Құсмұрын кентінде жаңа заманауи мектеп есігін айқара ашты

Құсмұрын кентінде жаңа заманауи мектеп есігін айқара ашты

Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы келіп, оқушылармен жүздесіп, мектеп ішін аралап көрді. Ол тіпті бірінші сынып оқушыларымен бірге партаға отырып, білім күнін балалардың ортасында қарсы алды. Мектептің салынуы – ауыл тұрғындары үшін тарихи оқиға, ел болашағына жасалған маңызды қадам, ал бүлдіршіндерге биік арман мен үміттің бастауы.

Құсмұрын кентінде бүгінде 8 мыңға жуық халық тұрады. Бұған дейін оқушыларға арналған екі мектеп жұмыс істеп келсе де, мемлекеттік тілдегі білім ордасы ескі госпиталь ғимаратында орналасып, тар әрі қолайсыз жағдайда еді. Енді міне, заманауи жаңа мектептің бой көтеруі барша тұрғын үшін зор қуаныш.blankblankblankblank

Алты жасар Аяла Бейсенбай – Құсмұрын кентінің кішкентай тұрғыны. Биыл ол алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, ауылында бой көтерген судай жаңа қазақ мектебінде білім алмақ. Заманауи талаптарға сай салынған білім ордасы кең де жарық, әрбір кабинеті соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл мектеп «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтеріп, ауыл балаларына сапалы білім алуға кең мүмкіндік беріп отыр.blankblankblankҚұрылысына 3,5 млрд теңге бөлінген еңселі білім ошағы бір жылдың ішінде бой көтерген. Мұнда балалардың толыққанды білім алуына барлық жағдай жасалған. Оқу кабинеттері заман талабына сай жабдықталған. Әсіресе оқушылардың ғылыми ізденістерін дамытуға жол ашатын жасанды интеллектіні қолдануға, виртуалды тәжірибелер жүргізуге мүмкіндік беретін заманауи интерактивті құрылғылардың орнатылуы ауылдық балалар үшін үлкен жаңалық.

Мектептің ашылуы да ерекше кезеңге тұспа-тұс келді. Биыл еліміз Ата Заңымыз – Конституцияның 30 жылдығын, сондай-ақ қазақтың тұңғыш ғалымы, ұлттың рухани мақтанышы, тарихшы, этнограф әрі ағартушы Шоқан Уәлихановтың 190 жылдық мерейтойын атап өтуде. Жаңа мектептің дәл осындай тарихи сәтте есігін айқара ашуы құсмұрындықтарға айтулы мереке болып отыр.blankblank

Салтанатты жиында облыс әкімі Құмар Іргебайұлы оқушыларды, ата-аналар мен ұстаздарды жаңа оқу жылымен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.blank

            – Бүгінгі таңда облысымызда 10 мыңға жуық бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттап отыр. Сапалы білім беру мен өскелең ұрпақты тәрбиелеу – мемлекетіміздің басты құндылықтарының бірі. Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, өңірімізде жаңа үлгідегі заманауи мектептер бой көтеріп, балаларымыздың жарқын болашағына жол ашылуда. Мәселен, өткен оқу жылында 3 360 орынға арналған бес жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оның төртеуі Қостанай және Арқалық қаласы мен Қостанай ауданында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынды. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда: 4 380 орындық алты мектеп іске қосылады. Соның екеуі «Келешек мектептері» бағдарламасына енген. Оларды «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы салып жатыр. Жаңа әлеуметтік нысандардың ашылуы өңірдегі мектеп тапшылығы мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік беруде. Бүгінгі салынған мектеп облыс бойынша бесінші жайлы мектеп. Оның құрылысына 3,5 миллиард теңге бөлініп, толықтай заманауи талаптарға сай жабдықталды. Ендігі жерде ауыл балалары кең де жарық, ыңғайлы жағдайда білім алып, өз арман-мақсаттарына жол ашады, – деді аймақ басшысы.blank

Мектеп ғимараты әлемдік стандарттарға сай салынған, заманауи технологиялармен жабдықталған. Ол балалардың жайлы ортада сапалы білім алуына кең мүмкіндік береді. Әрбір оқу кабинеті педагогтер мен оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне қолайлы, жасанды интеллектіні қолдана отырып, виртуалды тәжірибелер жасауға мүмкіндік беретін интерактивті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

            – Ұлттық жоба аясында барлығы 208 мектептің құрылысы жоспарланған. Соның 174-і бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде салынды. Ал Қостанай облысына қарастырылған алты мектептің бесеуі қазірдің өзінде қолданысқа беріліп отыр. Қалған бір мектеп Рудный қаласында салынып жатыр, ол да жыл соңына дейін пайдалануға тапсырылады. Жобаның басты ерекшелігі – ауыл мен қала мектептері арасында ешқандай айырмашылықтың болмауы. Балалар қай өңірде білім алса да, тең мүмкіндікке ие болуы тиіс. Сол себепті мектептердің жобасы бірдей үлгіде жасалған: кең оқу кабинеттері, екі үлкен және екі шағын спорт залы, түрлі зертханалар қарастырылған. Техникалық жабдықталуы да өте жоғары деңгейде. Яғни, қаладағы мектепте қандай мүмкіндік болса, ауылдағы білім ордасында да дәл сондай жағдай жасалады, – дейді «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы төрағасының бірінші орынбасары Ғабит Малғаздаров.

