Айтары мол ақсақал

Айтары мол ақсақал

Ақырын жүріп, анық басып, еңбегін далаға жібермеген ел ақсақалдары аз емес. Солардың бірі – Арқалық қаласының тұрғыны, Аманкелді ауданының құрметті азаматы Мұхтар қажы Қоденов.

Мұхтар Қоденұлы 1935 жылы 25 қыркүйекте дүниеге келген. Ақсақал бүгінде тоқсанға нық толып, жүзге аяқ басты. Сексен мен тоқсанның арасы әркім өзіне өзі қызмет етіп, халықтың алдындағы еңбегінің жемісі мен игілігін көретін кезең.

Балалық шағы соғысқа тап келді. Ағалары әскерге алынды. Әкесі екі жасында дүние салды. Анасының тәрбиесімен, жетелеуімен мектеп бітіріп, әрі қарай талпынып оқыған болды. 1951 жылы жетінші сыныпты бітіргесін Меңдіқарадағы Ы.Алтынсарин атындағы училищеге оқуға түсіп, оны 1955 жылы бітіріп шықты.

Жас маманды Торғай ауданына жұмысқа жіберді. Алайда, жасы ұлғайған анасы оқытып-тоқытқан баласының жанынан ұзағанын енді қаламады. Амал жоқ, ананың сөзін тастамай дайын тұрған жұмысқа бара алмады. Екі-үш ай жұмыссыз жүріп, қиындық көріп, ақырында Байғабыл орталау мектебіне мұғалім болып қызметке орналасып, сол жерде 1957 жылға дейін жұмыс істеді. Мұнан соң, қартайған анасының ауылды жерде тұруына мүмкіндігі болмай бара жатқанын ескеріп, өздерінің әубастағы атамекендері Амантоғайға қоныс аударды. Сөйтіп, сол жердегі орталау мектепке жұмысқа орналасты. Училищені жақсы бітіргендіктен пәндердің қай-қайсына да қабілеті зор болды.

1960 жылы «Торғай шақырады» деген үндеуге байланысты совхоздар ұйымдасатын болды да Мұхтар аға аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Мансұр Шәкіржановтың шешімімен Амантоғайда комсомол ұйымын басқарып, жастармен жұмыс бастады.

Сол шақта «ауылдық кеңесті жандандырамыз» деген ұранға байланысты оны ауылдық кеңестің төрағасы етіп сайлады. Ол кезде Қарынсалды, Горняк, Мирный ауылдары Амантоғай ауылдық кеңесінің құзырына қарайтын. 1965 жылы жаңадан ашылған Родник совхозына партия ұйымының хатшысы етіп жіберді.

Екі жыл сонда қызмет атқарып, кейін аудандық партия ұйымының шешімімен Крупская совхозына директор болып тағайындалды. Ол жерде 13-14 жылдай жұмыс істеп, кейін жағдайдың өзгеруіне байланысты басқа жұмысқа ауысуына тура келді. Өйткені, кезеңдер өзгеріп жатты. 1981-1997 жылдар аралығында Ақсуат совхозында экономист, бас экономист болып, Амантоғай аудандық ауылшаруашылық бөлімінде еңбек етіп, аудан әкімдігінде жоспарлау бөлімін басқарып, 1997 жылы құрметті еңбек демалысына шықты.

 «Менің жұмысым бірыңғай қағаз қарап, цифр санау емес, кадрлармен жұмыс істегеннен кейін сол мамандарды тәрбиелеу, бағыт-бағдар беру басты міндетім деп санадым», – дейді Мұхтар Ходенов ақсақал.

Бірге еңбек етіп, ақыл-кеңесін берген шәкірттері аудандық, облыстық масштабта, кейбіреулері республикалық деңгейде көтеріліп жұмыс істеді. Адамды түсіне білу, талабына сәйкесті жұмыс істеу парыз деп санады. Қай салада болса да өзін шәкірт тәрбиелеген ұстаз санайды. Онымен бірге жұмыс істеген ауыл шаруашылықтың 6 маманы кейін совхоз директоры болды. Ол өзін әрқашан халықтың алдында берешек санады. Сол себепті, 85 жасқа толғанында үлкен ас беріп, елден «кешірім» сұрады. Ондағы ойы  — көп адамдармен бірге қызмет еткендіктен абайсызда біреу-міреуді ренжіткен болсам, кешірімін алайын, көңілін разы қылайын дегені.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қарап отырған жоқ. Амантоғайда тұрғанында Аманкелді ауданының өсіп-дамуына, жастардың тәрбиесіне, қариялардың береке- бірлігіне атсалысты. Міне, Арқалыққа қоныс аударғанына да үш жылдың жүзі болды. Сұраған жанға ақыл-кеңесін айтудан қашқан емес. Әлі де болса өзін халыққа қызмет етуге міндеттімін деп санайды.

