IT саласының өсуі және жасанды интеллектіні дамыту стратегиясы: Жолдау – 2024 қалай іске асырылуда?

IT саласының өсуі және жасанды интеллектіні дамыту стратегиясы: Жолдау – 2024 қалай іске асырылуда?

«Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдерге цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне айрықша назар аударуды тапсырды. Осыған байланысты Үкімет цифрлық шешімдер мен ЖИ технологияларын еліміздің экономикалық өсімін жеделдетудің негізгі тетігі ретінде қарастыра отырып, оларды барлық салаға енгізу жұмыстарын күшейтіп жатыр. Бұл туралы primeminister.kz сайты жазды.

Елімізде салаларды цифрлық трансформациялау айтарлықтай нәтиже беруде 

2021 жылдан бастап жүргізіліп келе жатқан ауқымды цифрлық трансформация аясында Қазақстан Республикасы министрліктерінде мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға, әкімшілік және сыбайлас жемқорлық кедергілерді азайтуға, сондай-ақ азаматтар мен бизнеске көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған цифрлық шешімдер кешені енгізілді.

Соның арқасында көлеңкелі экономикадан 28 млрд теңгеден астам қаражат шығарылып, 13 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделген. Енгізілген шешімдердің жалпы тиімділігі 51,3 млрд теңгеге тең. Мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімі 20 есе қысқарған. Сыбайлас жемқорлық және әкімшілік кедергілер төмендеді.

Клиентке бағдарланған, ашықтық, тиімділік және барынша автоматтандыру қағидаттарына негізделген мемлекеттік басқарудың платформалық моделі енгізілуде. Қызмет көрсету процесінде азаматтың қатысуын барынша азайтатын проактивті қызмет көрсету механизмдері іске қосылды.

Цифрлық үкіметті қолдау орталығы құрылды, сондай-ақ Цифрлық үкімет офисімен бірлесіп бизнес-процестерді реинжинирингтеу тәжірибесі енгізілді. Бұл тиімді шешімдерді талдауға, қайта жобалауға және ауқымдауға мүмкіндік береді.

«Қазақстан цифрландыру бойынша әлемдегі 193 елдің ішінде 24-орында тұр. Ал онлайн қызметтер индексі бойынша топ он елге кіреді. Қазір мемлекеттік қызметтердің 92%-ын онлайн алуға болады», — деді цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.

Қостанай өңірі «Smart sity» тұжырымдамасына сәйкес, цифрлық технологияларды қолданысқа енгізу жөнінен Алматы, Астана және Қарағандыдан кейін 4-орында тұр. «Ақылды қалалар» рейтингінде 2022 жылы – 14, 2023 жылы 8-орыннан көрінген еді. Бұл да болса заманға сай даму тұрғысынан қадамның жеделдей түскенін көрсетеді.

Азаматтарға арналған цифрлық сервистер: ыңғайлы, жедел әрі ашық 

Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларды жүзеге асыру аясында елімізде G2C (азаматтарға арналған мемлекет) форматындағы цифрлық сервистер белсенді түрде енгізіліп жатыр. Бұл мемлекеттік қызметтерді алуды жеделдетіп, ашық әрі қолжетімді ете түсуде.

Электронды медициналық анықтамалар мен еңбекке уақытша жарамсыздық парақтарын цифрлық форматқа толық көшіру көлеңкелі экономиканы 7,5 млрд теңгеге қысқартып, жүйенің ашықтығын қамтамасыз етті. Бюджет қаражатынан 450 млн теңге үнемделді. 1,5 млн қызмет түрі қамтылған телемедицина сервисі қашықтан кеңес беруге және диагностикалауға жол ашты. Бұл халықтың 13 млрд теңгеден астам қаржысын үнемдеді.

