Қостанай облысында көктемгі егіс жұмыстары басталды

Қостанай облысында көктемгі егіс жұмыстары басталды

Бүгінде көптеген шаруашылық  сұлы, арпа егіп болды. Енді майлы дақылдар мен бірыңғай бидайға кіріседі. Солардың бірі – Қостанай ауданындағы “Олжа-Садчиковское” ЖШС-інде  науқандық жұмыстар қыза түсті.

Мұндағы  диқандар жұмыс ырғағынан жаңылып көрген емес. Шаруашылықтың бүкіл техникасы қазір егіс алқаптарында жүр. Дала жұмыстарына үш бригада жұмылдырылған. Таң алакеуімнен қас қарайғанға дейін механизаторлар қызу еңбектен арылар емес. Мақсат – науқандық жұмыстарды межеленген күні аяқтау.

Серіктестіктің егіс алқабында трактор гүрілінен құлақ тұнады. Бірер күн бұрын  жауған жаңбырдың кесірінен жұмыстары тоқтаған диқандар алқап кепкен соң, қайта оралды.  Жұмыс қауырт. Алда талай шаруа тұр. Марат Сейіткереев №1-ші егіс бригадасының бригадирі болып жұмыс істейді. Өзінің адал еңбегінің арқасында қатардағы механизаторлықтан өндірістік басқарушы қызметіне жоғарылатылған. Темірдей тәртіпті жаны сүйеді. «Тәртіп болған жерде жұмысқа алаңдамайсың. Сондықтан, босаңсуға жол  бермеймін», – дейді бригада жетекшісі.

Марат Балғаұлы басқаратын бригада бұған дейін 839 гектарға малға қажетті арпа, сұлы, күнбағыс, жоңышқа екті. Кешелі бері алқапқа бидай тұқымын сеуіп жатыр. Биыл №1 бригада 8 мың гектарға дән сіңіреді.

– Таңертеңгі 8-ден бастап осы егістік басындамыз. Механизаторлар кешкі 11-12-ге дейін алқаптан аттап баспайды. Тіпті,  екі “Джон-Дир” егіс кешені екі ауысыммен  жұмыс істейді. Өйткені, көктемгі дала жұмыстарын мерзімінде аяқтау шарт, – дейді бригадир Марат Сейіткереев.

Оның қарамағында жиырма шақты адам жұмыс істейді. Бәрі өз ісінің білгірі. Тәжірибелері мол. Мәселен, Алпысбай Дәукеев 16 жасында трактор руліне отырған. Бір сөзбен айтқанда, тісқаққан маман. 2016 жылдан бері осы “Олжа-Садчиковское” ЖШС-інде еңбек етеді. Бригададағы мақтаулы механизатордың бірі. Ал, Мейірбек Сейіткереевтің еңбек өтілі жиырма жылдан асады.  Жастайынан техникаға әуес жігіт өз шаруасына мығым. Әбден машықтанып алған.

– Әркім өзіне тиесілі жұмысты  сапалы әрі уақытылы аяқтаса, соғұрлым еңбек өнімді келеді. Кейде  біз өзімізге белгіленген нормадан тыс жұмыс істейміз. Мәселен, күніне бір механизатор 37 гектар алқапқа дән сіңіру керек болса, біз оны 40-50 гектардан асырып жібереміз. Жалақымыз да  еткен еңбегімізге қарай төленеді, – дейді Мейірбек.

“Олжа-Садчиковское” ЖШС 15,5 мың гектар алқапқа дән себеді. Оның 7 мың гектары қатты, жұмсақ сортты бидайдың еншісінде. Қалғанына жасымық, жүгері, қыша, күнбағыс, рапс, зығыр тәрізді майлы дақылдар мен жемдік азықтар егіледі.  Көбіне  “Марина саратовская”, “Тобольское”, отандық “Айна”, Шортанды-212″ сұрыпты тұқымдарды сіңіреді. Шығымы жаман емес дейді  кәнігі мамандар. Тұқымды әр жиын-терім сайын адалдың алдымен қоймаға тасып алады. Бұл жағынан ешқандай қолбайлау жоқ.

– Бізге 1500 тонна тұқым жеткілікті. Олардың ішінде “Тобольское”  тұқымы тәрізді кеш пісетіндері болады. Сондықтан, ең бірінші соны себеміз. Өткенде жаңбыр жауғанда бірер күн тұрып қалдық. Қазір күн райы жақсы. Осы сәтті  пайдаланып қалуымыз керек. Әзірге жерде 11 мм ылғал бар. Бұл бастапқыда жеткілікті. Егіннің бітік шығуына маусым, шілде айларында кемі екі жаңбыр болса жетіп жатыр, – дейді серіктестіктің Бас агрономы Ерлан Жетімеков.

Жалпы, “Олжа-Садчиковское” ЖШС-інде он алты   К-700,  үш  “Ловол”, бірнеше комбайн бар. Шаруашылық жыл сайын машина-трактор паркін жаңартып отырады.  Мәселен, былтыр бір К-742 тракторын, “Класс” комбайынын сатып алды. 7 жаңа агрегат әкелді. Мұның бәрі жұмыс өнімділігіне үлкен сеп. Шаруашылықтың Бас агрономы Ерлан Жертімековтің айтуынша, жеңілдетілген бағамен берілетін 60 тонна дизель  отынын тасып алған. Бұл көктемгі дала жұмыстарына толық жетеді дейді маман.

– «Баптай білсең жер жомарт» дегенді бабаларымыз бекер айтпаған. Жерден жақсы өнім алу үшін, оны барынша күтіп, мәпелей білу керек. Сонда ғана мол өнімге қол жеткізуге болады. Біз жылда егін орағынан кейін алқаптарды жыртып, келесі егіске дайындап қоямыз. Химиялық өңдеу жасаймыз. Ылғал жабу жұмыстары да өз уақытымен жүргізіледі. Жазда арам шөпке қарсы шаралар қолға алынады. Мұның бәрі болашақ егіннің жақсы пісіп-жетілуіне әсер етеді, – дейді Бас агроном.

Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері егін алқаптарын әртараптандыруға баса назар аудара бастады. Яғни, жыл озған сайын майлы дақылдардың егісі ұлғайып келеді. Өйткені, бидайға қарағанда, майлы дақылдардың нарықтағы құны екі-үш есе жоғары. Әрі сұраныс бар. “Олжа-Садчиковка” ЖШС-і де осындай тиімді шараға нақты көңіл бөліп отыр. Оған дәлел, шаруашылықта жоғарыда айтқанымыздай зығыр, рапс, қарақұмық, қыша, жасымық алқабы кеңейе түскен. Шаруашылықта науқандық жұмыстар уақытында үш бригада жұмыс істейді. Олардың әрқайсысының өз міндеті бар. Әр бригада  да жиырма адамнан еңбек ететінін ескерсек, серіктестіктегі алпыстан астам адам науқандық жұмыстарды қысқа мерзім ішінде өткеруге жеткілікті. Шаруашылық басшылары егіс жұмыстарын 1 маусымға дейін толық аяқтаймыз деп отыр.

Айта кету керек, үстіміздегі жылы облыс диқандары барлығы 4 млн. 960 мың гектарға дән сіңірмек.

 

Қостанай ауданы

Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

Жаңалықтармен бөлісу