Биыл еліміздің бас құжаты саналатын Конституцияға 30 жыл толды. Осы ретте Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінің Қылмыстық саладағы құқықтық ақпаратты қалыптастыру бөлімінің бастығы Мирас Нұрсұлтановпен кездесіп, заң шеңберінде және алаяқтық пен жемқорлық тақырыбында әңгімелескен едік. Бөлім басшысы деректер келтіріп, облыстағы ахуалдан мәлімет берді.
Жемқор да, алаяқ та қоғамның жауы. Қоғамдағы қылмыстық ахуал, әсіресе алаяқтық пен сыбайлас жемқорлық мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайтуда кедергі болып отыр. Қостанай облысындағы соңғы статистикалық деректер бұл бағыттағы ахуалды айқындай түседі. Бөлім басшысының айтуынша, интернеттегі алаяқтар тұрғындарға миллиардтап шығын келтірген.
«Осыдан 30 жыл бұрын қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы құқықтық жүйенің негізі саналады. Мемлекеттің басты құндылықтарын, адам, оның құқықтары мен бостандықтары, заңның үстемдігі, мемлекеттің азаматтар алдындағы жауапкершілігін айқындайды. 2025-2030 жылдарға арналған заң және тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі тұжырымдама құқықтық мәдениетті дамытуға, мемлекет институттарына деген сенімді нығайтуға және тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл процесте негізгі рөлді құқық қорғау органдары атқарады, олардың қызметі қылмысқа қарсы күреске ғана емес, сонымен қатар Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының алдын алуға, қорғауға бағытталуға тиіс», – дейді Мирас Нұрсұлтанов.
Соңғы жылдары интернет-алаяқтық саласында алаяқтық қылмыстар санының өсуі байқалады. ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінің мәліметінше, осы жылдың сегіз айында облыстағы алаяқтық әрекеттерден 1327 адам зардап шеккен. Оның 474-і ер адам, 853-і әйелдер. Зардап шеккендердің арасында үш кәмелетке толмаған және 155 зейнеткер бар.
«Қылмыстардың ең көп саны Қостанайда 839 дерек. Рудныйда 172, Қостанай ауданында 61 дерек, Жітіқарада 52 және Лисаков қаласында 38 дерегі тіркелді. Интернеттегі алаяқтық – алдаудың кең тараған түрі. Осы жылдың өзінде интернет-ресурстарды пайдалана отырып, қаражатты ұрлаудың 1103 жағдайы тіркелді. Бұл алаяқтықтың жалпы санының 81% құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда осы қылмыстың өсімі – 28,7%. Мұндай қылмыстардан келтірілген залал 2,5 миллиард теңгеге жетті. Бұл ретте сотқа дейінгі тергеу барысында осы соманың тек 3,2%-ы ғана өтелді. Ең көп таралған алаяқтықтар құпия деректерге (фишинг) сайттар, электрондық пошта, смартфондарға арналған сілтемелер мен қосымшалар арқылы қол жеткізу, жалған интернет-дүкендер мен хабарландырулар жасау, банктерден жалған СМС хабарландырулар мен телефон қоңыраулары, онлайн-қарыздарды ресімдеу және т. б. арқылы жасалады», – дейді бөлім басшысы.
Мысал келтірер болсақ, азамат К.Алматы қаласында болған кезде «Instagram» әлеуметтік желісіндегі онлайн-дүкен арқылы жәбірленушілерге іс жүзінде жеткізілмеген тауарларды сату сылтауымен Қостанай облысының тұрғындарына қатысты алаяқтық әрекеттер жасаған. Осы іс-әрекеттердің салдарынан жалпы шығын 346 000 теңге болған. Азамат бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның шартты мерзіміне сотталған.
«Егер алаяқтық ең көп таралған мүліктік қылмыстардың қатарына жатса, онда сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттері мемлекеттік қызмет пен басқару саласына әсер етеді. Яғни, жекелеген азаматтар ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік мүдделерге де зиян тиеді. Сол себепті, алаяқтықтан қорғау жөнінде барынша сақтық шараларын жүргіземіз. Тұрғындар онлайн сатып алу кезінде сақ болғаны жөн. Сатушының сенімділігін тексеріп, күмәнді сайттарда алдын-ала төлем жасаудан аулақ болу қажет. Хабарламалардан немесе электрон пошталардан күдікті сілтемелерге өтпеу керек. Әсіресе, жеке деректерді енгізуден аулақ болған дұрыс. Әңгімелесушіні банктің немесе мемлекеттік қызметтің қызметкері ұсынса да, SMS-тен кодтарды және басқа да құпия ақпаратты ешкімге бермеу керек», – дейді бөлім басшысы.
Маман құпия сөздердің күрделі болғаны жақсы дейді. Сондай-ақ, ұдайы жаңартып отыру да артық етпейді. Бұл ұсыныстардың барлығы алаяқтардың құрбаны болу қаупін азайтуға септігін тигізеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарының бірі. Мирас Нұрсұлтанов ресми деректер келтіріп өтті. Айтуынша, соңғы сегіз айда облыста 43 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркеліпті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,4 пайыз кем. Бұл мемлекеттік саясаттың тиімділігін және заң үстемдігі принциптерінің жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.
«Сыбайлас жемқорлықтың көп тараған түрі пара беру. Бұл санаттағы қылмыстардың саны – 23. Пара алу бойынша 12 қылмыс тіркелді. Ал төрт дерек лауазымдық өкілеттілікті теріс пайдалану бойынша. Тіркелген сыбайлас жемқорлық қылмыстардың жалпы санының төмендеуіне қарамастан, пара беру 15-тен 23-ке дейін, лауазымдық өкілеттіліктерді теріс пайдалану үштен төртке дейін, пара алу 11-ден он екіге дейін өсіп отыр. Сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін 38 адам сотталды. Оның 27-сі пара бергені үшін, сегізі пара алғанына, үшеуі пара алудағы делдалдығы үшін жаза арқалады. Сондай-ақ, төрт адамға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Қалған адамдарға жалпы сомасы 9 миллион теңгеден астам қылмыстық айыппұл салынды», – дейді Мирас Нұрсұлтанов.
Өңірдегі сыбайлас жемқорлық қылмыс деңгейінің төмендеуі мемлекеттік саясаттың тиімділігін және азаматтардың заң алдындағы құқығы мен теңдігінің Конституциялық қағидаттарының дәйекті іске асырылуының айғағы.
«Жалпы, қылмыс динамикасы көп бағытты тенденцияларды көрсетеді. Яғни, алаяқтық, әсіресе интернет-ортада қылмыстар санының өсуі бар, ал сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша олардың жекелеген түрлерінің ұлғаюымен бірге жалпы деңгейдің төмендеуі байқалады. Бұл процестер заңның үстемдігінің, азаматтардың құқықтарын қорғаудың және барлығының заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етудің конституциялық принциптеріне негізделген қарсы тұрудың кешенді тәсілінің қажеттілігін көрсетеді», – дейді бөлім басшысы.
Бұл мәселелерді шешу үшін тек құқық қорғау органдарының жұмысын күшейтіп қана қоймай, сонымен бірге азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға да мән берген жөн. Сондай-ақ жеке қауіпсіздік шараларын сақтаудың маңыздылығын түсіндірген де артық емес.
Сералы МЫРЗАБАЙ
