«Бізді ешкім естімейді»

«Бізді ешкім естімейді»

Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов Денисов ауданының Алшан ауылына барған сапарында жұртшылықтың осылай деген шағымын тыңдады. Елді мекенге кіреберіс және ішкі жолдар сын көтермейді. Басқаны айтпағанда, қарапайым балалар алаңы да жоқ.

Соңғы жылдары мұнда тіпті, жергілікті әкімшілік мерекелік шараларды да ұйымдастырмайды, той-жиынды жастар өздері өткізіп келеді. Мал бағатын мүмкіндік жоқ, жайылым жетіспейді. КамАЗ жүк көлігімен полигонға дейін қоқыс жеткізу 25 мың теңге. Ал сол қоқыстағы қағаздар, пакеттер жел көтерілсе мұсылман зиратына ұшып, «жаңажылдық шыршаға» айналдырып жібереді. Ал жел кері соқса, Тобыл өзеніне шашылады. Жастар жұмыссыз, көбі алыс-жақын қалаларға кетіп жатыр. Жалақы өте мардымсыз. Баспананы сатайын десең, өтпейді. Ал, көрші ауылға қатынап тұрған автобус бес жылдан бері тоқтап қалған.

Интернетті айтпағанда, ұялы байланыс өте нашар. Бір қызығы, бұл елді мекенге облыс әкімі барған 19 мамыр күні ғаламтор істеп кеткен. Бірақ өңір жетекшісі кеткен мезетте баяғы күнімізге қайта ораламыз ба деген күдікпен қалды…

Тұрғындар аудан басшылығы мен өздері сайлап алған ауыл әкімінің жұмысын қатты сынға алды. Мәселен, қыста боран болған сайын электр бағандары құлап, сымдары үзіліп, жұрт жарықсыз қалып жатады. Ауданнан электр желісінің бастығы келіп, бір айналып қарап өткен де, қайтып айналып соқпаған.

Алшан ауылына су, газ тартылған. Мемлекет осы мақсатқа 1,5 млрд теңге бағыттап отыр. Бірақ құбыр үйлер мен әлеуметтік нысандарға дейін жеткенмен, фельдшерлік амбулаторияға кіргізілмепті. Өңірде жұмыссыздыққа, жалақының төмендігіне қатысты шағым көп. Енді ауылішілік жолды жөндеу қалып отыр.

Тасболат Аяғанов, ауыл тұрғыны:

«Антонов ауылына төселген су құбыры үш жылдан бері қыста қатып қалып жатыр. Өйткені, мердігер компания тас-тақ жерді қазуды машақат көріп, 3 метр емес, бір жарым метрге көме салған. Құбыр төселген алғашқы жылы қыстың 40 градус аязында Антоновтың тең жартысы сусыз қалды. Тағы бір мәселе, ауыз су субсидияланады дегелі екі жыл өтті. Бірақ біз әлі суға қымбат тарифпен төлеп келеміз. Себебі, аудан әкімдігі онымен айналыспай отыр. Сондықтан біз әкімдікті сотқа бергіміз келген, бірақ аудан басшысы Бақыт Нұрғалиев «сотқа бермеңдер, су субсидияланады, біз қайта есептеу жүргіземіз» деп халықпен кездесуде айтып, кепілді хат жазып берді. Енді суды субсидиялау басталған кезде, ол «мынау заңсыз» деп ат-тонын ала қашты. Билік өкілі осылай құрғақ уәде беруге бола ма? Алшан мен Антонов ауылдарының тұрғындары аудан әкімі мен «Дидар» МКК-не шағымданып, сіздің атыңызға хат жазған едік. Бірақ, өзіңізден тікелей жауап болмады, осы мәселені шешіп, жауабын беріңдер деп аудан басшылығына кері жолдаған екенсіз. Олардың жауабына көңіліміз толмайды. Сізден сұрарымыз, хатымызды тағы бір мәрте мұқият зерделеп шықсаңыз».

Аймақ басшысы бұл мәселеге өте мұқият қарауды тапсырды:

«Сіздің шағымыңызға байланысты құқық қорғау органдарына жіті тексерсін деп тапсырма беремін. Құбырды ашамыз, қандай тереңдікке көмілгенін тексереміз. Кейін түсініспеушілік болмас үшін, бұл тексеру тұрғындардың қатысуымен өтуі керек. Егер орындалған жұмыс сапасыз болса, онда кінәлі адамдарға қарсы қылмыстық іс қозғалатын болады».