Қостанай облыстық ауруханасында жасанды интеллект көмегімен ишемиялық және геморрагиялық инсультті ерте автоматтандырылған диагностикалау бойынша «Сerebra» пилоттық жобасы сәтті жүзеге асырылған. Сондай-ақ «Жасанды интеллект» ғылыми-инновациялық орталығымен сүт безі обырын диагностикалау үшін зияткерлік жобаны енгізу туралы уағдаластық бар. Бұл мультимодальды деректерді талдау негізінде 98% дәлдікпен диагноз қоятын бірегей технология. Бұдан бөлек, білім саласы да цифрлық технология игілігін көре бастады.

Балабақшалар мен мектептерге қабылдау цифрлық форматқа ауыстырылды. Процестің салыстырмалы жақсаруы 46%-ды құрады. Оқушының бір мектептен екінші мектепке ауысуына бұрын бес күн кететін, қазір бір күнде ауыса алады, бұл тиімділікті 66%-ға арттырды.

Мұғалімдердің біліктілігін арттыру енді жылдамырақ жүзеге асады. Автоматты іріктеу және цифрлық тарату мерзімдерді екі-үш айдан екі аптаға дейін қысқартты. Үнемдеу көлемі 119 млн теңгені құрады. Колледжге қабылдау да жеңілдетілді: онлайн өтінімдер мен жеңілдікті мәртебені автоматты түрде тексеру құжаттарды өңдеу мерзімін бес күннен отыз минутқа дейін қысқартты.

ЖОО-ға қабылдау және жатақханаға орналастыру онлайн түрде жүзеге асырылады, бірыңғай қызмет құжат тапсыруға, емханаға тіркелуге, әскери есепке тұруға және жатақханадан орын алуға мүмкіндік береді. ҰБТ электронды сертификаты енгізілгендіктен бюджеттен 83 млн теңге, ал азаматтар 300 млн теңгеден астам қаржы үнемдеді.

Қостанай облысында да жемісті жұмыстар аз емес. Жасанды интеллект, цифрлық технология өңірдегі 4 ЖОО және 13 колледжде оқытылып, арнаулы кадрлар даярлана бастады. Мәселен, былтыр ғана М.Дулатұлы атындағы Қостанай индустриялы-экономикалық университетінде Жасанды интеллект кафедрасы ашылған. Заманауи бағыт Рудный индустриялық университетінде де қолға алынған.

«Президентіміздің «АI-Sana» бағдарламасын қабылдағаны бәрімізге мәлім. Соның аясында барлық ЖОО 650 мың маман даярлауы қажет. Көптеген жаңа инновациялық әдістер қолданудамыз. Алматы, Астана сияқты ірі қалалардан студенттерге жасанды интеллекті үйретуге көптеген білікті маман шақырдық. Оның үстіне, бізде бес чат-бот бар. Ол оқуға түскен балаларға құжаттар тапсыруды жеңілдетуге, басқа да рәсімдерді оңтайландыруға септігін тигізеді», – дейді Рудный индустриялық университетінің ректоры Нұрбек Сапарходжаев.

Қолдау көрсетудің атаулылығын арттыру үшін «Әлеуметтік әмиян» жобасы енгізілді. Бірінші блок – 2369 мектепте тегін және жеңілдікпен тамақтандыру енгізілді, ал 3950 мектепте ыстық тамақты есепке алу үшін «Бизнес әмиян» жұмыс істейді.

«Біз әлеуметтік салада цифрлық шешімдерді енгізіп жатырмыз. «Әлеуметтік әмиян» жобасы тегін тамақпен қамтамасыз етуді қадағалауға, тіркеуді алып тастауға және бюджет қаражатын тиімді жұмсауға мүмкіндік береді. Бүгінде бұл құрал еліміздің барлық мектебінде енгізіліп, кеңейтілуде», — деп толықтырды Жаслан Мәдиев.

blank

Жолдау-2024: тұрақты өсу, жасанды интеллектіні дамыту және білім беру бастамалары

IT саласы тұрақты түрде өсіп келеді. Еліміздегі IT-компаниялар саны 18 мыңнан асты, соңғы үш жылда өсім 16%-ды құрады. 1700-ден астам қатысушыны біріктіретін Astana Hub халықаралық технопаркінің дамуы маңызды драйвер болды. Резиденттердің жиынтық табысы 1,2 трлн теңгеге жетті, экспорттық кіріс 140 млрд теңгеден асты.