Көпті көрген көнекөз қарияның жастық кезеңінде үлгі тұтқан азаматтары да аз болмаған. Ол үшін Мақтай Сағдиев, Еркін Әуелбеков сынды ел басқарған, есімдері әлі күнге дейін ел аузында жүрген тұлғалардың әрқашан орны бөлек.

«Еркін Нұржанұлы 1979 жылы Республикалық сарайда бес жарым мың адам қатысқан үлкен жиында сөйлеген сөзінде: «Торғай  облысы халқының еңбек өнімділігі республикалық орташа еңбек өнімділігінен  үш есе артық. Бұл дегеніңіз республиканың үш адамының атқарған еңбегін Торғайдың әр адамы атқарады деген сөз», – деп елдің мерейін шығарды.

Мұхтар аға өзі араласып сыйласқан Қабжан Нұрахметов, Нұрхан Ислямиев, Едрес Смағұлов, Мархабат Томанов, Шахмардан Есенов, Аманжол Халықов сынды әр саланың жетекшісі болған азаматтардың адалдығы мен іскерлігіне тәнті болғанын айтудан жалықпайды. Өзінен тәлім алған азаматтар да аз болмаған. Олардың қатарында Мейрам Хамидуллин, Серік Ақылбай, Мұхтар Мамыров тәрізді азаматтардың есімдерін құрметпен атауға болады.

«Ағаңның келген қонағын жөнелттім. Ерте болсын, кеш болсын қабағымды шытпай жолдас-жораларының алдында ұятқа қалдырмауға тырыстым. Бала-шағаның да өсіп-өніп жатқаны осы кісінің арқасы», – дейді Мұхтар атамыздың құдай қосқан қосағы Кенжесары Шаяхметқызы.

Отағасынан бір-екі жас қана кішілігі бар Кенжесары апай 11 құрсақ көтерген. Балалары өсіп, ержетіп әрқайсы өз алдарына тіршіліктерін жасап жатыр. Бұл кісінің де әкесі ес білмей тұрып дүние салған. Әкесі соғысқа аттанып, оның соңынан әскерге жасы толмаған інісі де қоса кеткен. Әкеден қалған қос қыз қазір бір өңірде жұптарын жазбай өмір сүріп келеді. Сіңілісі әкесі майданға аттанған соң бір айдан соң дүниеге келген.

Мұхтар ағаның өмірлік ұстанымы — адалдық. Адалдық бар жерде достық бар, адалдық бар жерде сыйластық бар. Біреуге зиян көрсетіп, соның арқасында бақытқа бөленуді адамшылық деп есептемейді. Біреуді жұмсаса ол қашан оралып келгенше соның амандығын тілеп байыз таппады. Басты қағидаттарының бірі — өтірік уәде бермеу, өтірік айтпау. Отбасын тек өзінің адал еңбегімен асырап, тәрбиеледі.

«Адам баласының өсіп дамуында құпиялықтар мен философиялық жағдайлар өте көп. Адамның рухани талабы және материалдық талабы бар. Материалдық талабы азық-түлік немесе киім-кешек бұл арифметикалық жолмен өседі. Рухани талабы геометриялық жолмен өседі. Арифметикалығымыз қосылып дамиды, геометриялық жол көбейту, яғни еселеніп дамиды. Сондықтан, адам қанша тырысқанмен өзінің рухани талабын толық қанағаттандыра алмайды. Мұқтаждық адамға жаңалық аштырады. Егерде, мұқтаждық болмаса онда ол адамның өмірінің аяқталғаны. Жаңалықты тек қана мұқтаждық ашады. Адамды күннен — күнге талаптандырып, жұмыс істету деген де осы мұқтаждықтан туады. Мұқтаждық болмаған жерде тіршілік жалғаспайды. Мұқтаждық адамды талаптандырушы. Адамды ізденіске салып, жұмыс істетуші. Адамның өміріндегі жаңалықтардың бәрі қажеттіліктен, мұқтаждықтан пайда болады. Халықтың көбеюіне мән беруіміз керек. «Өмірге ұрпақ келген сайын сол елдің экономикасын қан жүгіреді» дейді атақты Черчилль. Халықтың әл-ауқаты жақсару үшін, мемлекет нығаю үшін ұрпақ көп болу қажет. Абайдың әкесі Құнанбай жаратушыдан мынадай тілек тілеген екен. Олар: бақыт, байлық, билік. «Осы үшеуін халықтың игілігіне жаратып жұмсай алмасам, онда мені мұсылманның ең сорлысы қыл» дейді. Адамға ең басты қажеттілік: білім, қанағат, талап. Осы үшеуі тұрған жерде адам баласы қатарынан кем болмайды», – дейді айтары мол ақсақал.

Елдің тілегін тілеп, көненің көзі, жас ұрпақтың ақылшысы болып отырған қарияларымызға бақуатты ғұмыр тілейміз.

Мұрат Жүнісұлы

Арқалық қаласы