Қала күніне арналған мерекелік бағдарламалар «Жарқыра, Рудный!» ұранымен өтіп, қала тұрғындарына есте қаларлық күн сыйлауда.
«Достық» паркінде өткен «Family-Fest» отбасылық фестивалі түрлі шеберлік сабақтары, ұлттық ойындар, квесттер мен жәрмеңкелермен ерекшеленді.
Космонавтар даңғылындағы «ArtQala» мәдени жобасы шығармашылық көрмелер мен поэзиялық бұрыш арқылы өнер сүйер қауымды тәнті етті.
Орталық алаңда әйгілі қазақстандық спортшы, әлемдік рекорд иегері Сергей Цырульников өз өнерін паш етуде.
«Dance You Style» би шоуында қаланың үздік жастар ұжымдары хип-хоп, фристайл бағыттарында таң қалдыруға жақын.
Мерекеде қала басшысы Рудныйдың даму жолына да тоқталды:
«Соңғы екі жылда Рудныйда 700-ден астам пәтер салынды, жаңа мектептер мен тұрғын үйлер бой көтерді, скверлер мен алаңдар абаттандырылды. Жақында қалада 900 және 1200 орындық екі жаңа мектеп ашылады. Бұл – білімге салынған инвестиция. Біз болашақ үшін еңбек етудеміз. Қала тек өндіріс емес, адамдарымен де мықты. Ұстаздар, дәрігерлер, спортшылар – әрқайсысы қаламыздың дамуына үлес қосып отыр. Бүгінгі мерекеде баршаңызды құттықтап, игі тілектерімді білдіремін. Рудный — бұл біздің ортақ үйіміз, болашағымыз!», – деп атап өтті қала әкімі Виктор Ионенко.
Кеш қарайған шақта мерекелік концерт басталып, сахна төрінде Рудныйдың шығармашылық ұжымдарымен бірге Мархаба Саби мен Raim секілді танымал эстрада жұлдыздары шығады.Кештің шарықтау шегі — «Laser Pulse: Рудный 2025» лазерлік шоуы мен DJ Sasha Dith-тің музыкалық сеті көрермендерге шынайы әсер қалдырады. Кеш соңында аспанды жарқыратқан отшашу қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйламақ.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суретке түсірген Айдана Марат
