковалёв пен Наталья Бойцова жеңіске жетті. Скандинавиялық жүріс бойынша Александр Смирнов пен Светлана Семенова бірінші орынды иеленді. Екеуі де Қостнай қаласынан.

Бұл жолғы жарыстың ерекшелігі – абсолютті чемпиондарға батылдықтың, шыдамдылық пен күштің белгісі ретінде өрт сөндірушінің белдігі табысталды. Бұл марапат тек спорттық жеңісті ғана емес, сонымен қатар қауіпсіздік саласының маңыздылығын да айқындай түсті.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері естелік медальдармен марапатталды. Сонымен қатар, әрбір қатысушыға қауіпсіздік пен салауатты өмір салтын насихаттауға қосқан үлесін айғақтайтын бірегей медаль табысталды.