Өңірлік ІТ хабтар инновациялық экожүйенің негізгі элементіне айналды. Қазірдің өзінде Қазақстанда олардың 19-ы бар. Сонымен қатар Сауд Арабиясы, АҚШ, Ұлыбритания, Дубай және Қытайда шетелдік алаңдар ашылды.

Astana Hub халықаралық серіктестермен бірлесіп стартап-экожүйені дамытуда. AI’Preneurs және Silk Way Accelerator (Google-мен серіктестікте) бағдарламалары шеңберінде қазақстандық жобалар әлемдік нарықтарға шығуда. AlchemistX, Draper University және Silkroad Innovation Hub-пен ынтымақтастықтың арқасында Кремний алқабында 40-тан астам стартап акселерациядан өтті. 2026 жылға қарай Қазақстан $1 млрд көлеміндегі IT-қызметтер экспортына қол жеткізуді мақсат етіп отыр.

Tech Orda бағдарламасы 2025 жылы 100 000 IT маманын оқытуды қарастырып отыр. Онлайн және офлайн бағдарламалар – Tomorrow School, AI’Preneurs, Decentrathon 2.0, сондай-ақ мамандандырылған курстар: AI-People Bootcamp и AI Quest 1.0 жүргізілуде.

Сондай-ақ Орталық Еуразияда алғаш рет мемлекеттік қызметшілерді ЖИ-мен жұмыс істеу дағдыларына үйрететін AI Qyzmet бағдарламасы іске қосылды. Ол жұмыс процестеріне цифрлық құралдарды енгізу арқылы мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға бағытталған.

«2024-2025 жылдар ЖИ саласындағы маңызды бастамалар кезеңі болды. 2029 жылға дейінгі тұжырымдама бекітілді, ЖИ және цифрлық трансформацияны дамыту стратегиясы, сондай-ақ жасанды интеллекті бойынша заң жобасы әзірленуде», — деді Жаслан Мәдиев.

Халықаралық Alem.AI жасанды интеллекті орталығын іске қосу жұмыстары жүргізілуде, бұл мамандарды даярлау және ғылыми зерттеулер алаңы болады.

Жақында қазақ тіліндегі ең ірі тілдік модель – AlemLLM баршаға қолжетімді бола түсті. Оны стартаптар, университеттер, компаниялар және халықаралық платформалар қолдана алады.

Шілде айында Орталық Азиядағы алғашқы alem.cloud суперкомпьютерлік кластері іске қосылды. Бұл бизнес пен зерттеушілерге ЖИ саласындағы шешімдерін әзірлеу үшін қол жетімді.

Aitu ұлттық мессенджері 

Өзіміздің коммуникациялық платформаларымызды дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Aitu ұлттық мессенджері мемлекеттік цифрлық платформа мәртебесін алып жатыр. Онда мемлекеттік қызметтер интеграцияланып, киберқауіпсіздік және деректерді қорғау жөніндегі шаралар жүзеге асырылады.

Қазақстан телекоммуникация және байланыс саласындағы жұмысты күшейтуде

Қазақстан байланыс инфрақұрылымын дамытуда елеулі табыстар көрсетіп отыр, мұны халықаралық рейтингтердегі өсімнен көруге болады.

Интернетке қол жетімділік: интернет қолданушыларының деңгейі 93%-ға жетті, бұл дамыған елдермен салыстырылады.Телекоммуникациялық инфрақұрылым индексінде Қазақстан әлемнің 193 елі арасында 41-ші орынға көтерілді.