Әсемгүл Жабылова, ауыл тұрғыны:

«Күйеуім жұмысынан қысқарып қалғаннан кейін, өткен желтоқсанда мал өсіремін деп ниеттенгендерге 2,5 пайызбен несие берілетінін естідік. Біз ауыл әкіміне жүгініп ек, ол бізге жеке кәсіпкерлік субъектісін ашу керектігін айтты. Өзім атаулы әлеуметтік көмекке жүгіндім. Жерімізді ресімдеп, несие алуға өтініш беріп ек, маған АӘК төленбейтін болып шықты. Себебі, күйеуім жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп тұр. Қағаз жүзінде тіркелген, бірақ бір тиын табысы жоқ бизнестің зардабын тартып отырмыз. Әкімнің кінәсінен жолдасым жұмыссыздыққа алып отырған жәрдемақыдан айырылды. Енді осы мәселенің анық-қанығын білу үшін аудан әкімінің орынбсарына барсам, «сендерге кім бірден ЖК ашыңдар деді, оны кейін де аша беруге болар еді» деп отыр. Егер бұлар өз жұмыстарын білмесе, лауазымдық қызметте не үшін отыр?».

Аймақ басшысы бұл мәселенің оң шешілуіне тілектестігін білдірді. Тағы бір мәселе – ауылда мал бағатын адам жоқ. Облыс әкімі келетін күні ғайыптан бақташы табыла кеткен. Құмар Ақсақалов ауыл, аудан көлемінде шешілетін шаруалар облыс әкімінің кездесуінде көтерілгенін сынға алды.

Әсемгүл күтпеген жерден «Мектеп сыныптарына жөндеу жүргізуге ақшаны ата-аналар жинау заңды ма?» деп осы жиынға келген облыстық білім басқармасының басшысы Айман Ибраева бастаған жауаптыларды тығырыққа тіреді. Отырғандар осы айтылғанды қолдап әкетті. Себебі, балалары, немерелері білім алып жатқан соң қаражат жинауға үндемей келісе салады екен.

Екі жыл бұрын Маңғыстаудан көшіп келген Арслан Абдулдың балалары Денисовтегі қазақ мектебінде оқып жатыр екен. Интернатта жатады. Басқасын айтпағанда, ыстық су жоқ. Жуынатын кезде құманмен қайнатып алады. Аймақ әкімі барлық мәселе бір апта ішінде шешілетінін айтты.

Тельман ауылдық округіне Алшан мен Антонов ауылдары қарайды. Бірақ бұл жиынға Антоновтан бірде-бір шаруа қожалығы басшысы келмеген. Кездесу өткен жер – мектептің спорт залы, акустика нашар, дауыс жаңғырып естіледі. Осы жиналысқа бола балалардың оқуын тоқтатып тастаған. Ал жиын өткізу үшін ауылдық мәдениет үйі бар. Тұрғындар мұны боялып-сырланған спорт залды облыс басшысына көрсету үшін ғана жасаған деп отыр.

«Бірақ, менің байқағаным, ауыл, аудан әкімдері тұрғындармен мүлдем кездеспейтін секілді. Құдды билік пен халық бірін-бірі алғаш көргендей. Шаруашылықтардың көп басшылары жоқ бұл арада. Әркім өз күнін өзі көріп жүрген секілді. Азаматтар айтқан өтініш-шағымдардың басым бөлігін менсіз-ақ шеше салуға болады ғой. Ұсақ-түйек шаруалардың бәрі қордаланып қалған. Бұл не масқара! Айтылған барлық мәселені түртіп алдым. Күзге қарай осы ауылға қайтадан оралып, жағдайдың қалай шешімін тапқанын өз көзіммен көріп кететін боламын», – деді қорытынды сөзінде Құмар Ақсақалов.

Ауыл тұрғындарының бір бөлігі жергілікті әкімнің жұмысына қанағаттанытынын, қолынан келгенін жасап жатқанын жеткізді. Жазда суға шомылу кезінде жағажайдың қауіпсіздігін, Алшан мен Антонов ауылдарының арасын жалғайтын жаяу жүргіншілер жолын аяқтап беруді сұрады.

Қиынды 1; Соңғы бес жылда Денисов ауданының халық саны 19 мыңнан 16,5 мыңға кеміген. Негізінен жұмысқа қабілетті адамдар кетіп жатыр. 4 мектеп жабылған. Мал басы 26 мыңнан 24 мыңға дейін төмендеп кеткен. Сүт, ет өндіру кері кетіп жатыр.

Ауданда 26 елді мекен бар, оның алтауы тірек, 14-і спутниктік, жетеуі стратегиялық. 17 ауыл таза ауыз сумен қамтылған. Биыл Приречин, Свердлов елді мекендеріне су құбырын тарту жұмыстары жалғасады. Перелескиге тіршілік нәрін апару жұмыстары басталды. Бұл науқанға осы жылы 1,8 млрд теңге қарастырылып отыр. Биыл өңір 298 мың га алқапқа егін салмақ.

 

 

Жаңалықтармен бөлісу