Халықаралық музейлер күніне орай Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Музей түні -2023» интерактивті акциясында жиналған халықтың қарасы көп болды.
Біздің өңірде 2010 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді. 18 мамырда бүкіл әлем «Музей күнін» атап өтіп келеді. Шараның ашылу салтанатында облыстық тарихи-өлкетану мұражайы директоры Батырхан Жұмабаев биылғы шара барынша мазмұнды, қызықты етуге тырысқанын айтады. Келген көрермендер арасында лотерея ұйымдастырылды.
«1992 жылдан бері мереке жыл сайын музей жұмысының ерекшеліктеріне байланысты белгілі бір тақырыппен өткізіліп келеді. Музейлер қауымдастықтардың әл-ауқаты мен тұрақты дамуына маңызды үлес қосады, мәдени алмасудың, мәдениеттерді байытудың және адамдар арасындағы өзара түсіністікті, ынтымақтастық пен бейбітшілікті дамытудың маңызды құралы. 2023 жылғы музейлер күнінің тақырыбы – «Музейлер, тұрақтылық және әл-ауқат». Тақырыптық фестивальдер осы маңызды мәдени оқиғаға орайластырылған, олардың ішіндегі ең танымалы «Музей түні». Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы ұжымы осымен 13-ші рет қостанайлықтармен бірге кәсіби мерекесін атап өтіп келеді. Қостанай жеріндегі мұражай ұжымдары арасында осынау ерекше күнді халықпен бірге атап өтетін жақсы үрдіс қалыптасты. Бүгінгі шараның бағдарламасын халықтың көңілінен шығатындай етіп жасауға тырыстық, – дейді облыстық тарихи-өлкетану мұражайы директоры Батырхан Жұмабаев.
Мерекелік кеште қостанайлықтарға түрлі бағдарламалар ұсынылды. Атап айтар болсақ, қызықты көрмелер мен шеберлік сабақтары, шығармашылық квестер мен викториналар, музыкалық бағдарламалар және спорттық өнер көріністер және т.б.
Бағдарлама 16:00-де басталды. Кішкентай бүлдіршіндер викторинаға қатысып, қуыршақ театры мамандарының шеберлік сағатын тамашалап, би биледі. Музейдің екінші қабатында Екінші дүниежүзілік соғысқа арналған экспозициялық залда алғаш рет көрермендердің көздерін байлап тастап экскурсия жасалды. Көрші залда зияткерлік спорттық сайыстар өтіп, балаларға арналған шеберлік сабақтары өткізіліп жатты.
Бірінші қабатта сиқыршының өнерін тамашалап, саздан құмыра жасап, тіпті өз портретін салдыртып алып жатқан тұрғындар да болды.Музейдегі үлкен залына шеберлер орналасыпты. Мұнда шеберлердің қолынан шыққан ойыншықтар, кестелер, әшекейлер, ұлттық киімдер қойылған.
Мерекелік іс-шара барысында «Қостанай таңы» газетінің ақпараттық демеушілігімен, қазақстандық суретші Аңсаған Мұстафа, салауатты өмір салтын қалыптастыру клубының демеушілігімен ұтылыссыз лотереяның ұтыс ойыны өткізілді. Бұл акцияны ұйымдастырушы «ИКОМ» Қазақстан музейлер кеңесі» қоғамдық бірлестігі. Жүздеген жүлделердің ішінде – бас жүлде – Smart TV, сондай-ақ басқа да бағалы сыйлықтар ойнатылды. Соның ішінде ұтысқа қатысушылар Роза Рымбаева, Валерий Меладзенің Қостанайда өтетін концерттеріне билеттер ұтып алды. Бас жүлде қала тұрғыны Нина Зохлачеваға бұйырды.
«Музей түнін жыл сайын тамашалаймын. Биыл ұтысқа қатысуға билеттер сатып алдым. Көп қатысушылардың арасынан басты сыйлық маған бұйырғанына қуаныштымын», – дейді Н. Зохлачева.
Қала тұрғындары өз қалауларымен Халықаралық музейлер күнін тойлауға орай ұйымдастырылған «Музейге сый тарту» акциясына қатысып, музейдің әлеуметтік желілерінде тікелей эфирде өз тілектерін білдірді.
Суреттерді түсірген Б. АХМЕТБЕКОВ, Б. КӨРКЕМБАЕВ.