ТОБЖ дамуы: соңғы 10 жылда талшықты-оптикалық байланыс желілерінің ұзындығы 12 есеге артып, елді мекендердің 71%-ын сымды интернетпен қамтамасыз етіп, қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты қысқартты.

Ұялы байланыс: қамту 98%-ды құрайды, ал «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы барлық елді мекендер мен негізгі автожолдарды 4G, ал ірі қалаларды 5G байланысымен қамтуды көздейді.

Сонымен қатар қаңтар айында Астана–Алматы бағытында спутниктік интернетпен қамтамасыз ету бойынша пилоттық жоба іске қосылды, кейін Астана–Өскемен бағыты қосылды. Барлық Talgo пойыздарын интернетпен қамтамасыз ету жоспарлануда.

blank

Жаңа келісімдер мен жобалар

Министрлік пен «Қазақтелеком» АҚ 3000-нан астам ауылдық елді мекендерді интернетке қосу туралы инвестициялық келісімге қол қойды. ТОБЖ құрылысы 2026 жылдың соңына дейін (жоспарлардан бір жыл бұрын) аяқталады, ал шалғай аудандар 2027 жылға дейін спутниктік байланыс арналарымен қамтамасыз етіледі.

Қостанай облысында да табысты жүзеге асып жатқан жұмыстар баршылық.

«IT-дің классикалық бағыттарына ғана емес, жасанды интеллект сияқты перспективалы салаларға да ерекше назар аударылады. Миннесота Моррис университетімен бірлесіп, екі дипломдық білім беру бағдарламасы іске қосылды. Біздің Qostanai Hub IT-мамандар үшін нағыз тартымдылық орталығына айналды. Бұған қоса, біздің өңір Alem-AI-де жүзеге асырылатын жобалардың тәжірибесін бірінші болып енгізуге дайын. Бұл – Tomorrow School халықаралық жасанды интеллект мектебінің және Тooma шығармашылық технологиялар орталығы. 2024 жылдың қыркүйегінде Qostanai Hub базасында аймақта алғаш рет Samsung Innovation Campus жобасы да іске қосылды. 80 адам Samsung компаниясынан халықаралық үлгідегі сертификаттар алды», — дейді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Мұның сыртында, елді мекендерді цифрландыру шаралары да жемісті. Облыс әкімдігі «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп цифрлық жобаларды іске асыруға белсенді кіріскен. Олардың қатарында ұлттық бейнебақылау жүйесі, дала өрттерін ерте анықтау жүйесі, AI-Mektep, дрондарды пайдалану және әртүрлі салаларда ЖИ шешімдерін қолдану жобалары бар. Тағы бір айта кетерлігі, облыстық Цифрлық штаб құрылады. Оны облыс басшысының өзі басқаратын. Ол жерде цифрлық технология «тіліне» кәсіпкерлерді үйрету, жан-жақты қолдау көрсету көзделеді.

Жақында Қазақстанда SpaceX компаниясының Starlink қызметтері ресми түрде іске қосылды. Технология заманауи цифрлық қызметтерге қол жетімділікті арттыра отырып, тіпті ең шалғай аймақтарда да тұрақты қосылуды қамтамасыз етеді.

«2026 жылға дейін жоспардан бір жыл бұрын интернетке үш мыңнан астам ауыл қосылатын болады. Шалғай аудандарда байланыс 2027 жылдың соңына дейін спутниктік арналармен қамтамасыз етіледі», — деді Жаслан Мәдиев.

Қазақстан цифрландыру саласында мемлекеттік қызметтер мен телекоммуникациялардан бастап жасанды интеллект пен ғарышқа дейінгі позицияны жүйелі түрде нығайтуда. Цифрлық трансформация елдің өсуі мен халықаралық беделінің негізгі драйверлерінің біріне айналуда.