blankЖаңа мектепте химия, биотехнология, физика және нанотехнология, информатика мен робототехника кабинеттері жұмыс істейді. Бұған қоса, оқушылардың шығармашылық әрі сыни ойлау қабілетін дамытуға бағытталған STEM-зертхана, тіл үйренуге арналған лингафон кабинеттері дайын тұр. Оқу процесінен бөлек, оқушылардың жан-жақты дамуы үшін заманауи спорт және жиналыс залдары, хореография залы, жайлы асхана, ұстаздар мен оқушыларға арналған коворкинг аймағы қарастырылған.blankblankblankblankblank

Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін де жағдай жасалған: инклюзив бағыттағы сыныптар, сенсорлық дамыту кабинеттері жабдықталған. Ал мектеп кітапханасы мол қоры бар әдебиеттермен толықтырылып, оқу залы барынша ыңғайлы етіп жасалған. Бұл кітапхана – оқушылардың білімге деген құштарлығын арттырып, ізденіс пен шығармашылыққа бастайтын рухани орталыққа айналмақ.blankblankblank

            –Мектеп 300 орынға есептелгенімен, қазіргі таңда 240 оқушы келіп отыр. Бірінші сыныпқа 17 бала келді. Қабылдау әлі де жалғасуда. Жаңа мектептің мүмкіндігін, кеңдігі мен заманауи жабдықтарын көрген ата-аналардың баласын осында әкелетініне сенімдімін. Ұжым да толық жасақталды, кадр тапшылығы жоқ. Биылғы оқу жылында бізге жеті жас маман келіп қосылды. Олар тың идеяларымен, жігер-қайратымен мектеп өміріне жаңа серпін береді деп ойлаймын. Бұрынғы ескі ғимаратта мұндай мүмкіндік болмаған еді, тар әрі қолайсыз болатын. Ал қазір жағдай мүлде бөлек, кең де жарық сыныптар, озық технологиялармен жабдықталған кабинеттер, балаларға жан-жақты даму үшін барлық жағдай жасалған. Ұстаздар қауымы үшін де, ата-аналар мен оқушылар үшін де үлкен қуаныш, – дейді мектеп директоры Анар Нұрқанова.

blankМектепте барлығы 24 оқу кабинеті бар. Физика, химия, биология пәндеріне арналған кабинеттер биотехнология және нанотехнология бағытындағы оқу-зертханаларымен ерекшеленеді. Сондай-ақ робототехника мен компьютерлік сыныптар, STEM-зертхана балалардың ғылыми ізденістерін тереңдетуге мүмкіндік береді.blank

Білім ордасында тек ғылым ғана емес, тұрмыстық дағдыларды меңгеруге де жағдай жасалған. Заманауи станоктармен жабдықталған «Үй мәдениеті» мен тігін құралдары бар «Дизайн және технология» шеберханалары, сондай-ақ аспаздық кабинеті оқушыларға өмірде қажет қолөнер мен кәсіптік машықтарды игеруге жол ашады.blankblankblankblankblankblank

Спортқа қызығушылар үшін де мүмкіндік мол. Спорт залы барлық қажетті құралдармен жабдықталған, ал хореография залында кішкентай бүлдіршіндер дайындықты бастап кетіпті. Оқушылардың жан-жақты дамуына арналған акт залы, көркемөнер кабинеті, педагогтердің шығармашылық жұмысына қолайлы коворкинг аймақтары бар.blankblankblankblankblankblank

Мектептің мақтанышының бірі – заманауи кітапхана. Мұнда оқу залы бар, бай кітап қоры мен цифрлық ресурстар балалардың білімін тереңдетіп қана қоймай, ізденіс пен шығармашылыққа жетелейді. Сырттан келген қонақтарды қарсы алған оқушылар кітапхананың бай мұрасымен таныстыра келе Абай Құнанбаевтің өлеңдерін оқып берді.       blankblank

Мектепке баласын жетектеп келген ауыл тұрғыны Балғын Ермағамбетованың қуанышында шек жоқ.

            – Бүгінгі күн біз үшін тарихи сәтпен тең. Жаңа мектебіміздің есігін ашып, ішін аралап көргенде қуанышымызды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бұрынғы мектеп ескі әскери госпитальдің ғимаратында орналасқан еді, тар әрі қолайсыз болатын. Ал қазір балаларымыз кең, жарық, заманауи құралдармен жабдықталған сыныптарда білім алады. Осындай озық мүмкіндіктердің арқасында қызым өз арманына жетіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізетініне сенімім мол. Жаңа мектеп – тек білім ордасы ғана емес, ауылымыздың болашағына жол ашатын үлкен қадам, – деп қуанышымен бөлісті Балғын Ермағамбетова.

blankblankblankblankОблыс әкімі Құмар Ақсақалов жаңа мектептің ашылу салтанатында ауыл тұрғындарымен жүздесіп, елді мекеннің тыныс-тіршілігін жандандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.blank

            – Құсмұрын – тарихы терең, болашағы зор елді мекен. Соңғы жылдары мұнда бірқатар маңызды мәселелер шешімін тауып келеді. Ең алдымен ауыз су мәселесі түбегейлі реттелді. Ауылға кіретін жол жөнделіп, аяқталуға жақын қалды. Интернет желісі тартылып, тұрғындар үшін қолжетімді болды. Енді алдағы мақсат – осы жерде ірі зауыт ашу. Бұл ауылдың экономикалық әлеуетін көтеріп қана қоймай, қосымша жұмыс орындарын ашып, халықтың тұрмысын жақсартуға септігін тигізеді, – деді аймақ басшысы.

Атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы ауылдың инфрақұрылымын жақсартып қана қоймай, жастардың туған жерінде қалып, еңбек етуіне жағдай жасауды көздейді.blankblank

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев