Бұл күндері Арқалықта жылдар бойы бос тұрған көпқабатты ғимарат Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің оқу корпусына қайта жөндеуден өтіп жатыр.
Құрылыс жұмыстарының барысымен облыс әкімі Құмар Ақсақалов қалаға сапарында арнайы барып танысты.
Жобаны жүзеге асыруға мемлекеттік қордан 2 миллиярд теңгеге жақын қомақты қаражат бөлінген. Құрылыс мердігері «Алминстрой» ЖШС бас директоры Абай Мұқановтың мәлімдеуінше қазіргі уақытта ғимаратқа қажетті терезелердің басым бөлігі салынып, кіреберіс және қасбеттік өңдеу жұмыстары жүргізілуде.

Бір сөзбен айтқанда сыртқы және ішкі монтаждау жұмыстары қарқын алып, төменгі қабатта стяжка құю басталды.
Ғимаратты қалыпқа келтіру жұмыстары өткен тамыз айында ғана басталған. Құрылысшылар уақытпен санаспай өте қарқынды іс атқаруда. Нысан тез арада толығымен қоқыстан тазартылып, құрылыс ошағын қалыпқа келтіру, маңайын абаттандыру шаруалары бірден қолға алынған.
Құмар Іргебайұлы бұған дейін де нысанды бірнеше рет аралап көріп, оны іске қосуға қатысты нақты тапсырмалар берген болатын. Облыс әкімі айтқандай оқу корпусы білім алушыларға жайлы, жарық әрі кең болуы тиіс. Соған сай жиілік қабырғалар алынып тасталып, кеңейтілген орындар шыныдан орнатылуы тапсырылған еді.
Облыс әкімі мердігермен кездескенде осы талаптарды тағы бір мәрте пысықтады. Жоспар бойынша құрылысты пайдалануға беру мерзімі алдағы жылдың наурыз айына белгіленген. Алайда, жергілікті мердігер уақытты екі есеге дейін қысқартып, жаңа нысанның құрылысын жыл соңына дейін аяқтауды межелеп отырғанын жеткізді.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев
Арқалық қаласы
